78 жастағы таксист атай

09.05.2018
Қаралды: 363

Бүгінде қай жаққа барам десеңіз де алдыңыздан шыға келетін такси жүргізушілері аз емес. Біз осындай азаматтардың бірін жақында аудан орталығынан кезіктіріп қалдық. Қапсағай денелі, көзілдірік таққан, сақал-мұртты кісінің такси айдап жүргеніне де біраз уақыт болып қалған сияқты. Өзі жайдары әрі сөзшең жан болып шықты.

 

 

«Менің аты-жөнім Каналбай  Балданбаев болады, – деп ол кісі алдымен өзін таныстырып өтті. – 1940-жылы 15-шілдеде дүниеге келіппін. Жастық шағым ауырлау өтті. Бұғанам бекімей жатып «Алғабас» колхозында еңбек еттім. Қарапайым колхозшы, шеберхана меңгерушісі,  тракторшылар бригадасының бригадирі болдым. Одан кейін ұзақ жылдар шофер болып еңбек еттім. Жалпы, колхоздағы еңбек өтілім 42 жылға жетті ғой.

 

Зейнеткерлікке шыққан соң, 1995-жылдан бері такси жүргізіп келемін. Құдайға шүкір, зейнетақым бар, 8 ұл-қыздың әкесімін, 29 немере,6 шөберенің атасымын. Мен негізінен «Түлкібас – Ванновка» бағытына қатынаймын. Бір байқағаным, жолаушылардың басым көпшілігі жас жүргізушілерден гөрі егде жүргізушілерді қалайды. Өйткені біз көлікті қатты айдамаймыз. Клиенттердің айтқан уәжімен санасамыз. Төлейтін ақшасы болмай қалған жағдайда қарызға да жүре береміз.

 

Өзіміздің Жәрімбетов ауылындағы су, жарық, жылу мәселелерінің шешімін табуына тікелей араласып тұрамын. Мінезім тік, шындықты бетке айтатын болғандықтан кей басшылар мені онша жақтырмайды. Такси жүргізушілердің басын қосып, талай рет жоқ-жітік, тұрмысы нашар жандарға қайырымдылық көрсеттік.

 

Ораза кезінде берілетін пітір-садақалар негізінен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға таратылады. Биыл ауыл тұрғындарының өз қаражаттарымен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге ескерткіш орнатуды қолға алып жатырмыз.

 

Такси жүргізудегі мақсатым байып кету емес. Үнемі адамдармен араласып жүргендіктен олармен емін-еркін сөйлесіп, шер тарқатуды қалаймын.

 

Кейде жас жүргізушілерге қатты ренжитінім бар. Шынын айтқанда, олар жол жүру ережелерін жақсы білмейді, оның үстіне құйғытып қатты жүреді. Содан кейін оларға жолаушылар көп бара бермейді. Міне, таксист көкеңнің өмір жолдары осындай».

 

Каналбай қария әңгімесін осылай деп аяқтады. Ол кісінің жасы қазір 78-де екен. Қартайдым деп қарап отырмай, жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген ол кісіге біз өте риза болдық.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас   ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ