Көкпардан 7 дүркін чемпион атанған ақсақал

13.05.2018
Қаралды: 487

Таяуда Шымкенттегі орталық атшабарда Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай көкпардан облыс чемпионаты болып өтті. Тартысты дода даңқты шабандоз, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы Шымырбай Әуезбаевтың жүлдесіне арналды. Аламанға облысымыздың 11 ауданынан команда қа­тысты. Іріктеу сайысында Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының шабандоздары шепті бұзып, жүлде алды. Ал ақтық бәсекеде Төлеби ауданы мен Түлкібас ауданының жастары кездесіп, төлебилік шабандоздар 3:0 есебімен жеңіске жетті.

 

 

Бұйыртса, алдағы уақытта Шымырбай Әуезбаев атындағы турнир жыл сайын өткізіліп отыратын болды. Осы ретте біз байырғы көкпаршы, биыл 70 жасқа толып отырған Шымырбай Әуезбаевты әңгімеге тарттық.

 

– Шымырбай аға, жағдайыңыз қалай? Тұрмыс-тіршілігіңіз күйлі-қуатты ма?

 

– Шүкір, жас кездегідей жалындап тұрмасақ та жасымызға лайық жағдайдамыз. Қасқасу ауылында тұрып жатырмын. Құдайдың берген 4 ұл, 1 қызын өсірдік, олардан өрбіген 17 немереге ата болып отырмын. Перзенттерімнің бәрі бір-бір мамандықтың иесі. Екі ұлым – Берігім мен Бақытым менің жолымды қуып, көкпар тартып жүр. Өзім сол, көкпарға шабатын 3-4 айғырым бар, соны баптаймын. Қала берді, Төлеби ауданындағы жас көкпаршыларды тәрбиелеп, кезінде өзім қолдан­ған әдіс-тәсілдерді үйретіп, жаттықтырушы болып жүрген жайым бар.

 

– Сіздердің кездеріңіздегі көкпар мен қазіргінің айырмашылығы қандай, аға? Көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

 

– «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, қазіргі көкпарға көңілімнің толмайтынын несіне жасырайын? Ұнамайды маған. Біз осы көкпардың арқасында арғысы Укра­инаға, Грузияға, Ресейге, бергісі Қырғызстан мен Өзбекстанға дейін бардық. Барып қана қоймай, ойынға адал болдық. Таза шабыспен салым салатынбыз. Қазір атты он-он бес адам жетектеп апарады, белге байлайды, орайды. Бұл мынау Өзбекстаннан келген әдіс болды. Баяғыда мұндай жоқ еді. Алдымен Жетісай жаққа жетті, келе-келе бүкіл елге тарады. Бұл дұрыс емес, көкпар деген таза еңбекпен, маңдай термен тартылуы тиіс.

 

– Біздің көкпарымызға көршілес ел көз тігіп, «Көкпар біздікі» дегенді айтады. Сіз бұған не дейсіз?

 

– Көкпар – қазақтікі! Оған талас болмауы керек. Әу бас­та ауылдың білекті, жүректі жігіттері көк бөрі соғып алатын болған. Сосын оны бір-бірінен ала қашып ойнаған. Бірте-бірте көк бөрінің орнына серке тартылып, кейіннен ол ұлттық ойынға айналған. «Көкпар біздікі» дейтіндерге әрбіріміз осылай жауап берейік.

 

– Көкпардың ер-азаматтардың денсаулығына пайдасы зор дейді ғой. Ал қазір спорттың бұл түріне қызығатын жігіттердің қатары кеми бастағандай ма, қалай?

 

– Дұрыс, спорттың ең күштісі – көкпар. Оның денсаулыққа, ер-азаматтардың күш-қуатына пайдасынан бөлек, көкпар тартқанда шашыңнан башпайыңның, тырнағыңның ұшына дейін терге малынасың. Яғни анадан жаңа туғандай боласың, термен бойдағы суықтың бәрі шығады ғой. Соның арқасында, Құдайға шүкір, бізде бас ауырмады, балтыр сыздамады.

 

Ал енді бүгінде көкпаршы жас­тардың кеми бастағаны рас, қаланың балалары ат түгілі есекке отыруды білмейді. Оған баланы емес, ата-ананы кінәлаған дұрыс шығар. Телефонға телмірген баланы бір ауық ауылға жіберсе, атқа мінуді үйретсе, ғанибет емес пе? Мәселен, алда жаз мезгілі келе жатыр. Оқушылар демалыс­қа шығады. Жібер баланы, барсын ауылға! «Есек көкпар» тартсын, атқа отыруды үйренсін. Жүдә болмаса қаланың ішінде ат спорты мектебі бар, соған ертіп апар. Қалай болғанда да балам әлжуаз болмасын, қыз мінезді болып кетпесін дейтін ата-ана балаларын ұлттық спортқа баулығаны дұрыс. Мен осылай деп кеңес берер едім.

 

– Рахмет, аға, ауырмаңыз, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

Шымырбай Әуезбаевтың байланыс

телефоны: 8-701-642-21-70.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ