Баланы бай бол деп тәрбиелеген дұрыс па?

02.05.2018
Қаралды: 468

Менің таныстарым көп. Бәрінің бизнес ашқысы келеді. «Не істегің келеді?» – десем, тұрғын үй кешенін салумен, көлік сатумен, біздің ми жетпейтін кәсіп түрлерімен айналысқысы келеді. «Бірақ бастайтын ақша жоқ», – деп нүкте қояды сөздеріне. Осындайда менің көзіме төменде тұрып 10-шы қабаттағы етке қарап: «Фу, ана еттің сасығын-ай!» – дейтін  мысық елестейді.

 

Осы күнге дейін қаншама кәсіпкердің кітабын, өмірбаянын оқыдым. Бәрі кәсібін бір тиынсыз бастаған. Әйтеуір біз-ақ аяққа нық тұру үшін «Әкең бай болуы керек», «Тіреп тұрған көке керек» деген пікірге қатты сеніп қалғанбыз. Неге олай дейміз? Себебі біз – жалқаумыз!

 

Мысалы, біз аузымызды тыя алмаймыз, сөйте тұра фитнеске барып, жаттығу жасап арықтаудың орнына денедегі майды липоксация арқылы сорғызуға немесе дәрігерге барып абдоменопластикамен кесіп тастауға дайынбыз Не болмаса күніне екі түйір дәрі ішіп арықтай салғымыз келеді. Яғни бәрінің оңай жолын іздейміз.

 

Кәсіпте де солай. Төменнен бас­тамай-ақ, бірден мықты креслоға, қоңқиған джипке отыра қалғымыз келеді. Оған дейінгі тірлікті кім істейді сонда? Әлгі джип, кресло деген дүниеге мықты кәсіпкерлер бизнестің 6-шы сатысында бір-ақ жеткен. Онда да «болдым, толдым» деп отырмайды. Тірнектеп жиған дүниені одан сайын көбейту үшін, барынан айырылып қалмау үшін бұрынғыдан екі есе еңбектенеді.

 

Мейлі, сенің жүз мейрамханаңнан миллиондап ақша түсіп жатса да қарап жүруге болмайды. Жүз жақтан ақша құйылса, жүз жаққа жауаптысың. Себебі сол кәсіптің фундаменті – өзіңсің. Ұйықтасаң, бизнесің де тоқтайды. Жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бірақ өзің жұмыс істегенде ешқашан шаршамайсың, жан-жақтан соғылған телефон қоңырауы да жалықтырмайды.

 

Алайда мына нәрсені есте ұстау керек: Сенің ақшаң балаңа пұл болмайды. Себебі балаң СЕН емес, ол өзінше индивид, өзінше тұлға, өз қалауы бар. Оған сенің жұмысың ұнамауы мүмкін. Сондықтан «Әкем бай болса» деген стереотиптен арылу керек. Әкесінің арқасында он баланың біреуі ғана мықты боп кетеді. Әйтпесе қанша байдың баласы бар, мықты бизнесмен-триллионер болса, солар болмай ма?

 

Сол себепті баланы бай бол деп емес, адам бол деп тәрбиелеу керек. Әрі қарай кім болғысы келеді, оны баланың өзі шешеді.

 

Ж. БАҚЫТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ