Балаға «мораль» оқи берген дұрыс па?

09.05.2018
Қаралды: 304

Кей психологтардың пікірінше, «баланы тәрбиелеу» деген сөздің өзі дұрыс емес, дұрысы – оны өсіру, өсіре білу. Осы орайда олар мынадай нәрселерді есте ұстай жүру керектігін айтады:

 

Ата-ана балада шарт­ты рефлекстер қалыптастыруға құ­мар болмауы керек. Баланы бір нәрсе істеуге мәжбүрлеу, оны шамадан тыс өбектей беру немесе тым қатты қадағалау, тергеп-тексере­ беру де орынсыз. Оған өсуге, кейін көпшілік ортасында өзін қолайсыз сезін­бей­тіндей, жан-жақты болып жеті­луіне жағдай жасау керек. Ақылды, білімді, әдепті, іскер, ортаға сыйлы болыңыз, осыны балаңызға мирас етіңіз, оған осыны сіңіріңіз, ал бала есей­гесін оған «мораль» оқи бер­меңіз. Ол енді – өз ісіне жа­уап бере алатын,­ өзінің іс-әреке­тіне сенімді азамат. Бұл кезде арада өзара сый­лас­тық, сүйіспен­шілік, достық қана болуы керек.

 

Әрбір баланың өз ой-өрісі, өсіп-жетілу ерекшелігі болады, оған ақылмен, орнымен әсер ету керек, жөнсіз ұрына беруге болмайды. Яғни бұл ағаш өсірген сияқты тірлік, өсіп-жетілуіне жағдай жасаңыз.

 

Бала айтқанды істемесе, себебін түсінуге тырысыңыз. Мүмкін бұған сіздің өзіңіз кінәлі шығарсыз? Бала өзіне көңіл бөлдіру үшін де кейде осылай істейді. Соны түсінуге тырысыңыз, қитығып, ерегіспеңіз. Баламен қарым-қатынас өзара се­німділікте, сыйластықта болуы керек. Баланы тым қорғаштап, өбектей бермеңіз, ол өмірдің кейбір жайсыздықтарын кішкен­тай кезінен танып-біліп өссін. Мысалы, «құлап қалма» деп үне­мі айта берген баланы аяншақ етуі мүмкін, ал ол бір-екі құлап көрсе, мұның не екенін, олай болмас үшін не істеу қажеттігін тез ұғады.

 

Бала теріс қылық жасап қойса, оны ұрсып-сөкпеңіз. «Мұ­ның маған өте қолайсыз тиеді» дегендей тұрғыда, тым қазбаламай түсіндіріп айтсаңыз жетеді, бала қорытындыны өзі шығарып үйренсін. Бастысы, баланың сезіміне әсер етіп, өкініш, аянышын тудыру емес, онымен шынайы болыңыз.

 

Бала ата-анасынан қолдап-қуаттау, жақсы қасиетін мо­йын­дау­ күтеді. Сіз осыған аса мән беріңіз, әйтпесе мұны ол басқа ортадан­ іздейді. Ал басқа ор­таның бәрі бірдей жақсы бола бермеуі мүмкін.

 

Бала мектепте еркін бо­ла алмайды, ол – орындаушы ғана. Мұғалімнің бәрі бірдей аң­ға­рымпаз, қамқор емес. Мы­са­лы,­ үл­герімі төмен оқушыға ол ұрсып-жеки, кемшілігін айта берсе, балада қорқыныш, өзіне се­німсіздік пайда болады­, қуаты кеміп, ештеңе істегісі келмей қа­лады. Ата-ана­ да бұл кезде баланы ұрсып-жекіп, кемсітпеуі, оған барын­ша қолдау көрсетуі керек. Балада өзіне деген сенім туында­ғаны дұрыс, сіз соған мән беріңіз. Баланы өз міндетін орындауға мәжбүрлемеңіз, ол оны өзі істеп үйренсін, сіз соған жәрдем жасаңыз. Сонда бала өзіне се­німді болып өседі.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ