Енені етене етудің ең тиімді тәсілі

03.05.2018
Қаралды: 508

Ене мен келіннің арасында толықтай өзара түсіністік болуы сирек кезде­сетін жағдай екені рас. Дегенмен ақылды келін мұндай түсініспест­іктерді тереңге жібермейді, енені етене етудің тәсілін табады. Ол үшін ененің қандай екеніне мән беріп, біліп алған маңызды. Есіңізде болсын, ененің мынадай түрлері бар:

 

Менің айтқаным заң дейтін ене. Бұған тым белсенді енелер жатады. Олар қай мәселеде де өз пікіріне өзгелердің мән беріп қарауын, сыйлауын талап етеді. Мұндай енелерге жағу қиын, әйтеуір бір кемшілікті көріп тұрады. Келін үйді қалай жинайды, тамақты қалай пісіреді, кірді қалай жуады, өзінің сүйікті ұлының жағдайына қалай қарайды – осының бәрі үнемі мұндай енелердің назарында тұрады.

 

Мұндай енеге тап болған жағдайда оған ренжіп, өкпелеп, ерегіскеннен ештеңе шықпайды. Ақылды келін түсінбестікке, нашар қарым-қатынасқа, жақтырмаушылыққа не себеп болатынын аңғара білуі керек. Ұстамдылық ененің жөнсіз сынын жеңіл көтеріп кетуге кепіл. Енеңізге оның ұлы туралы тек жақсы әңгіме айтыңыз, кейбір маңызды мәселелер бойынша онымен кеңесіп тұрыңыз. Мұндай қарым-қатынас отбасыңыздағы жағдайды қадағалап отырғысы келетін адаммен тезірек түсінісіп кетуіңізге жол ашады.

 

Тым қамқор ене. Мұндай ене келінінің ісіне жиі араласады, оған үйретуге, көмектесуге құмар. Ол үй шаруаларын, бала тәрбиесіндегі мәселелерді өте жетік меңгерген. Сізді сынап, өзімен салыстырып жүр. Мұндай сынға шыдау қиын, кейде тіпті келіннің бойын ашу-ыза кернеуі мүмкін. Өйткені бұл ене де – диктатор ене, бірақ онысын келіннің бетіне келмей, білдірмей істейді.

 

Ал мұндай енемен етене жақын болу үшін мүмкін болса, оның айтқанын екі етпей, өзі күткендегіден де кереметтей етіп бітіріп тастаңыз. Енеңізге жақсы баулып, тәрбие беріп жатқаны үшін алғыс айта жүруді ұмытпаңыз. Бірақ мұны үнемі жалбақтай бермей, орайы келген жерде білдіріңіз. Оның көз алдында жақсы келін, жақсы ана бола біліңіз.

 

Кейбір енелер кішкентай бала сияқты өкпелегіш, ұлына не болсын соған өкпе айтып жатады, оның өзіне неғұрлым мейірімді, қамқор болғанын, өзін мүлде ұмытып кетпеуін қалайды. Сондықтан бол­майтын жерден килігіп, (мысалы, күйеуіңізбен ертең бір жаққа қыдыруды жоспарлаған кезде) жоспарларыңызды бұзуы мүмкін. Мысалы, сол күні ұлына мені бір жаққа апарып кел деуі немесе өтірік ауыра қалуы мүмкін.

 

Мұндай енеге ұлының өзін ерекше құрмет­тейтінін, отбасындағы нөмірі бірінші адам ретінде оның пікірін аса жоғары бағалайтынын ыңғайы келген жерде айтып, көңілін көтеріп қойыңыз.

 

Ененің тағы бір түрі – одақтас ене. Ол бірден келінмен түсіністік жақсы қатынас орнатуға тырысады. Тек арада алғашқы түсінбестік туындауына жол бермеуіңіз керек, өйткені бұдан кейін одақтасуға мүмкіндік тумауы мүмкін. Одақтас ене келіннің істеріне бірден араласады, оған ақыл-кеңестер бергіш. Ол келінге оның қателіктерін айтуы, өз ұлының кейбір іс-қылықтарын сынап-мінеуі, келінді оған қарсы қоюы да мүмкін.

 

Мұндай ене тым ақылсыз емес. Әрекеттерін қостамайтындығыңызды жеке отырғанда ақырындап қана, намысына тимейтіндей сөздермен аңғартсаңыз, ол бәрін түсіне қояды да, арада көп өтпей-ақ өзгере бастайды. Тек дауыс көтеріп, намысына тиер сөздер, ақыл айтудан аулақ болыңыз. Оған қатысы жоқ отбасындағы шаруаларды ерлі-зайыптылар өздері шешкені дұрыс екенін сезіндіріңіз. Сіздерді аңдып, жанға тиер ақыл-кеңес бер­геннен гөрі немерелеріне уақыт бөліп, үй шаруасында өзіңізге жәрдемдескені әлдеқайда абыройлы іс екенін ұғындырыңыз. Үлкен адамша ақыл айтып емес, әрине, оябын тауып сезіндірген дұрыс.

 

Ененің тағы бір түрі өз ұлы мен келінінің ортасына от тастауға, олардың арасында қызғаныш, сенімсіздік орнатуға құмар. Өйткені ол сізді өз ұлына лайықсыз көруі мүмкін немесе оған жеткілікті қамқорлық жасамайды деп ойлайды.

 

Мұндайда барынша салмақты болыңыз. Күйеуіңізбен бір адамдай жымдасып кетуге тырысыңыз, оған адалдығыңызды, сүйетіндігіңізді барынша сезіндіріңіз. Мұны көрген ене бірте-бірте сізге басқаша көзбен қарайтын болады.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ