Ораза кезінде ағзада қандай өзгерістер орын алады?

18.05.2018
Қаралды: 1154

Санаулы күндерден кейін мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталады. Біз ниет етіп, отыз күн оразада ауыз бекітуге бекінген барша оқырманға тілектестігімізді білдіреміз. Мейірім мен қайырымдылыққа жетелейтін, сабыр мен сауап молынан жазылатын мың айдан да қайырлы осы отыз күнде ішіп-жемнен тиылатын ағайынға ауыз бекіту мен ашу кестесін ұсынамыз. Сонымен қатар ораза кезінде ағзада қандай өзгерістер орын алатынын да айта кетуді жөн көрдік.

 

Тазаланудың бірінші кезеңі

 

Оразаның бірінші күнінен бас­тап қан құрамындағы қант мөлшері төмендей бастайды. Жүрек соғысы бәсеңдеп, қан қысымы төмендейді. 

 

Бұлшық еттен гликоген шығып, әлсіздік пайда болады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Себебі тазаланудың алғашқы күндері қиын болып келеді.  Ол шамамен 2-3 күнге созылады.

 

Бас ауыруы, жүрек айнуы, ауыздан жаман иіс шығу, тіл ісінуі – тазаланудың бірінші кезеңінің белгілері. Осы кезеңде аштық қатты сезілуі мүмкін.

 

Тазаланудың екінші кезеңі

 

Ауыз бекітудің 3–7 күндері аралығында ағзадағы май қышқылы құрамындағы майлар ыдырайды. (Ондағы глицеридтер молекуласындағы глицерин глюкозаға айналады). Бет майлануы мүмкін. Себебі ағзада ашыған майдан арылу процесі жүріп жатады.

 

Ағза оразаға үйрене бастайды, ас қорыту жүйесі демалып, барлық күш тазалануға және емделуге жұмсалады.

 

Қанның ақ түйіршіктері мен иммунитет жүйесінің белсенділігі артады. Өкпе тұсыңыз ауырсынуы мүмкін. Тазалану органдары, өкпе жолдары ретке келіп, жаңалану процесі үстінде болады.

 

Тынысыңыздың әлі де жағымсыз иісі бар, тіліңіз де ағарып тұрады. Тоқ ішекте де өзгерістер болып, ішек қабырғаларына жабысқан нәжіс ажыратыла бастайды.

 

Тазаланудың үшінші кезеңі

 

Ауыз бекітудің 8-ші күнінен бастап өзіңізді сергек сезіне бастайсыз. Қуатыңыз тасып жүресіз. Алайда ескі немесе жазылмай жүрген жара, тыртық болса, ол жер біраз ауырсынуы мүмкін. Бұл ағзаның өзін-өзі емдеуге көшкенін көрсетеді. Бұған дейін сіз салауатты өмір салтын ұстанбаған болсаңыз, онда ағзаның өзін емдеу, қалпына келтіру қасиеттері қыл үстінде болатын. Ал ораза барысында ағза өзін-өзі емдеу қасиетін іске қосып, белсенді етеді.

 

Ағзаның бойындағы өлі не жарақат­тан­ған жеріне лимфоциттер шырышты заттарды жеткізіп, ол ақаулы жасушаларды жоюға кіріседі. Осы шырышты заттар  сол жердегі жүйке талшықтарына әсер етеді. Содан бұрын болған ақау орны аздап  ауырсынуы мүмкін. Ағза өзін-өзі емдеп болуының көрсеткіші де осы ауырсыну болмақ. Бұлшық еттер қатайып, ток­синдердің әсерінен ауырсыну асқындайды.

 

Токсиндер аяқта жиналатын болған соң, аяқтарыңызда ауырсыну сезінесіз. Ауыз қуысында шағын жаралар пайда болуы мүмкін, ол бактериялардың көбеюі салдарынан болады. Күнде­лікті ауызды тұзды сумен шайып тұрсаңыз, жаралар тез жазылады.

 

Тазаланудың төртінші  кезеңі

 

Ол 16-шы күннен оразаның соңғы күніне дейін жалғасады. Бұл кезде ағза ашығуға әбден үйренген. Қуатыңыз көп, ой-санаңыз тұнық.  Тазалану кезеңдері қысқарып, тіліңіз де қызғылттанып, тынысыңыз таза болатын күндер кездеседі.

 

Ішкі ағза мүшелері өзін-өзі емдеуді аяқтайды. Ағза өзін әр түрлі ауру қоздырғыштарынан тазалағаннан соң, органдар екі есе тез жұмыс жасап, ақауы бар жойылған жасушалар орнын толықтырады. 

 

Ауыз бекітудің 20-шы күнінен соң санаңыз тұнық, жүйкеңіз тыныш, қуатыңыз көп, бойыңызда тепе-теңдік сезіледі. Есте сақтау қабілетіңіз артады. 

 

«Іhsan.kz».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ