Айтулы Америкадағы ахуал қандай?

03.05.2018
Қаралды: 297

Бүгінде шетелдермен қарым-қатынас, барыс-келіс күшейіп тұр. Барған адам көреді, біледі, салыстырады, ой түйеді. Міне, осындай таразыға салған бір мақаланы «Ztb.kz» ақпараттық порталынан  көрдік. Қаз-қалпында алғанда онда мынадай жайлар туралы айтылады:

 

Кейбіреулерге АҚШ-тағы өмір кереметтей көрінуі мүмкін. Дегенмен онда да басқа елдердегідей өзіне тән қиындықтар жеткілікті. Салыстырар болсақ, Қазақстандағы өмірдің ондағыдан артықшылықтары бар.

 

Салық – АҚШ жұртшылығының зәресін алатын қорқынышты сөз. Бұл елдің салық заңнамасы әрқайсысы 1000 бетті қамтитын 11 томнан тұрады. Осының шамамен 3 томы жыл са­йын өзгеріп жатады. Сондықтан барлық салықтар туралы түбегейлі түсі­ніктеме алу аса қиын.

 

АҚШ-та салық төлемегендер қатаң жазаланады. Салықтық қылмыстар, шулы процестер, сотталған белгілі азаматтар туралы ел аузында үнемі айтылып жатады. «Өмірде құтқармайтын екі нәрсе бар, олар – өлім мен салық» деген әйгілі мәтел осы АҚШ-та өмірге келген.

 

Ал бізде салық жүйесі жұртқа түсінікті, қалтаға АҚШ-тағы сияқты салмақ түсірмейді.

 

Қазақстандағы ірілі-ұсақты қалаларда және қалааралық жолдарда қоғамдық көлік қатынасы жақсы дамыған. Ал АҚШ-та мұндай жоқ. Әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мемлекетте қоғамдық көлік жоқ десе де болады. АҚШ аумағында жеке көліксіз сіз өзіңізді адам ретінде сезіне алмайсыз. Такси жоқ есепті немесе оның ақысы өте қымбат.

 

АҚШ-та медицина қызметі де қымбат. Медициналық сақтандыру үшін айына шамамен 400 доллар төлеу керек, онда да ол барлық шығындарды жаппайды. Ал қамсыздандырусыз ауруханаға түссеңіз, бірнеше мың доллар шығындануыңызға тура келеді. Медициналық қамсыздандыруға, егер де оны жұмыс орнында қаржыландырмаса екінің бірінің қолы жете бермейді.

 

АҚШ-та амбулаториялық емдеу ақысы орташа есеппен 10 мың долларды құрайды, ал дәрігердің бір жолғы кеңесі 200 доллар тұрады.

 

Ал біздегі мемлекеттік ауруханаларда алғашқы тексеру тез әрі тегін жасалады, мамандар қабылдауына келесі күнге жазылуға да болады.

 

АҚШ-та емдік дәрі-дәрмектердің көбіне тек рецепт арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жергілікті дәрігерлерде барлық ауруларға антибиотик жазып беру әдеті бар.

 

Ал Қазақстанда суықтап ауыра қалсаңыз, сироп, суықтауға қарсы сұйық дәрі, аспирин, эвкалипт тұнбасы, белсенділендірілген көмір түйірі, сүзгі-қалташықтағы түймедақ сияқты бірінші қажеттіліктегі дәрмектерді алу үшін дәрігер қабылдауына барып уақыт кетіріп әуре болмайсыз.

 

Жемістер мен көкөністер. Бізде сәбіз, пияз, картоп, қызылша сияқты көкөніс, жемістер жыл бойы қолжетімді. Жазда базардан балғындарын арзан бағаға алуға болады. Көптеген адамдар өздері үшін саяжайда көкөніс егіп, жинап алады, оны ұрада сақтайды, қажет кезінде пайдалануға мүмкіндігі мол.

 

Ал АҚШ-та көкөністер басқа азықтардан әлдеқайда қымбат. Дүкеннен сатып алынған жеміс тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталынса да еш бү­лінбейтіндіктен оның өзін аздап қорқа жеуге тура келеді.

 

Бізде ғаламторды шектеусіз қолдануға мүмкіндік бар. Оған қоса түрлі операторлар көптеген қосымша қызметтер ұсына алады.

 

Ал АҚШ-тағы үй ғаламторының төлем ақысы 50 доллардан жоғары, әрі ол үнемі ойдан шыға бермейді. Бұл елде «Вай-файды» кез келген жерде қолдана беруге болады деген де – аңыз.

 

Қазақстанда алуан түрлі сүт өнімдері көп. Жергілікті өндірушілердің айран, қаймақ, сүттері қолжетімді әрі дәмді.

 

Ал АҚШ-та сүт өнімдері онша дәмді емес, оның үстіне олардың ұзақ уақыт бүлінбейтіні оның тазалығына, сапасына деген күдік тудырады.

 

АҚШ-та қысқамерзімді еңбек демалысы – жылына екі апта, орташа алғанда – 10 күн. Ал декреттік демалыс атымен жоқ десе де болады. Ең ұзақ мерзім – өз есебінен 3 аптаға дейін. Сондықтан онда әйелдер босанарына бір күн қалса да дейін жұмыс істейді. Тең құқықтылық пен толеранттылық үшін күреске қарамастан ерлер мен әйелдердің еңбек­ақыларында айырма бар: еркекке атқарған жұмысы үшін 1 доллар төленсе, әйелге 87 цент төленеді.

 

АҚШ-та тыйым көп. Іс жүзінде кез келген кәсіптік қызмет пен қарапайым адамның күнделікті өмірдегі әрекеттері әбден реттелген, тыйым салу мен ұйғарымдар өте көп. Мысалы, көлікті тұраққа тек белгілі бір жерге, белгілі бір кесте бойынша ғана қоюға болады. Тіпті қаладан тыс, табиғат аясында сейіл құруды, серуендеуді, велосипед айдауды, итпен серуендеуді, балық аулауды, темекі шегуді, сусын, ішімдік ішуді, телефонмен сөйлесуді де кез-келген жерде, қалаған кезде жасай беруге болмайды.

 

Ал үй салғыңыз, күрделі жөндеу жүргізгіңіз келсе, медициналық мекеме немесе фабрика ашпақ болсаңыз, адвокаттық іспен, жылжымайтын мүлік саудасымен айналысуды ойласаңыз, тіпті электр желісін жөндеумен, қария­лар және балалар күтімімен айналыс­қыңыз келсе де арнайы лицензиясыз мұндай іске  кірісе алмайсыз.

 

АҚШ-та білім алу аса қымбат, орташа алғанда, жылына 40 мың доллар. Ата-аналар баланың білім алуына қажет ақшаны ол өмірге келген күннен бастап жинайды. Сондықтан да АҚШ тұрғындарының бәрі дерлік несиемен өмір сүреді, оның өтемін өмір бойы төлеумен болады.

 

Дайындаған – Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ