Әйелді салғыласып жеңуге бола ма?

11.05.2018
Қаралды: 306

Ерлі-зайыптылар жиі жанжалдасып қала береді екен. «Бір сөзден қалсаң қайтеді? Күйеуім ғой деп басыңды иейін демейсің», – депті күйеуі. «Неге бас иеді екенмін? Күні бойы менен бір ауыз жылы сөзіңді қызғанасың, көңіл аудармайсың», – деп ренішін білдіреді әйелі. «Өзің әрдайым уыңды шашып отырсаң, қалай жақсы сөз айтайын?! Айып өзіңнен ғой...»

 

Осылай дау-дамайлары жалғаса береді екен. Бірде екеуінің айқай-шуынан мезі болған көршісі келіп: «Пәлен жерде жақсы бір данышпан кісі бар. Соған барыңдар. Сендердің күрмеуі қиын мәселелеріңді сол шешіп береді», – депті. 

 

Ерлі-зайыпты сол данышпанның алдына барыпты. Данышпан әуелі күйеуінің, сосын әйелінің мұң-шағымын тыңдап, екеуіне де екі парақтан ақ қағаз беріпті. «Мәселелеріңді шешіп беремін, бірақ алдымен осы қағазға бір-бірлеріңнің көңілдерің толмай жүрген кемшіліктеріңді жазыңдар», – депті де, екеуін екі бөлек бөлмеге кіргізіп жіберіпті.

 

Әйел бір жарым параққа күйеуінің кемшіліктерін жазыпты. Күйеуі екі параққа да жұбайының кемшіліктерін жазып тастапты. Бірақ сонда да кемшіліктерін жазуға қағаз жетпей қалыпты. Содан данышпан отырған бөлмеге кіріп: «Берген қағазыңыз әйелімнің кемшіліктерін жазуға жетпеді. Мүмкін болса тағы екі парақ берсеңіз», – деп сұрайды.  Сонда данышпан: «Берген қағазым жетпейтінін және сен тағы да қағаз сұрап келеріңді біліп едім. Сен негізі онымен ажыраспақшысың ба, әлде татуласпақсың ба?» – деп сұрақ қойыпты.

 

«Жоқ. Екі перзентіміз бар. Ажырасу ниетім жоқ. Тек әйелім сәл өзгерсін. Маған бас иіп, мойынсұнса деймін», – дейді ол. «Жігітім, еркек әйелмен ешқашан теңеспеуі керек, – депті сонда данышпан. – Егер әйелі өзіне бас игенін қаласа, еркек құқығын қолдан бермеуі керек. Міне, мен жаңа саған да, оған да қағаз бердім. Әйелің жазса сен де жаза беруің керек пе? Сен онымен тәжікелесіп тұрған соң әйелің де солай жасайды емес пе? Сен еркексің, бірақ неге әйеліңнің әйелдік құқығына таласасың? Нағыз ер бол! Бас бол! Осыны ұмытпа. Қолыңдағы қағазды жыртқын да, мына ақ қағазды ал. Ешнәрсе жазба, бөлмеге барып, мен шақырғанда ғана кел. Мен рұқсат етпейінше сөйлеме», – деп бөлмеге қайта жіберіпті.

 

Біраздан соң данышпан ері мен әйелін бөлмесіне шақырып, әйелге:  «Қане, жаз­ғандарыңызды оқыңыз», – дейді. Әйел оқи кетіпті: «Менің бар-жоғымды да сезбейді. Маған уақыт бөліп, сұхбаттаспайды. Көңіліме қарамайды. Аяқтары терлейді. Сигарет шегеді. Үйге тым кеш келеді, ерте кетеді...» – деп тізбелеп тастайды.

 

Осыдан соң данышпан: «Енді сен оқы», – дейді еркекке. Күйеуі бос ақ парақты данышпанға береді. «Әйеліңнің кемшілігін таба алмапсың ғой»,– деп жымияды ол.  Сонда әйел күйеуінің ешнәрсе жазбағанын, демек, ол өзін қандай болса сол қалпында сүйетінін, оның кемшіліктерін жазып қателескенін түсініп, көзінен жас төгіле: «Кешірші мені, мендей нысапсызды кешір!» – депті.

 

Күйеуі әйелінен мұндай әрекет күтпеген еді, бас иіп тұрғанын көріп, өзінің бұрынғы қателерін түсініпті. Жұбайына сүйіспеншілігі, мейірімі ояныпты. Соңында ерлі-зайыптылар татуласып, данышпанға алғыстарын айтып, үйіне қайтыпты.

 

Бұдан шығар қорытынды: Ешқашан әйеліңізбен ұрысып, салғыласпаңыз. Кемшілік бәрінде бар, бірақ оны жіпке тізе беруге болмайды. Жолдасыңыз қандай, оны сол қалпында қабылдап, сүйе біліңіз!

 

С.МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ