Әкем Өксікбайдың орнына келген перзент екенмін

11.05.2018
Қаралды: 357

Кеуделерінде орден-медалі жарқыраған соғыс ардагерлерін көргенде өзім реңін мүлде көрмеген әкем есіме түсіп, көңілім астаң-кестең болып кетеді. Әй, опасыз жалған дүние-ай, дәл біздің әулетке келгенде неге сараң болып қалдың екен?!

 

Менің әкем бар болғаны 37 жыл ғұмыр кешіпті, ал ағам 27 жасында аққан жұлдыздай тым ерте кете барыпты. Ұлы Отан соғысына қатыс­қан әкем Өксікбай Көмеков 1955-жылы бір апта ғана ауырып, бақилық болған.

 

«Әкең 1955-жылы, қазан айының ортасында қайтыс болды, – деуші еді анам күрсіне отырып. – Ал 1974-жылы қазан айының соңында жалғыз ағаң да мезгілсіз көз жұмды. Сондықтан өз басым күз мезгілін онша жақтыра қоймаймын. Күздің отбасыма залалын тигізбей, тезірек өтіп кетуін бір Алладан тілеп жүремін».

 

Анам марқұмның жүрегі бір нәрсені сезген екен. 1999-жылы қазан айының аяғында өзі де ері мен ұлының артынан мәңгі қайтпас сапарға аттанды.

 

«Әкеңнің бір аяғы бүгілмейтін, – дейтін анам. – Қашан көрсең де тізесі оқтаудай серейіп тұратын. Ол байғұс әскері бар, соғысы бар, сырт­та 7 жылдай жүріп, 1944-жылы жараланып елге оралған ғой. Өңірінде екі «Даңқ» ордені мен бірнеше медальдары жарқыраған жас жігітке мен сол жылы тұрмысқа шықтым.

 

Ол кезде ауыл тұрмысының тым жүдеу кезі. Жүгері ботқа жасап ауыл тойымызды өткізген болдық та, бірден өмірі бітпейтін колхоздың қара жұмысына араласып кеттік. Әкең колхоздың білдей қорықшысы болды. Тоғайдағы қалың қамыс соның иелігінде. Ол кезде қамыс дегенің – бүгінгі тілмен айтқанда, дефицит. Үйдің төбесінің бәрі қамыспен жабылады. Кейде жұмыстан қатты шаршап келген кезде соғыста үйренген орысша, татарша әндерді нақышына келтіре айтып, ұйықтап қалатын. Ой, даусы жақсы еді ғой әкең марқұмның! Адам баласына титтей де зияны жоқ оны бүкіл ауыл-аймақ жақсы көретін. Әсіресе сол жылдары елге жан-жақтан ауып келген келімсектерге оның пайдасы көп тиді. Оларға тұратын үй тауып беріп, жұмысқа орналастырды. Өзіне жетпесе де тапқан-таянғанын солар­ға беріп тұратын. Ал үй шаруасына мүлдем икемі жоқ еді.

 

Айтуынша, әкең соғыста танк жүргізіпті. Бірде жауды тықсыра қуып бара жатқанда сақтықты мүлде ұмыт­қан олар танктің люгін ашып тастап, немістерге қарап: «Гитлер капут!» – деп жұдырықтарын шошайтып, әбден келемеждеген ғой. Сол замат снаряд жарылып, дүние астаң-кестең болып кетеді. Әкең есін әскери госпитальда бір-ақ жияды. Ал жанындағы екі жолдасы тіл тартпай өліп кеткен екен. Әкеңнің аяғы содан бүгілмей қалған.

 

Ол 1955-жылы күзде қайтыс болып, 1956-жылғы көктемде сен дүниеге келдің. Бұған ауылдағы бүкіл ағайын-туыс қатты қуанды. Әсіресе ақ сақалы желбіреген Арқабай атаң қатты қуанған еді. «Өксікбайдың орнын басатын тұяқ келді. Енді бұл нәрестенің атын Орынтай деп қояйық», – деп сенің атыңды Арқабай атаң қойған болатын. Қайда жүрсең де әкеңнің атына кір келтірме, балам! Ол көрмеген қызықты енді сендер көріңдер».

 

Бүгінде ел сенімінен шығып жүрмін бе, жоқ әлде ана аманатын ақтай алмадым ба – ол жағын тап басып айта алмаймын. Бірақ асқар таудай әкеме деген сарғайған сағынышты жарты ғасырға жуық баса алмай келе жатқаным айдан анық.

 

Алақандай ғана шағын Мақталының қара топырағын борпылдата кешіп, армансыз ойнап үйге келгенде өзім қатарлы балалардың әкелеріне қарап еркелегенін, «Тайға мінгізші, әке», – деген назды сөздерін естігенде жүрегім құм болып кететін. Сосын ызамен келіп, үйдегі көрпе-төсекті жан-жаққа лақтырамын да, сары сандықтың қақпағын ашамын. Сандық ішіндегі мұқият оралған шүберектен әкемнің орден-медальдарын сыртқа шығарамын. Оқи алмасам да құжаттарын ақтарамын. Сонда өңім тұрмақ, түсімде көрмеген әкемнің мен үшін мәңгі өлмес рухымен тіл табысқандай боламын. Оның ұлына деген сағынышы менің кішкене ғана жүрегіммен қауышып жатқандай күй кешемін.

 

«Сенің жүріс-тұрысың, қырсықтығың әкеңнен аумайды. Тіпті жас балаша лезде бұртиып, өкпелеп қалатының да. Бірақ әкеңе ұқсап ән айта алмайсың. Сол жері ғана тартпаған», – дейтін анам кейде менің әкем жайлы қойған сұрағыма қысқа ғана жауап қайтарып.

 

Қазақта «Әкең өлгенмен әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген қанатты сөз бар. Адамзат баласына қайғы-қасірет шектірген сұм соғыстың үні өшкеніне де 73 жылдай уақыт болып қалыпты. Осы аралықта талай адам о дүниелік болып кетті. Әрине, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін шейіт болған олардың есімдері мәңгі ұмытылмақ емес. Бір қуанатыным – осы игі мақсат жолында менің әкем Көмеков Өксікбайдың да болуы. Қамшының сабындай ғана ғұмыр кешсе де қасиетті Отаны үшін бар күш-қуатын, жастық шағын аяған жоқ. Өзі өлсе де артында қалған ұл-қыздарының әке жолын жалғайтынына сенімді болып кетті.

 

Құдайға шүкір, мен бүгінде жалғыз емеспін, жанымда жарым бар, алтын асықтай перзенттерім желкілдеп өсіп келеді. Басымдағы баспанам мен жүрегім қалаған қызметіме де өкпе арта алмаймын. Бәрінен бұрын өзін көрмесем де асқар таудай әкемнің көзін көргендерді көрсем көңілім әжептәуір марқайып қалады. «Мынау Өксікбайдың баласы ма? Ой, айналайын, асылдың сынығы сол!» – деп емірене құшақтап, маңдайымнан сипаса болды, одан өзге бақыттың маған керегі шамалы-ақ.

 

Әрқашан аман болыңыздаршы, қадірменді майдангерлер, алда келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Сіздің де әруағыңыз риза болсын, әке! Өйткені мен Сіздің өміріңіздің жалғасы емеспін бе?!

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ