Қорқыныш тұтқынынан босануға талпыныңыз!

10.05.2018
Қаралды: 140

Адам болған соң бәріміздің бо­йымызда қорқыныш бар. Бірақ сол қорқыныштың өзін екіге бөліп қарау керек: Біріншісі – физиоло­гия­лық, яғни дұрыс қорқу. Мәселен, биіктен дайындықсыз секірмеу, малти алмасаң алысқа жүзбеу, жүріп келе жатқан көліктен сақтану дегендей. Мұндайда біздің миға дабылды денеміз береді. Біз қауіп­тен қорғанамыз және дұрыс істей­міз.

 

Ал екіншісі, ол – мидың ойлап табатын қорқынышы. Ойымдағы орындалмай қала ма, айнала толған қауіп, мақсатыма жете алам ба, сәтсіздік қай жерде тұр екен деген сияқты толғаныс көп адамның арманының күл-талқанын шығарады. «Ақша болса ғой, бизнесмен болып кетер едім», «қу жоқшылық тежеп тұр», «қойшы, барына тәубе, қолымдағыдан айырылып қалармын» дегеннен аспайтындар – көбінде болашақтан қорқатындар. Яғни оларға өткенімен өмір сүрген оңай.

 

Мұндайда дұрыс ойлауға тырысу керек дегенді айтқым келеді. Қорқыныш біреулерді тежейді, ал біреулерді, керісінше, қимылдатады. Мәселен, әйгілі Стив Джобс өлімнен қорқып біраз дүниені төңкеріп тастады. Ертең өліп қалсам қайтем деген қауіп оның ісін алға жылжытты.

 

Біздің ешқайсымыз да ертең не боларын білмейміз. Осы күн ең маңызды, ең құдіретті сәт екенін ұмытпаған жөн. Псиxо­логтардың «здесь и сейчас» деп айта беретіндері содан. Дегенмен бәріміз пендеміз, болашақтан үміттіміз, қиялдаймыз, армандаймыз. Бірақ соны жүзеге асыруға келгенде тежелеміз. Ендеше не істеу керек? Міне, осы жерде арман, мақсат, жоспарды қағазға жазу керек дегім келеді.

 

Көпшіліктен оңашаланыңыз. Жалғыз қалуға тырысыңыз. Мысалы, кафе ашқыңыз келеді делік. Алдымен ең қымбат ресторандарды аралаңыз. Жай ғана су ішсеңіз де дизайны керемет, қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейдегі орындарға барыңыз. Аптасына ең болмаса бір рет сондай жерден тамақ ішуге тырысыңыз. Отбасыңыз болса, бірге барыңыздар. Баламен жүргенде арман тез орындалады. Осылайша сіз керемет визуализацияны іске қосасыз.

 

Сонымен, визуализацияны қостыңыз делік. Енді не істеу керек деген орынды сұрақ туындайды. Алдымен «Жұрт не дейді?» деген керексіз ойдан арылу керек. Осы ретте айта кетейін, «Жұрт не дейді?» деп ойлауың – өзің өзгелер туралы көп әңгіме айтқаның. Өтірік, өсек атаулыдан ада бол. Өз жоспарыңды ғана жүзеге асыруға тырыс.

 

Екіншіден, өз бойыңдағы селқостықтан арыл. Өмірің өз қолыңда екенін ұмытпа. Мәселен, «Шіркін, ағылшын тілін үйренсем ғой» дейсің де, қолыңа телефонды алып керексіз дүниелерді қарап жатасың. Немесе қазіргі жұмысыңды ұнатпайсың, ұнамағанына қарамастан сонда жұмыс істеп жүрсің. Тіпті басқа жұмыс іздеп те көрмейсің. Селқостық деген – осы. Алға ұмтылғың келмейді.

 

Өміріңді өзің басқаруға кедергі келтіретін тағы бір нәрсе – өзіңді өзгелерден ақылды санау. Ешкім ешкімнен артық емес, тек біреулер қорқыныштың қозғаушы күшін пайдаланса, екіншілері тежегіш тетігінде отырғандар. Сондықтан екіншілері өмір-бақи қорқыныштың тұтқынында болады.

 

Тұтқыннан босануға талпыныңыздар! Дұрыс армандаңыздар, сол арманды жүзеге асыру жолында қорқыныштан арылып, алға қарай талпыныңыздар!

 

Айнұр АСАНБЕРДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ