Армяндар талап етті, Саргсян қызметтен кетті

02.05.2018
Қаралды: 231

Тұрғылықты халқының саны 3 миллион адамға да жетпейтін Армения кейінгі екі апта бойы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Бұл ел тұрғындары 2008 – 2018-жылдар аралығында екі мәрте Президент болған Серж Саргсянның Премьер-министр қызметіне сайлануына үзілді-кесілді қарсы шықты. (С.Саргсян бұрын Ішкі істер ми­нистрі, Ұлттық қауіп­сіздік министрі, Қорғаныс министрі болған, 2007 – 2008-жылдар аралығында Премьер-министр қыз­метін атқарған).

 

Арменияның 2015-жылдың соңында бүкілхалықтық референдум өткізгені белгілі. Соның нәтижесінде Конституцияға өзгеріс енгізіліп, бұл ел Парламенттік республикаға айналған болатын. Негізі әлемде мұндай басқарудың екі түрі бар: бірінде атқарушы билікті Премьер-министр басқарса, екіншісінде билік Парламент сайлаған Президенттің қолында болады. Армения осының бірінші жолын таңдаған еді. Яғни ондағы негізгі билік биылдан бастап Премьер-министрдің қолына шоғырланатын болған.

 

Өткен наурыз айында бұл елде Президент сайлауы өтті. Парламент депутаттарының жасырын да­уыс беруімен бұл лауазымға 64 жастағы Армен Саркисян сайланды. Ал сәуір айында Парламент елдің Премьер-министрі қызметіне бұрынғы президент Серж Саргсянды сайлаған болатын. Билікте 10 жыл отырған, өзінің саясаттағы карьерасын аяқтаймын деп уәде берген адам Премьер-министр болмасын деп халық оған қарсы шықты. Жалпы, жұрт Саргсянды ел бас­қарған кезде коррупция мен жұмыссыздықты жоя алмады, ішкі-сырт­қы саясатты дұрыс жүргізбеді деп кінәлайды.

 

Армениядағы халық толқуы екі аптадай уақытты қамтыды. Оған жүз мыңдаған адамдар қатысты. Тіпті ел астанасы – Ереванда бір күнде көшеге 160 мың адам жиналды. Олар көшелерді жауып, көлік қозғалысын тоқтатып тастады. Билік алғашында бейбіт шеруді күшпен басып тастамақ болған еді, одан нәтиже шықпады. Наразылық ше­рулерін ұйымдастырушы Никол Пашинян мен оның екі жолдасын, 250-ден астам адамды қамауға алғасын мәселе тіпті де ушығып кетті. Тіпті әскердің біраз бөлігі халық жағына шығып, тікелей шеруге қатыса бастады.

 

Кейін билік қамалғандарды босатуға мәжбүр болды. Ақырында оппозициямен келісе алмаған Сарг­сянның өзі де шыдамады, Премьер-министр лауазымында 4-ақ күн болған ол отставкаға кететінін мә­лімдеді. Мұны жұрт армян хал­қының жеңісі деп дүркірете тойлады. (Орайы келгенде айта кетейік, Армения халқының 99 пайызға жуығы – армяндар. Бұл ұлт өкілдерінің әлемдегі жалпы саны 10 – 12 миллион адам деседі. Яғни олар Еуропа мен Азияның және Американың бірнеше мемлекеттерінде өмір сүріп жатыр. Соның ішінде Ресейде 2 миллионға жуық армян бар көрінеді).

 

Міне, Арменияда бас-аяғы оншақты күннің ішінде ғана елдегі және шет мемлекеттердегі миллиондаған жұртты елеңдеткен осындай оқиға болып өтті. Қазір онда Премьер-министр міндетін осы қызметте 2016 – 2018-жылдар аралығында болған Карен Карапетян уақытша атқарып отыр. Енді бірер күнде Арменияда уақытша үкімет құрылып, сосын кезектен тыс Премьер-министр сайлауы өтеді.

 

...Ал енді армян халқын наразылық акциясына бастап жүрген адам жайлы айтар болсақ, Н.Пашинянның негізгі мамандығы журналист екен. Жасы – 42-де, 2012-жылдан бері Парламент депутаты, сондағы «Елк» партиясы фракциясының серкесі. Ол 2008-жылы Арменияда болған халық толқуын ұйымдастырушы ретінде айыпталып, 7 жылға сотталған, 2011-жылы рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққан. Өткен жылы Ереван қаласы мэрінің сайлауына қатысқан. Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, бұл азаматтың ел басқаруға қабілеті жетерлік деседі.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ