Әбжапар Жылқышиев нар тұлғалы азамат еді

17.05.2018
Қаралды: 253

Кешегі аптада елімізде Ұлы Жеңістің 73 жылдығы аталып өтті. Осы күндері Ұлы Отан соғысында от кешкен, ел қорғаған азаматтар еске алынды. Қаһарлы жылдарда Отан қорғаған, соғыстан кейінгі кезеңдерде ел басқарған сондай азаматтардың бірі – Әбжапар Жылқышиевтің туғанына биыл 100 жыл толғалы отыр. Осы айтулы дата қарсаңында біз Ә.Жылқышиевпен сырлас, сыйлас болған, оны туған ағасындай қастерлейтін жазушы Еркінбек Тұрысовпен сұхбаттасқан едік.

 

– Еркінбек аға, кезінде об­лы­сымызда лауазымды қыз­меттер атқарған, қаламды да серік етіп, әдебиетте өзіндік ізін қалдырған Әбжапар Жылқышиевпен аға-інідей араласқан, оны өте жақсы біле­тін жан ретінде өзіңізден сұх­бат алсақ деп едік.

 

– Әбекеңдей азаматты еске алып, ол туралы жазуға ниеттенген екенсіңдер, оны қуана құптаймын. Расында да Әбекең маған туған ағамдай жақын болған жан еді. Ол кісі менің  ағам Сауқымбекпен түйдей құрдас болатын. Сауқымбек Шымкент педагогика техникумын тәмамдаған соң мұғалімдер институтында жүргенде, 1939-жылы әскерге алынған. Ол Сталинград шайқасынан бастап, Венгрияға дейін жеткен, сонда қаза болған.

 

Әбекеңнің бірде Сауқым­бектің  портретіне қарап оты­рып: «Екеуміз түйдей құрдас екенбіз. Келісті жігіт болған екен-ау! Шіркін-ай, майданнан аман оралғанында қазір бәріміз бірге жүрер ме едік... Жарайды, жанымда өзің барсың ғой», – деп айтқаны бар. Ол мені туған інісіндей көрді.

 

– Сіздің ол кісімен таныс­тығыңыз қай кездері бастал­ған еді?

 

– Мен облыстық ішкі істер басқармасында әскер есебінен қызметте болғанмын, кейін «Оң­түстік Қазақстан» газетінің әде­биет бөлімінде еңбек еттім.  Әбе­кең ол кезде – Георгиев (қазіргі – Төлеби) аудандық атқару комитетінің төрағасы болатын. Жиындарға көп барамыз, содан ол кісіні сырттай білетінмін.

 

Кейін менің қызметім өзім туып-өскен Шаян ауданына ауысты. Есімде, 1965-жылдың 5-қаңтары, қақаған қыстың күні еді, ауданға ұйымдастыру коми­тетінің адамдары келді, бәріміз бұрынғы аудандық партия коми­тетінің ғимаратына жиналдық. Сонда аудандық партия коми­тетінің хатшысы бұрын да осында қызмет істеген Ысмайылов екен де, аудандық атқару комитетінің төраға­сы болып Әбекең тағайындалыпты, үшінші басшы – Жан­сейітов. Содан аудан активін таныстырып жатқанда Әбеке­ңе: «Еркінбек Тұрысов – осы ел­дің азаматы, Мұхтар Әуезов­тің шәкірті...» – дей бергенде ол кісі: «Мен Еркін­бекті сырт­тай білемін, жаз­ған­дарын оқып жүрмін. Еркінбек­пен әңгімеміз алда әлі көп болады», – деді.

 

Мен кейін аудандық «Ал­ғабас» газетіне редактор болып тағайындалдым. Қысқасы, Әбекеңмен қазіргі Бәйдібек ауданында он жыл қоян-қолтық дегендей араластық. Ол кісі қызмет бабымен бұған дейін де облысымыздың бірқатар аудандарында жауапты қызметтер атқарған болатын, кейін облыс орталығына ауысты. Қайда жүрсе де көзден кетке­німен көңілден ұзаған жоқ, сә­тін салған жерде бас қоса қалатынбыз.

 

Жалпы алғанда, біз сонау 1965-жылдан Әбекең бақилық болған 1995-жылға дейін – бас-аяғы 30 жыл бойы жақын жолдас болыппыз. Ол кісі жанымда болған кездерде мен өзімді ағам Сауқымбекпен, қазақтың майданнан қайтпай қалған арыстарымен бірге жүргендей сезінетінмін.

 

– Сіздердің өмірлеріңізде көп ұқсастықтар бар деп еститінбіз...

 

– Әбекең қазіргі Жамбыл об­лы­сының Т.Рысқұлов ауданында, Сұлутөр деп аталатын әдемі жерде дүниеге келген ғой. Өзі туып-өскен, кеңестік кезеңде «Қызылту» деп аталған ауылға кейін ол кісінің есі­мі берілді. Қазір ол Әбжапар Жылқышиев ауылы деп аталады.

 

Әбекеңнің әкесі Жылқышы шаруаға бейім, қақпан, тұзақ құрып, аң-құс аулайтын аңшы, саятшы, сері кісі болған екен. Ана­сы да жақсы адам еді. Бір қызығы, Әбекеңнің өзі менің ағаммен түйдей құрдас болса, әкесі – әкеммен, анасы біздің анамызбен жасты. Әбе­кең­нің үйіндегі жеңгеміздің есімі – Шырынкүл, менің жарымның да аты – Шырынкүл. Өзі­мен рулас болғасын менің әйе­лімді ол кісі қарындасым дейтін.

 

– Жалпы, кеңестік кезең – Компартия басқарған, тәр­тіптің қатал кезі ғой. Бас­шы азамат Әбжапар Жылқы­шиевтің де мінезі қатал бол­ған шығар?

 

– Рас, ол бір қатал кездер еді. Әсіресе қыста мал шығыны көп болады. Бірақ табиғаттың дүлей күшін сылтау ете алмайсың. Кемшілік кетті ме, мәселе қатаң қаралады.

 

Ол кездері аптасына кемін­де екі мәрте аудан активі жи­налады, жіберілген кемшілік­тер бойынша бюро болады. Аудандық газет редакторы ре­тінде мен де бюро мүшеле­рінің бірімін. Сонда шаруашылық директоры, ферма, мекеме басшылары баяндама жасайды, шаруашылығында кем­шілік орын алған адамдардың мәселесі қаралып жатады. Алдымен аудандық партия коми­тетінің хатшысы бәрін айтып шығады, сосын кезегі келгенде: «Ал, Әбеке, сіз айтыңыз», – деп Жылқышиевке сөз береді. Әбекең өзі ірі денелі, кеуделі адам, орнынан асықпай көте­ріледі де, тамағын кенеп алады, сосын кінәлі адамға қарап: «Әй, саған не болған?! Жағдайыңның бәрі жасалды емес пе? Үй-жайың, қора-қопсың бәрі дайын. Айлық жалақың беріліп жатыр, балаларың көз алдыңда. Малдың жем-шөбі де жеткізілген. Не жетпейді, ә?! Айтшы», – деп арқырай бір шүйлігіп алады. Біраздан соң аудандық пар­тия комитетінің хатшысына қарап: «Қалай етеміз енді? Қатаң жауапкер­шілікке тартуға да болар еді. Бірақ ахуалды түзеуге мүмкіндігі, жағдайы бар. Сондықтан ескерту беріп қоя­мыз-ау», – дейді. Одан кейін тағы да екі-үш адам сөйлейді, сонымен мәселе шешіледі.

 

Көп жағдайда Әбекең осылай деуші еді. Бір қызық мі­незі – бюро аяқталғасын тал­қыға түскен әлгі адамды тауып  алады да: «Әй, сен бері кел! Сен өзі маған өкпелеп қалған жоқсың ба? Жаман екен деп ойлап қалған жоқсың ба? Көңіліңе алма, мен саған жамандық ойламаймын. Менде ондай пиғыл жоқ. Жұмысыңды жақсы істе­сейші», – дейді. Анау адам да: «Ой, о не дегеніңіз? Түсі­не­мін ғой», – деп қалбалақтап қалады.

 

Әбекең адамның көңілін қаяу шалғанын қаламайтын жақ­сы азамат еді ғой. Жаңағын­дай жиналыстардан кейін маған: «Біреуге қатты сөйлеп қойсам, ол мен туралы не ойлады екен деп түнімен ұйықтай ал­маймын», – деп сырын айтатын.

 

Ол кісінің басты ерекшелігі – ай­тарын іште бүгіп қалмайтын, қалай болғанда да тіке айтып салады. Бірақ қайтымы тез, артынша ойланып қа­лады, көңілде зіл қалмасын дей­тін шығар, жуып-шайып жатады.

 

Ал былайша ол негізінен көңілді жүретін адам еді, анек­дот­ты көп айтатын. Бас қосқан жерлерде реті келгенде:

 

«Біздің ауыл Сұлутөрдің нақ басында,

Күміс жүген сылдырар ат басында.

Шыныменен көңілің менде болса,

Жағалтайдай жалтақтап жат қасымда», – деп біздің жақта өлең айтушы еді», –  деп қоятын.

 

Әбекең нар тұлғалы, ақкөңіл, қамқор адам еді. Өзінің бұрын өлең жазатын өнері болыпты. Ал негізінен әңгімені әсерлі айтатын. Ол әсіресе табиғат­қа ерекше құштар еді, мүмкіндік тие қалса тау ішіне шығуды ұнататын. Мені қасымда жүрші деп ертіп алатын. Аңға да бірге шығып тұратынбыз.

 

– Әбжапар Жылқышиевтің прозаға қалам тартып, әңгіме, повесть, роман жазғаны да белгілі. Жалпы, ол кісі әдебиетке қалай келген еді?

 

– Маған өзімнің ағамдай көріп, сыйлап-құрметтеген жанның тырнақалды туындылары­на алғашқы болып баға бе­ру бақы­ты бұйырыпты. Бұл, жаңылма­сам, 1969-жылдың көктемі бо­лар деймін. Өйткені осының алдында, желтоқсан айында ол кісінің 50 жасқа толған мерейтойы өткен. Бір күні мені жұмыстан соң оңаша шақырып алды да: «Еркінбек, осы әңгімелерді көп айтамыз, айт­қан айтқан жерде желге ұшып, ұмыт қалып жатады. Солардың біразын шатпақтап, қағазға түсірген едім. Көріп бересің бе?» – деді. «Ой, аға, әкеліңіз!» – деп елп ете қалдым. Ол кісі ұқыптап машинкаға басыл­ған қағаздарды қолыма ұстатты. Екі әңгіме жазыпты, әрқайсысы 12 беттен екен. «Жақсылап қара. Түзету керек болса, көңіліме қарама, аяма», – деп қояды.

 

Содан ағаның жазғандарын үйге әкеліп, қарап шықтым. Біреуі «Қасқырдың шабуы» деп аталады, екіншісі «Қанды қақ­пан» ба, сондай бір тақырыпта. Екеуі де қарапайым тілмен жазылған әңгімелер екен. Көр­кем­дігі аздау, бірақ әсерлі, же­ңіл оқылады. Біраз тұстарын реттеп, сөйлемдерді ыңға­йына қарай келтіріп боламын дегенше қағаздардың беті қы­зыл сиямен шиыр-шиыр болды. Негізінен әңгімелері маған ұнады. Сосын аяқ жағына: «Өте қарапайым жазыл­ған. Жақсы оқылады. Нағыз әдеби шығарма» деп жазып қойдым. Соны ертеңіне апарып көрсеткенімде Әбжапар аға өзінің жазғандарының үсті «қызарып» кеткенін көріп: «Ой-бо-ой, шатпағы шығып кетіпті ғой!» – деп қалды. «Қорықпаңыз, – дедім ағаны сабасына түсіріп. – Кейбір жерлерін түзегенім болмаса, әңгімелеріңіз өте жақсы жазылған. Аса тартымды», – деп өз бағамды білдірдім. «А?..» – деп қалды ол кісі. Сосын: «Тым кешігіп қалған жоқпын ба?» – деді маған сұраулы жүзбен қарап. «Дәл кемеліңізге келген шағыңызда бастадыңыз, аға, – дедім шынымды айтып. – Сіздің көргеніңіз көп. Голощекиннің заманын, соғысты бастан өткер­діңіз, бізден он жыл бұрынғы оқиғаларды білесіз. Әдебиет сол көрген-білгеннен шығады емес пе? Көрмесе, білмесе ол қайдан шығады?»

 

Осыны айтқанымда Әбекең: «Ә, солай ма? Кеттім онда!» – де­ді қуанып. Содан ол кісі жазуды бастады. Алғашқы шы­ғар­малары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланды. Редактордың, журналистердің өзі таң­қалып: «Мынаны шынымен Әбе­кең жазды ма? Мынау тө­се­ліп қалған қаламгердің ісі ғой! Қолдау көрсетейік, шығар­маларын суретімен қоса жария­лайық!» – деп сүйсініп жатты.

 

Содан Әбекеңнің туындылары баспасөз бетінде жарқ етіп шыға келді. Осылайша оның жазушылық өмірі басталып кетті. Әңгімелері бірінен кейін бірі туындап, өмірге «Айтолқын», «Сұлутөр» және бас­қа да да әңгімелер жинағы мен повестері келе бастады. Туындылары «Жалын» баспасынан да шықты. Кейін ол кісі «Дауылдан кейінгі жорық» деген роман жазды. Әбекеңнің шығармалар жинағы ақырында бес-алты томға жетті.

 

Негізі ол кісі асығып жазды ғой. Онда әдебиетке кеш келдім, берерімді беріп кетейін деген ой болды. Оның үстіне кейінгі кезде денсаулығы сыр бере бастаған болатын.

 

– Бүгінде Әбжапар Жыл­қы­шиевтің балаларымен де жақын араласып тұратын шы­ғар­сыз? Жалпы, ол кісінің ша­ңы­рағында қанша бала өс­кен еді? Әкесіне тән мінез­дерді қайсысының бойынан көбірек аңғарасыз?

 

– Әбекең әскерде капитан шеніне дейін көтерілген, батальон комиссары болған ғой. Соғыстан кейін Харьков облысындағы Изюм қаласында қызмет еткен. Ол кісі әскерге кетерден бұрын үйленген екен. Тұңғышы Гауһар ол әскерде жүргенде өмірге келген. Кейін Шырынкүл жеңгеміз Әбекеңнің артынан Украинаға барып, олар сол жақта екі жылдай тұрған.

 

Жалпы, олардың отбасында сегіз бала өмірге келген. Бі­реуі кішкентай кезінде шеті­неп кетті. Басқалары отбасын құрып, өсіп-өнді. Тұңғышта­ры Гауһар бертінде, жастай дүние салды.

 

Жалпы, біздің балалар кіш­кен­тайынан бірге өскен. Ал Әбе­кеңнің балаларының ішінде бізбен жиірек араласқаны – Нұрлан мен Болат. Нұрлан үлкен қызметтер атқарды, кейін «Қапланбек» шаруашылығын бас­қарды, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Болат Тараз, Кентау, Шымкент қалаларының, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды, Сенатқа депутат болды. Әбекеңе мен негізінен Болатты көбірек ұқсатамын. Негізінде, Болаттың мінезі тұйықтау, ол көбіне істің адамы.

 

Жалпы, екі жақсыдан туған балалардың қай-қайсысы да осал болған жоқ. Біз Әбе­кең­нің балаларымен қазір де хал-жай білісіп тұрамыз.

 

Мен Әбекең мен оның отбасы туралы «Жұлдызды түндер», «Сұлутөрдің сырбаз қызы», «Жансерік» және басқа да бірнеше әңгіме, естеліктер жазғанмын. Олар кезінде облыстық газетте, «Қазақ әдебие­тінде» жарық көрді, кітаптарға енді. Әбекең оқып, алғысын білдіретін. Ол кісі өмірден өткесін де бірқатар естеліктер жаздым. Жалпы, туған бауырымдай болған Әбекеңді мен әрқашан да сағынышпен еске аламын.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

Еркінбек Тұрысовтың байланыс

телефоны: 8-701-212-42-74.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ