Төрт ұлы да соғыстан оралмаған ана

16.05.2018
Қаралды: 175

Төлеби ауданының Зертас ауылында тұратын Құттыбек Аташев қарияның (суретте) есімі «Замананың» оқырмандарына бұрыннан таныс. Өйткені ол кісі – қоғамда болып жатқан өзгерістерге жіті қарайтын жан, газетіміздің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманы, «Заманада» кей мәселелерге қатысты білдірген пікірлері, өзі жазған мақалалары да жарық көріп тұрады. Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен әкесі Атамұрат пен оның үш інісіне іздеу салған мақалаларын да кезінде газетімізде жариялағанбыз. Өкінішке орай, сол боздақтарды соғыста көрдім-білдім деген адам болмады. Бұл – бүгінде 75 жастағы Құттыбек атаның өзегін өртейтін жай. Кешегі аптада редакциямызға хабарласқан ақсақал тағы да осы жөнінде сөз етті.

 

«Менің үлкен арманым әкем мен ағаларымның бір дерегін білу еді, – дейді Құттыбек қария. – Сүйегі қайда жат­қанын білсем, мүмкіндік болса, зираттарына туған жердің топырағын апарып салармын деуші едім. Енді ол арманым орындалмай ма деп күдер үзуге де айналдым.

 

Кейде Алтынбек Қоразбаевтың «Қаракемпір» әнін ести қалсам, жан-жүрегім езіліп кеткендей болады, оны жылап отырып тыңдаймын. Ол әнде қос ұлы майданнан оралмаған кейуананың ауыр тағдыры туралы айтылады ғой. Неткен қасірет десеңізші! Сол сияқты менің әжем Хансұлудың да төрт ұлы бірдей майданнан оралмаған, хабарсыз кеткен.

 

Негізі менің әкем Ата­мұраттың майданда қаза бол­ғанын онымен соғыста бірге болған Алдияр деген көкеміз үйіне жазған хатында айтқан екен. «Аташты өз қолыммен жерледім» деп жазыпты.

 

Ал анам әкемнің қазасы туралы Алдиярдың әйелі Ілия­күлден естігенімен оны әжеме батып айта алмапты. Төрт ұлынан бірдей хабар күтіп жүрген апамның жағдайы қа­лай болады, құсадан бірдеңеге ұрынып кете ме деп қорыққан екен.

 

Кейін, арада бірер жыл өткенде анам мені алып, төркініне барып қайтпақ болыпты. Доңызтау деген өзен бар, бұрын ағысы қатты болатын, сол өзеннен жаяу кешіп өтпек болғанда суға кете жаздапты. Су ағызып бара жатқанда жанталасып бір ірі тасқа жабысып алған ғой. Сонда арқасындағы 2 жастағы мен де анамның мойнынан тас қып құшақтап алған екенмін. Бізді алысырақта атпен кетіп бара жатқан бір адам көріп қалып, құтқарып алыпты. Анам: «Мойныма жа­бысып қалғаның сонша, үлкен кісінің өзі алақаныңды күштеп әрең жазған еді», – деп айтып отыратын».

 

Құттыбек қарияның анасы ол кезде жас, өзі тұрмысқа 15 жасында шыққан екен. Уақыт өте келе күйеуінің соғыста қаза тапқаны белгілі болып, жас әйелге сөз салушылар бой көрсете бастайды. Амалы қалмаған анасы ақырында енесіне ұлының бұл өмірде жоғын, енді өзіне сөз салып жүргендер пайда болғанын айтып жылапты. Екі мұңлық құшақтасып ұзақ жылайды.

 

«Әжем сонда: «Мұны маған неге бұрынырақ айтпағансың? Төрт баланың күйігіне енді сенің күйігің қосыла ма? Енді бұл жерден кетуің керек», – деп жылапты. «Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Басың жас, енді жөніңді табуыңа қарсы болмаймын», – деп рұқсатын беріпті. Сонда анам: «Апатай-ай, қайтейін енді... Жоқ, мен бұл жерден, елден кетпеймін. Баламды жал­ғыз қалдыра алмаймын. Тиер болсам, осындағы ағайындардың біріне тиемін, ұлыма артынан еріп, сүйеніш болатын бауырлар туып беремін», – депті.

 

Содан менің анам ағайындарымыздың біріне тұрмысқа шыққан, одан артымнан ерген бауырларым бар», – дейді Құттыбек қария.

 

Ол кісі кейін мектеп-интернатта оқыпты. Бірде ауылына келгенде анасының қатты науқастанып жатқанын естіп, олардың Ленгірдегі үйіне дейін тоқтамай жүгіріп барыпты. Сонда анасы расында да хал үстінде жатыр екен.

 

«Құдайдың құдіреті-ай, мені күткені ғой, жанына барып, жағдайын сұрағанымда: «Келдің бе, құлыным?.. Бауырларыңа бас-көз болғайсың», – деді де, бақи дүниеге аттанып кете барды», – дейді Құттыбек қария сол ауыр сәтті қинала еске алып.

 

Әкесінің бет-жүзін де көр­мей, ата-анадан жастай қалып, шерлі болып өскен ол кісі кейін оқу бітіріп, әскерде бол­ған, бертінде жауапты қызметтерде істеген. Қайда жүрсе де, не істесе де адал болуға, кісінің наласына қалмауға, шамасы келсе жәрдемін беруге тырысып өсіпті. Отбасын құрып, бала-шағалы бол­ған, бүгінде әйелі Сара апа екеуі немерелеріне жақсы ата-әже болып отыр.

 

Дегенмен атаны мазалаған ойлар жыл өткен сайын салмақтанып бара жатқан сыңайлы. Ол кісі әсіресе «Жаңа күш» деп аталатын шағын ауылдағы әкесі мен оның бауырлары өскен үйдің орнын көрген сайын жүрегі ауыратынын айтады.

 

«Осы жерде әжем азамат болған ұлдарына қызыға қарап, олардың ертеңінен үміт күтті ғой. Әрқайсысы бір-бір үй бо­лып өсіп-өнеді, үлкен әулетке айналады деп армандаған да бо­лар. Сол арманының бәрін сұм соғыс күл-талқан етті. Әкем­­нің соңында мен ғана қалдым, ал інілері әскерге үйленбей кеткен екен, соңында ұрпақ қалмады.

 

Қайран әжем менің келе­шегімді, жастай жесір қалған келінінің жағдайын ойлап, үнін естуге зар болып қалған пер­зент­терін аңсап-сағынумен, құ­са­лықпен өтті өмірден. Жас кезде оның бірін біліп, бірін білмедік.

 

Бүгінде жұрт соғыс дегеннің қандай сұмдық екенін ойламайды да. Қан майданды көрген ардагерлердің өзі сау­сақпен санарлық болып қалды, олардың ізін ала өскен ұрпақтың да қатары селдіреген. Сол жылдардағы сәби біздің өзіміз де, міне, қария болдық. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, өмір бір орнында тұрмайды, көп нәрсе ұмытылады. Ал мен адамдардың тағдырына, жүрегіне соғыстың қандай жаралар салғанын еш­кім де ұмытпаса екен деймін.

 

Мен әжем Хансұлудың, әкем мен оның інілерінің өскен ауылындағы үйдің орнына соғысқа кетіп, оралмаған азаматтар мен ұлдарын күтіп сағыныштан сарғайған ананың ескерткіші салынса екен деймін. Ондай мәңгілік ескерткішті өзім-ақ тұрғызар едім, әттең, қол қысқа, құр зейнетақыммен нені оңдырамын?

 

Осы айтқандарымның «Заманада» жазылғанын қалаймын. Сендердің газеттеріңді көпшілік адам оқиды. Өз басым іздеп барып, Ленгірден аламын. Өйткені ауылда почташы жоқ, жазылсақ, газетті ешкім де жеткізіп бермейді.

 

Газеттеріңде осы жайлы жаз­саңдар оны басшылар, қалталы азаматтар оқиды ғой, сосын ойланар. Менің арманым құр қиял болып қалмай, іске де асар. Мен солай болғанын қалаймын».

 

Құттыбек қария осылай дей­ді. Біз ол кісінің толғаныстарын оқырман назарына қаз-қалпында жеткізуге тырыстық.

 

Иә, Құттыбек қария айт­қандай, қан майданнан қайтпай қалған аға­йынды азаматтар мен олардың анасына өздерінің өскен ауылында (немесе үлкен қалада болса да) ескерткіш орнатылса, бұл арманда кеткен жандардың әруа­ғы алдында жасалған сауапты бір іс болар еді. Ол сон­­­дай-ақ жұртқа соғыс деген алапаттың қандай қайғы-қасірет әкелетінін  ескертіп, адам үшін ең басты құндылық адам өмірі екенін әрқашанда сезіндіріп тұрар еді. Құттыбек қария­ның айтпақ ойы да осы ғой.

 

Р. ҚЫДЫР.

Құттыбек қарияның байланыс

телефоны: 8-775-251-37-00.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ