Ардагерлерді ардақтады

15.05.2018
Қаралды: 42

Ұлы Жеңіс мерекесінің 73 жылдығы қарсаңында Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов соғыс ардагерлері Сейдахан Дәуренбековтің, Несіпбай Нахыповтың, Тұрғанбай Сәбитовтің және  Хадиша Бекқұлиева әженің шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтады.

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында Отырар ауданынан майданға 4 мыңнан аса азамат аттанған екен. Бүгінде солардың үшеуінің көзі тірі, ортамызда жүр. Сондай-ақ ауданымызда 427 тыл еңбеккері бар.

 

Бүгінде 96 жастағы Несіп­бай Нахыпов қария соғыс жылдарын еске алды. «Майданда бірге болған, рухының асқақтығын көрсеткен қарулас достардың әрқайсысының бейнесі көз алдымда. Ақ қар, көк мұзда, ми қайнатқан аптап күндерде де шайқастық. Талай достар туған жерге жете алмай көз жұмды. Біз көрген соғысты ұрпағымыз көрмесін. Еліміздің бейбіт өмірі мәңгілік болсын! Боздақтардың ерлі­гімен келген бақытты өмірдің қадірін ұғынып, аманатына адал болыңдар», – деді ол кісі.

 

Аудан әкімі ардагерлерге облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың да ізгі тілегін жеткізіп, сый-сияпатын табыс етті. Олардың иығына зерлі шапан, Хадиша әженің басына ақ орамал жапты. Майданда жаумен шайқас­қан, тылда да тынбай еңбек еткен абзал жандардың перзенттерімен бірге бақытты өмір сүрулеріне тілек­тестігін білдірді.

 

Отырар ауданында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні мерекелеріне орай ауыл шаруашылығы мен жергілікті тауар өндірушілері өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда кәсіп­керлер мен диқандар халықтың күнделікті тұрмысына қажетті азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімде­рін нарықтағы бағадан 10 – 15 пайызға төмен бағада ұсынды. Ауданда қос мерекеге қатысты бұдан басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

 

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ