Майдангерлерге бір-бір «Нива» мінгізді

15.05.2018
Қаралды: 433

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 73 жыл толды. Осы майданға кезінде Созақ ауданынан 6 мыңдай азамат аттан­ған екен, олардың басым көпшілігі шайқастарда қаза тауыпты. Елге аман оралғандарының қатары да содан бергі жылжыған жылдарда селдірей түскен. Бүгінгі таңда ауданымызда көзі тірі 6 ардагер қалыпты.

 

Кешегі Ұлы Жеңіс күнінде аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Даңқ» саябағында мерекелік шеру болып өтті. Жұртшылық «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, майданда шейіт болғандар мен бертінде өмірден өткен ардагерлердің рухына құран бағыштады.

 

Мерекелік шарада аудан әкімі Салыхан Полатов тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтады. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Тәжі Нұрқожаевқа, Мырзахмет Жылысбаевқа, Оспан Бексейітовке, Әуесхан Шайда­зимовке, Шамил Тагаевқа және Сергей Драновқа су жаңа «Нива» автокө­ліктерінің кілтін табыс етті. Өз кезегінде ардагерлер де сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.

 

Бұдан бөлек, аудан өңірінен уран өндіретін «Катко» және «Инкай» компаниялары ардагерлерге ақшалай сыйлықтар ұсынды. Сондай-ақ Ауған соғысына, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагерлерге және тыл ардагерлеріне аудандық бюджеттен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

 

Мерекелік іс-шара соңы орталық атшабарда бәйге, көкпар, «Қыз қуу» сынды ұлттық спорт түрлерін тамашалауға ұласты.

 

Е. РАЙЫМҚҰЛОВ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ