Сен үшін тыным таппас екі құл бар

11.05.2018
Қаралды: 447

Нәресте ананың құрсағынан жарық дүниеге шығарда жалған дүниенің зұлматынан қатты қорқып, шықпаймын деп шырылдайды екен. Сол кезде Періште: «Қорықпа, Алла саған екі құл жаратып қойған. Олар ата-ана деп аталады. Олар Алла әмірін орындап, саған құл болып қызмет атқарып, бағып-қағып өсіреді. Алла өзінің мейір-махаббатын сол ата-ананың жүрегі арқылы береді. Сен қорықпа», – деп уәде бергеннен кейін ғана нәрес­те жарық дүниеге келеді екен.

 

Міне, енді сол Алланың аманатын көтерген ата-ана деген атты жамылған екі құл өле-өлгенше «бере алмай жатырмын», «жеткізе алмай жатырмын» деп барын аузына тығып, біреуден кем болмасын деп таң атқаннан күн батқан­ға дейін шапқылап жүргені. Әке-шеше 10 баланы бағып-қағып өсіреді, ал 10 бала бір әке-шешені бағып-қаға алмайды. Ата-ана «бере берсем», «бере алмай жатырмын» деп арманда болады, ал бір балаң ай сайын ақша беріп тұрса: «Мен беріп тұрмын, менен басқа қай балаң берді?» – деп міндет қылады. Мұны айтпаса әйелі сен беріп тұрсың деп есіне салады.

 

Баққан-қаққаны, мейір-махаббат былай тұрсын, ана құрсағындағы қорыққан кезіңді де ұмыттың. Шүйкебас қатынның айтқанынан шыға алмай жүргеніңде ата-анаң о дүниелік болды. Рахмет айтуға кеш қалдың. Енді ең болмаса әр бейсенбіде, мал сойып, құран оқытпасаң да, ең болмаса 7 шелпек пісіріп тарқатайық, ағайын! Егер намаз оқи қалсаңыз, дәрет шүкір намазын қадиа қылып тұрыңыз. 70 мың түйе сойып бағыштағанның сауабы бар екен. Бұл да болса рахметке жатады. «Ештен кеш жақсы» деген.

 

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Егер Алланың білімінде ата-анаға «уф!» деуден де артық құрметсіздік болғанында еді, Алла содан қайтарған болар еді. Ата-ананың көңілін қалдырған кісі қалағанынша амал істесін, ешқашан жәннатқа кірмейді. Ата-анаға жақсылық істеген адам қалағанынша амал істей берсін, ешқашан тозаққа кірмейді», – деді.

 

Ата-аналарымызға Алла разы болып, оларға екі дүниенің бақытын берсін! Бағып-қағып өсірген ұл-қыздарының қызығын көрсін! Қияметке дейінгі ұрпақтарына разы болсын!

 

Біздер де соған лайықты болайық, Алла баршамызды ата-ана разылығын табатындардан қылсын!

 

Мұхаммедхан БІЛӘЛОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ