«Өз үйіңде жүргенде өзгенің тілінде сөйлеме», – дейтін еді бізге әжеміз

08.05.2018
Қаралды: 234

Таяуда көпшілік бас қосқан бір жиында қазығұрттық Жылқыайдар деген азаматпен кездейсоқ танысып қалдық. Бүгінде емшілікпен айналысатын бұл жігіт әңгімешіл әрі өмірден көрген-түйгені мол жан екен. Біраз адам топтала қалып, оны-мұны жайлар жөнінде айтып отырғанда әңгіме ауаны жас ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық рух мәселесіне қарай ойысты.

 

«Өкінішке орай, бүгінде ұлттық педагогикаға көп адам мән бермейтін болып барады, – деді Жылқыайдар сонда. – Ал біз балалық шағымызда сондай тәрбие­ден нәр алып өстік. Қазір жұрт балаларына жақсы тәрбие берудің орнына заман қиын  болып барады деп олардың құлағына тұтынушылық көзқарасты сіңіріп жатыр. Әдеп-иба, адамгер­шілік, ар-ұят, намыс, отансүйгіштік қасиет­тер туралы айтылмайды, оларды ашкөз­дікке салынып, ақшаны бәрінен жоғары қоюға, дүние-байлық жинау жағына бау­луда. Қарап отырып, мұның соңы қайда апарар екен деп уайымдайсың.

 

1990-жылдарға дейін біздің ауылда оншақты ұлт өкілдері тұрған еді. Орыс, неміс, кәріс, грек, татар, ұйғыр, өзбек балаларымен кішкентайдан бірге ойнап өстік. Орысшаға бала кезден жетік болдым.

 

Сонда аулаға келген қатарластармен орысша сөйлесе  қалсақ, әжем марқұм ұрысып беруші еді. «Өз үйіңде жүріп неге өзгенің тілінде сөйлейсің?!» – деп ұрысады. Басқа жақта өзге тілде сөйлесең бұлай демейді. Қарап тұрсам, өз үйіңде өзге тілде сөйлеме дегеннің өзі де үлкен тәрбие екен ғой.

 

Әкем соғыс ардагері еді. Үйде Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты кітабы тұратын. Әкем кейде маған соны оқытады да, бір нүктеге көзін қадап, үнсіз тыңдап жатады. Ара-арасында: «Ай,  Бауке-е-е! Ай, азаматым-ай!» – деп арқалана дауыстап қояды. Кейде көзінен парлай аққан жасты көремін, ебіл-дебілі шығып жылап алады. «Баукең не деген?» – деп сұрайды сосын. Мен де әбден жаттап алғанмын: «Жауға жаныңды берсең де сырыңды берме деген», – деп сарт еткіземін. Әкем мұныма риза болып қалады.

 

Көңілге бала кезден бір түйгенім – үлкендердің құдайшылдығы, қай істе де Құдайға сеніп әрекет ететіні. Кейде мал алдынан шығамын деп далада қонып қалатын кездеріміз болады. Сондайда әжем марқұм: «Сені Құдайға тапсырдым, Құдай өзі сақтасын!» – деп отыратын. «Балаға он жасынан Құдайды таныт, Құдайдан қорыққан бала жаман қылыққа бармайды. Ол жігерлі, жақсы азамат болып өседі», – дегенді үлкендердің аузынан үнемі естіп өстік. Олардың дәстүрге беріктігі бізге өнеге болды.

 

Осындай тәрбие көріп, кітаптар оқып өскендіктен шығар, жаман болғанымыз жоқ. Бойымыздан адамгершілік, әдеп, ұят, ар, намыс әрқашанда табылып тұрды.

 

Кейінгі кездері суицид оқиғалары туралы да жиі еститін болдық. Ондайға тұрмыс таршылығынан, әділетсіздіктен тығырыққа тірелген адамдар барады, кейде жақсы-жаманның не екенін білмейтін балалар да ұрынып жатады. Меніңше, мұның бәрі тәлім-тәрбиенің босаңдығынан. Суицид ел ішінде бұрыннан да болған, бірақ көп емес, одан адамдарды Құдайдан қорқыту арқылы-ақ емдегенін еститінбіз.

 

Адамның рухы жоғары болуы керек. Ал оны шыңдаудың ең дұрыс жолы – ұлттық тәрбие. Осыны кім де болса ұмытпауы керек».

 

...Жылқыайдар осылай деді. Ұйып тыңдаған көпшіліктің одан қажетті ой түйгенінде сөз жоқ.

 

Ал негізінен тірек-қимыл мүшелерін емдеуге маманданған Жылқыайдар бүгінде қалада жүріп-тұра алмай қалған 78 жас­тағы бір кейуананы емдеп жүр екен. «Қазір қолдарын тік көтере алатын, біраз жерге дейін өз күшімен жүретін болды», – дейді емші ол кісі туралы.

 

Қысқасы, әкесі ел басына күн туғанда Отан қорғаса, ұрпағы бүгінде адамдарға шипа дарытумен оның жарқын ісін жалғастырып жүр екен. Біз Жылқыайдардың сөзі мен ісіне сүйсіндік, оның жұмысына сәттілік тіледік.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ