Шенеуніктің шекесінен шертпеңіз...

08.05.2018
Қаралды: 322

Қазіргі кезде сот дегеніңіз тіпті жақсы болды. Егер бейтаныс біреу байқаусызда бетіңізге қарай сәл қиғаштау түшкіріп кеп жіберсе болды, Құдай беріп қалды дей беріңіз, кешірім сұрап үлгермесе, дереу: «Ойбай, мені қорлады, ар-намысымды таптады!» – деп сотқа шағымдана қойсаңыз жетіп жатыр. Ал одан кейін әлгі байғұс құтылып көрсін!

 

Қазір сотқа жүгініп, ар-намысымды таптады деп жәбірленуші болып жүрген лауазымды кісілерді аз кездестірмейсіз. Ойпырмай, сотқа жүгінетіндей басына не күн туды екен, шынымен-ақ әділетсіздіктің құрбаны болып жүр екен-ау деп іштей мүсіркесең де ол кісінің бойынан ондай жапа шегу­шіліктің титімдей болса да нышанын таба алмайсыз. Сол баяғы жұмсақ креслосында, домаланған қалпы, беті нарттай қызарып, өзінің қымбат бағалы көлігінде қарны қампиып кетіп бара жатқанын байқайсыз.

 

Сонда ол қарсыласын не үшін сотқа сүйреп жүр? Жоқ әлде оны әбден тұқыртып алудың дәніккен әдісі ме?

 

Былай қарағанда бір-бірімен айтысып, бет жыртысып жатқандардың көпшілігі майлы жіліктің басында отырған, қызметі жоғары, лауазымды мырзалар екенін пайымдайсыз. Олардың май басқан денелерінің басы артық сөзді көтере алмайтын әлжуаздығына таңданасыз. Олардың ар-намысының төгілген тарыдай жиі-жиі шашыла беретіні неліктен екеніне және түсінбейсіз. Әйтеуір сұрағы көп, жауабы жоқ түсініксіз жағдайлардан аяқ алып жүре алмайсыз. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, бұл қиын-қыстау сәт әсіресе қолында қағаз-қаламынан басқа қаруы жоқ журналистерге оңай соқ­пай тұрғаны анық.

 

Кей жазған дүниелерінің бейнеті көп болатындығы да көбінесе шіренген шенеу­ніктердің құбылмалы мінез­деріне байланысты. Биік креслоға мәңгілікке құйрықтары жабысып қалғандай ол мырзалардың  шындықты онша жақтыра қоймасы анық екенін ешкімнен де жасыра алмайсыз. Басқарып отырған меке­месінің жұмысы жайлы жазылған сын мақаланы да көбінесе тыжырына оқитыны да сондықтан.

 

Болмаса телефон арқылы ескерту береді. Егер бұл қылкөпірден тұзың жеңіл болып, өте алмай қалсаң, онда өз обалың өзіңе! Биік креслоның иесі өзінің жалпақ табанымен сені жүнін жұлған та­уықша аяусыз илейтіні өзінен-өзі түсінікті. Мұндайда не өліп құтыласың, не сотталып құтыласың.

 

Міне, біздегі жағдай әзірге осындай. Сондықтан да, айналайын ағайын, егер аман болам десеңіз, ондай ар-намысы тез арада тапталғыш, шыбық тимесе де шыңқ ете қалатын әлжуаз, ауыр сөзді мүлде көтере алмайтын, кім көрінгеннен сөз есітіп, оларды «амалы жоқтықтан» сотқа сүйреп, «жапа шегіп» жүрген шенеунік мырзаларға мүмкін болса онша жолай көрмеңіздер! Қайта оларды барынша көтеріп, астарына жұмсақ көпшікті молынан тастап, барынша қошемет көрсетіп, мәңгі ажырамас қызметтеріне сәттілік тілеп жүріңіздер. Сонда құда да, құдағи да тыныш болады. Әрі жабулы қазан жабулы күйінде қала береді.

 

Келістік пе? Әй, маладес...

 

Орынтай  КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ