Мысыр елі қазақтарды қатты құрметтейді екен

15.05.2018
Қаралды: 399

Таяуда еліміздің бірқатар имамдары Мысырдағы (Египет) әйгілі діни оқу орны – «Әл-Азһар» университетінде болып қайтты. Онда олар дін саласы бойынша біліктіліктерін арттырды. Біз имамдарымыз елге оралғасын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл-имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровпен әңгімелестік.

 

– Мұхамеджан, Мысыр еліне бару сапарының мақсаты қандай болды? Қалай барып қайттыңыздар?

 

– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Мысырдағы «Әл-Аз­һар» университетінің арасында білік­тілікті арттыру бойынша келісім-шарт бар, біз ол елге соның негізінде, Бас мүфти Серікбай қажы хазіреттің жолдамасымен барып қайттық. Имамдарымыз жылда осылай екі-үш айлық курсқа жіберіліп тұрады.

 

Мысырға бару сапарымыздың мақсаты орындалды. Бәрі ойдағыдай өтті. Жалпы, бұл сапардың бізге бергені көп болды.

 

– Біздің облыстан қанша адам барды? Арасында аудан, ауыл имамдары бар ма?

 

– Бұл жолы еліміздің әр қаласынан жиналған 10 имам бардық. Солай шешілген. Біздің облыстан тек мен ғана бардым. Негізінен діни экс­тремизм, лаңкестік мәселелеріне қатыс­ты еңбек етіп жүрген адамдар болды.

 

Жалпы, «Әл-Азһарға» Қазақстаннан ғана емес, Қытайдан, Малайзиядан, Сингапурден, Шри-Ланка, Үндістан, Пәкстан, Нигерия, Танзаниядан – барлығы 10 елден имамдар барды. 60-тан астам адам оқып, білімімізді ұштадық.

– Не оқып-үйрендіңіздер?

 

– Құран, тәпсір, хадис ілімдері, шариғат үкімдері сияқты діни ілім-білім, діни ағымдардың шығу тарихы, сонымен қатар лаңкестікке, діни экстремизмге қарсы күрес жолдары бо­йынша дәріс алдық.

 

– Университет қандай екен? Жағдайларыңыз қандай болды?

 

– «Әл-Азһар» – аты әлемге әйгілі университет қой. Жалпы, ел астанасы – Каирдің өзінде 22 миллиондай адам тұрады екен. Ежелден келе жатқан бұл алып қаланың ауқымды бір бөлігін осы «Әл-Азһар» универси­тетінің оқу корпустары алып жатыр.

 

Бұл университетте оқып, білім алатындарға барлық жағдай жасалған. Біздің барып-қайту ақымызбен қоса жатын орынға, күнделікті тамаққа кететін шығынның бәрі осы университет есебінен болды. Тіпті жазатын қалам-қағазымызға дейін түгелдеп беріп тұрды. Біз арнайы жатақханада 2 ай тұрдық. Ештеңеден таршылық көрген жоқпыз.

 

Университетте мыңдаған профессорлар сабақ береді екен. Бәрі де қызықты өтті, терең білім алдық десем болады.

 

– «Әл-Азһарда» оқып жүрген қазақстандықтар көп деп естиміз...

 

– Онда мұсылман елдерінің бәрінен студенттер бар. Бүгінгі күндері 250-ден астам қазақстандықтар білім алуда екен. Олармен кездесуімізге де жағдай жасалды. Студенттерге білгенімізді айтып, теріс ағымдардың жолына түсіп кетпеуі керегін ескерттік.

 

– Теріс ағым демекші, ол жақта діни ахуал қандай екен?

 

– Жалпы алғанда қазіргі «уахабизм», «салафизм» деп айтылып жүрген ағымдар көптеген мұсылман елдерінің дерті деуге болады. Мұндай проблема ол жақтарда да жоқ емес екен. Сондықтан бұл жайында білгенімізді жастарға жеткізуді өзіміздің парызымыз деп санадық.

 

– Халқы қандай екен? Қауіпті жағдайлар кездескен жоқ па?

 

– Мысырдың халқы қарапайым, қонақжай екені байқалады. Жалпы, ол елде дамудың франциялық жолы таңдалынған, яғни қандай ұлт, қандай дін өкілі болмасын оған өз ұстанымында жүруге тыйым жоқ. Халқы сауатты, көзі ашық, өйткені Мысыр Араб Республикасы зайырлы мемлекет болып табылады.

 

Біз ол жақта өзімізді еркін сезіндік, ешқандай қорқыныш болған жоқ. Оның үстіне мысырлықтардың қазақтарға деген ілтипаты өзгеше екен.

 

– Олар да біздің ел туралы біледі екен ғой?

 

– Білгенде өте жақсы білетін сияқты. Оның басты себебі орта ғасырларда осы елді билеген Бейбарыс сұлтан бабамызда жатыр ғой. «Қазақстаннан, қазақ», – десең, мысырлықтар: «О-о, Бейбарс!» – деп мәз болып қалады. Шет жерде мұндай ілтипатты көргесін рухың асқақтап кетеді екен.

 

– Каирдегі Бейбарыс сұлтан салдырған мешітте бола алдыңыздар ма?

 

– Оны да барып көрдік. Біз  Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев мырзаның қабылдауында болғанбыз, ол кісінің де бізге көп көмегі тиді.

 

Бабамыздың басына барып зиярат еттік. Ал ол салдырған «Әз-Заһир» мешіті мен медресесінде күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мешіт аумағы өте үлкен, бір мезгілде 5 мың адам мінәжат ете алады дейді. Бұл құрылыс жұмыстары аяқталғасын мешіт мүлде жаңарып, Қазақстанның атын бұрынғыдан да асқақтатқалы тұр. Біз соған тілектес­ті­гімізді білдірдік.

 

Каирдегі «Әл-Азһар» мешітін әу баста, сонау 1070-жылдары шииттер салдырған екен. Кейін Бейбарыс сұлтанның басшылығы кезінде оның гүлденуі басталған, жанына медресе салынған. Бүгінде ол әлем танитын, Жер шарының мұсылмандары барып білім алатын үлкен білім ошағына айналып отыр.

 

Біз сондай-ақ Мысырдың әйгілі пирамидаларын, Александрия қаласындағы атақты кітапхананы да көрдік. Ол кітапханада бағзы замандардағы кітаптарға дейін тұр.

 

Жалпы, мысырлықтардың Қазақстанға көзқарасы бөлек екенін біз осы Александрия қаласында да аңғардық. Бұл қаланың өзінде 3 миллион адам тұрады, өзі ел астанасынан 250 шақырым қашықта, теңіз жағасында орналасқан.

 

Александрияда жолсеріктер бізді «Хайтбай қальа» деген жерге апарды. Яғни «қала» деген – араб сөзі. «Хайт­бай деген бұл кісі де – сіздердің бабаларыңыз, өзі Бейбарыстың қолбасшы­сы болған. Ол елге теңіз жақтан келетін жаудың бетін қайтарған», – де­ген гид бізді тағы да бір арқаландырып қойды.

 

– Енді оқу-білім алу мәселесіне оралайық. Сіздерге арнайы курсты тәмамдағандарыңыз туралы қандай да бір құжат табысталған шығар?

 

– Иә. Арнайы курсты бітіргесін «Әл-Азһар» университетіндегі Исламды зерттеу орталығының төрағасы, доктор Мухиддин Афафи әл-Амин құттықтау сөз сөйледі, арнайы куәлік­терді табыс етті. Біз мұндай куәлікті Саид әл-Барс есімді кісінің қолынан алдық. Ол оқу орны басшысының қаржы-экономикалық мәселелер жө­ніндегі орынбасары екен. Өзінің Бейбарыс бабамыздың тікелей ұрпағы болатынын естідік. Бұл да біздің кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатты.

 

Ал арнайы куәліктің өзіне тоқтала кетсек, оның иесі мұсылман әлеміндегі кез-келген жоғары діни оқу орнында қызмет істей алады екен.

 

– Жалпы, бұл сапардан ойға не түйіп қайттыңыздар?

 

– Өзімізге қажетті діни ілімді тереңдетіп қана қоймай, мәдени және рухани жағынан да көп нәрсені көріп қайттық. Ең бастысы, Мысырдағы мұсылман бауырлардың дін саласын жетілдіруде қандай ұтқан жақтары барын естідік, көрдік, көңілге түйдік. Мысалы, Түркияда мұндай күрделі істі жолға қоюда қандай істер атқарыл­ғанын білдік. Енді алған білімімізді еліміздің қажеттілігіне жұмсап, тиімді еңбек ету жағын ойластырып жатырмыз.

 

– Ендеше, іске сәт дейміз, мақсаттарыңыз орындала берсін!

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

Мұхамеджан Естеміровтің байланыс

телефоны: 8-701-402-79-99.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ