Гүлісхан тағы да биіктен көрінді

04.05.2018
Қаралды: 426

Алматыда шахматтан  Қазақстан біріншілігінің ақтық сайысы болып өтті. Шахматтан әйелдер және ерлер арасындағы чемпиондар анықталды.

 

Финалға қатысқан әйел шахматшылар арасында 2 халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және ФИДЕ-нің 3 шебері болды. Бұл жарыста жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева 9 ойыннан 8 ұпай жинап, шахматтан әйелдер арасында чемпион атанды. 2-орынды қызыл­ордалық Ә.Серікбай, 3-орынды павлодарлық Е.Анкуддинова иеленді.

 

Осы орайда айта кетейік, Гүлісхан – шахматтан еліміздің құрама командасының капитаны. Ол – Қазақстанның тұңғыш халық­аралық дәрежедегі гроссмейстері. 2011-жылдан бері Қазақстан әйелдері арасында осымен 6-шы мәрте ел чемпионы атанып отыр.

 

Г.Нахбаева 2007,  2009, 2010-жылдары Өзбекстанда, Үндістанда және Қытайда өткен Азия біріншіліктерінде чемпион болған, 2011-жылы Лондонда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанған. Ол 2012-жылы Мексикадағы құрлықаралық жарыстарда қола жүлде иеленген, 2013 және 2015-жылдары Астана мен Қытайдың Ченду қаласында өткен Әлем біріншіліктерінде 4-орынға қол жеткізген. 2013-жылы Қырғызстандағы Орта Азия біріншілігінде және осы жылы Кипрдегі Универсиадада чемпион болған. 2014-жылы Ресейде өткен Бүкіләлемдік олимпиадада 4-ші және 6-орын, Ирандағы Азия біріншілігінде күміс медаль иеленген, 2016-жылы Алматыда ұйымдастырылған Еуразия кубогінің жеңімпазы болған. Гүлісхан – 2017-жылы Қытайда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

 

...Ал аталған жарыста ерлер арасында халықаралық дәрежедегі гроссмейстер М.Қажығалиев 11 ойыннан 8 ұпай жинап, чемпион атанды. 2-орынды павлодарлық Д.Махнев, 3-орынды қостанайлық П.Костенко иеленді.

 

А. БАЙДЫБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ