Бақытты алыстан іздеп адасамыз...

02.05.2018
Қаралды: 300

Кешегі күн мен үшін басқа күндерден өзгешелеу, қызықты болды. Таңғы шайды асықпай ішіп болғасын бірлі-жарымы гүлдей бастаған құлпынайды арам шөптерден арылтайын деп бақшама кірдім. 

 

Былтыр үйді үлкейтеміз деп іргетасын құйғанда құрылысшылар құлпынайдың шеткі қарықтарын таптап, үстіне ұсақ тастарды төгіп тас­таған. Оны көрген біз сол жерді тегістей саламыз, бәрібір суғарылатын жерді үйге тым жақындатпау керек қой деп ойлағанбыз. Бүгін бақшаның ортасында, жұмсақ топырақта тұрған құлпынайларға қарағанда, аяқ астында әбден жаншыла тапталып, ол аздай, төгілген тастың астында қалған құлпынайлар әлдеқайда биіктеп, құлпыра жайқалып тұрғанын көрдім. Тіпті шеткі біреуі гүлдеп те үлгеріпті. Енді оны көзің қиып қалай жұлып тастайсың?!

 

Осыған қарап тұрдым да: «Бір жаз суғарғанға үйімнің фундаменті отырып, құлап қалмас. Осы жазда дұрыстап қарайын да, күзге қарай орнын ауыстырып егейін» деп ойладым. Сосын арам шөбін жұлып, арасындағы ұсақ тастарды шотпен бір жерге жидым да, оны шелекке салып алып, қарықты тастан тазартып шықтым. Қиял шіркін жүйрік қой, сол мезет: «Адам түгілі, жай өсімдік саналатын құлпынай да қиыншылықта шыңдалады екен-ау. Әйтпесе ешбір қиындық көрмеген ортадағы құлпынайлар неге мыналар секілді көздің жауын алып, жайқалмайды? Неге әлі күнге тырбиып, өспей жатыр?» деп ойлап үлгердім. 

 

Шаруамды бітіре бергенде түс мезгілі болып, түстену үшін үйге кірдік. Шай ішіп отырғанда үйге осыдан бір ай бұрын ғана көшіп келген жаңа көршіміз кіріп келді. Артынша ойнап кішкентай қызы, оны іздеп әйелі де келіп қалды. Өзім де ерулікке шақырмақ болып жүр едім, шай ішіп болып, күйеулеріміз сыртқа шығып кеткесін көрші әйелге: «Сендерді тамаққа шақырам ғой деп жүр едім, тіреліп тұрған шаруаларың болмаса, жәрдемдесіп жібер, екеулеп манты істеп, кешкі тамақты бірге жейік», – дедім. Ол қарсы болмады.

 

Бала күнімізде анам көршілермен осылай бірлесе тамақ істеп жеп, үлкендер әңгімеге беріліп, балалар түн ортасына дейін ойынға қарық болып қалушы едік қой. Бір жағы сол да есіме түсті. Қазір неге көршілер сол бұрынғыдай арқа-жарқа әңгімелесіп, бір-бірінің үйіне емін-еркін кіріп шықпайды деп ойланып жүргенмін.

 

Жаңа көршім ақкөңіл, әңгімешіл жан екен. Білмейтін адамға сырымды шашпайын деп сыздап-сырқырамай-ақ, бар өмірін жайып салды. Тыңдап отырсам, көрмеген қиыншылығы жоқ. Күйеуі жол апатына түсіп, денсаулығынан айырылып қалыпты. Әлі күнге дейін түн ортасында шошынатын әдеті бар екен. Алаяқтардың кесірінен баспанасыз қалып, қыс ауасында кішкентай балаларымен біреудің моншасын па­налаған, пәтер жалдаса, қожайыны жақсы боп шықпаған, әйтеуір біраз қиындықты көріп үлгеріпті. Күйеуінің де, өзінің де ақжарқын, ешкімді жат тұтпай, ашылып сөйлесе беретін, біреудің шаруасына өзінікіндей білек сыбана кірісіп кететін мінездері бар екен. Аз уақытта онысын байқап қалдық.

 

Алайда бұлардың кісіні жатсынбайтын, жас баладай кіршіксіз көңілдерін есалаңдыққа санайтындар көп екен. Бір көршіден тырма сұраса, ұрысып, біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз деп үйінен қуып шығыпты. Дәл осы жағдай өз басымнан өтсе, оны жүз күнге дейін ұмыта алмай, жылап-еңіреп жүрер едім. Ал жаңа көршім соны ашуға булықпай-ақ, ешбір зілсіз айтқанда таң-тамаша болып қалдым.

 

Екеуміз әңгімелесіп отырып тамақты демде әзірлеп қойдық. Айтпақшы, тамағым манты емес, ханым болып кетті. Көршіме сол ұнайды екен. Тамақ піскенше есік алдына шығып, сөйлесіп отырсақ, бізді көріп оң жақтағы көрші мен төр жақтағы көршім келді.

 

Содан бәріміз бірге дастарханға отырдық. Жаңа көрші келіншегін еркелетіп қойып, әзілді де, әңгімені де жібереді екен. Әңгімесі де жақсы. Ешкімді жамандамады, заманды кінәламады, алдандым деп біреуге өкпе артқан жоқ. Әдемі әзілдерімен бізді күлкіге қарық қылды. Артынан домбырамен ән айтып берді. Оны көріп қызығып кетті-ау деймін, менің күйеуім де біраздан бері ұстамаған домбырасын қолына алып, күй тартып берді. Осылайша бір кешіміз жаймашуақ әңгімемен, әдемі ән-күймен аяқталғанына өзімді сондай бақытты сезіндім.

 

Кейде біз бақытты аяғымыз бара бермейтін алыстан, қолымыз жете бермейтін биіктен іздеп адасамыз. Ал ол мен қашан жарыққа шығар екенмін деп ішімізде бұғып жатыр. Кісіге жылы қабақ танытып, қолпаштай білсеңіз, ол да сізден қамқор көңілін аямайды. Бақыт дегеннің өзі сол – адамдардың тіл табысып, түсінісуі, бір-бірін сыйлап, құрмет көрсетуі емес пе? Адамға ашық қабақ пен жылы сөзден артық не керек?

 

...Оңаша қалған сәтімде ерік-жігері мұқалмаған жаңа көршіні тасты жарып шығып, жайқала өсіп тұрған құлпынайыма ұқсаттым.

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ