Майданда «Айыптылар ротасын» басқарған

11.05.2018
Қаралды: 540

1941 – 1945-жылдардағы Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан да мыңдаған жа­уынгерлердің қатысқаны, отансүйгіштік пен ерліктің небір үлгілерін көрсеткені белгілі. Олар әкелген Ұлы Жеңіске де, міне, 73 жыл тол­ғалы отыр. Бұл ме­рейлі мереке қарсаңында майдангер аталарымыз туралы қанша айтсақ та жарасады. Осы орайда біз батырларымыздың бірі – Әбдіраш Назарбеков  атамыздың ерлік ісі мен өне­ге­лі ғұмырын сөз ет­пек­піз.

 

Әбдіраш Назарбеков 1921-жылы  Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген ауданындағы «Қараспан» совхозының Ленин атындағы бөлімшесінде, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Орта мектептен соң Қызылорда Мемлекеттік педагогикалық университетін бітірген. 1941-жылы Арыс ауданындағы Аман­гелді бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған. Ұлы Отан соғысына өзі сұранып аттанған.

 

Ол кісі 161 – гвардиялық атқыштар полкінде взвод командирі болып, 1943 жылғы 30 шілдеге дейін Солтүстік-Батыс майданында шайқасқан. Ленинград пен Ресейдің солтүстік-батыс аймақтарын жаудан азат етуге қатыс­қан. Сондай-ақ 1-ші және 3-ші Екпінді армиялар қатарында, Прибалтика майданында айыпталғандар ротасына (штрафрота) басшылық еткен. Айыптылар ротасының құрамы кезінде қылмыстық жауапкершілікке тартыл­ғандар мен соғыс кезінде жаңсақ басып, жазаға ұрынғандар екенін ескерсек, ондайларды қанды шайқас ортасында басқару оңай емес екені даусыз.

 

Атамыз 1945-жылы, Ұлы Жеңіске небәрі екі ай  қалғанда ауыр жараланған. Содан Молотов қаласындағы №1324 әскери госпиталіне жеткізілген. Бұл оқиғаны өзінің әңгімесінде былайша баяндайды:

 

«Соңғы шайқаста ішіме оқ тиіп, орманда есімнен танып қалдым. Екі орыс солдаты мені тауып, алдыңғы шептен аман алып шықты. Тылға тамақ таситын арбамен жеткізді. Жолай ішек-қарным ақтарылып бара жат­қандай қиналған едім.

 

Бір есімді жиғанда қазіргі Пермь қаласындағы 1324-госпитальде жатқанымды білдім. Ішіме операция жасапты. Сөйтіп, соғыстың бітуіне екі ай қалғанда елге оралдым».

 

Атамыз «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін» медалімен марапатталған.  1946-жылы Отан алдында ерекше еңбек сіңірген тұлғалар мен қолбасшыларға табысталатын «Александр Невский» орденінің иегері атанған. (Айта кетейік, аталған орденнің иегерлері елімізде санаулы ғана. Олардың қатарында Талғат Бигелдинов пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар). Атамыз сондай-ақ әр жылдары мерейтойлық медальдермен марапатталған.

 

Соғыстан келгесін ол өзі туған өлкеде педагогикалық қызметпен айналысқан. Арыс қаласындағы Киров атындағы мектеп-интернатта алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болды, кейін осы ұжымның директоры болып тағайындалды. Білім саласын да­мы­тудағы ұзақ жылдар бойғы ең­бегінің арқасында «Қазақ КСР халық ісінің озық қызметкері» атанып, «Еңбек ардагері» медалі табысталды.

 

Шымкент қаласындағы №87 жалпы орта мектепке оның есімі берілді. Шымкенттегі Абай ауданына қарасты «Солтүстік-Батыс» шағын ауданындағы көшелердің бірі Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімімен аталады. Бүгінде соғыс ардагерінің ұрпақтары заң, білім салаларында қызмет етуде.

 

Біз осындай батыр аталарымызды мақтан тұтамыз. Олардың ерлік істері кейінгі ұрпаққа әрқашанда үлгі, өнеге.

 

Бидос ҚАЛШАБЕК,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік 

университетінің магистранты. Меруерт ЕРКЕБАЕВА, 

Әбдіраш Назарбеков атындағы №87 жалпы орта

мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ