Алтынбастаудан айқай шықты

30.04.2018
Қаралды: 314

Редакциямызға Төлепбай Бейсенов  есімді азамат арыз әкеліп тапсырды. Ол кісі кезінде ұзақ жылдар органда қызмет еткен, отставкадағы милиция майоры, заңгер екен. Төлеби ауданындағы Көксәйек ауыл әкімшілігіне қарайтын шағын ауылда жер дауы туындап, соған байланысты мүдделі адамдардың құқын қорғап жүргенін айтты, арызының негізінде газетімізде мақала жариялануын өтінді.

 

«Бұл жағдай жөнінде жоғарыдағы, ел басқарып отырған адамдар білуі тиіс. Шындық үшін тер төгуге бел будым. Оған менің қабілетім де, білімім де жетеді. Халықтың үні ретінде сіздерге келіп отырмын. Жәрдем беріңіздер. Мұнда айтылған жайлардың бәріне де нақты дәлелім бар. Олар менде сақтаулы», – дейді Т.Бейсенов.

 

Ал ол кісінің шағымында: «Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына! Көшірмелері – Ішкі істер министріне, Ме­млекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының төр­а­ғасына, «Нұр Отан» партия­сы төрағасының бірінші орынбасарына, Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорына, облыстық ішкі істер депар­таментінің бастығына, Төлеби аудандық прокуратурасына» деп жазылған. Яғни Т.Бейсенов мұндай арызды жоғары жақтарға да жолдамақ екен.

 

«Таяуда «Рабат – Ташкент» тас жолының 21-шақырымында 30 шақты адам бас қосқан, арты дауға ұлас­қан жиын болды, – дейді Т.Бейсенов. – Оған ауыл округінің бұрынғы және қазіргі әкімдері, жер жөніндегі маманы, заңгері және Алтынбастау елді мекенінің тұрғындары мен олардың Өзбекстаннан қоныс аударған туыстары қатысты. Сол жерде Шымкент қаласының Сәдібек деген тұрғыны көлік капотына картаны жайып: «Мына жерді мен жоғары жақтың рұқсатымен алдым. Сауықтыру орнын аштым. Ардагерлер үйін саламын. Соған пайдалануға берілген жер», – деп Алтынбастау ауылының жерін көрсете бастады. Осы кезде ауыл тұрғындары тарапынан: «Бұл жерді бізбен келіспей қалай алдыңыз, тұрғындар бұдан неге бейхабар?» – деген сұрақ қо­йылып еді, ол: «Оны бұрын­ғы және қазіргі әкімдерден сұраңыздар, олардың келісі­мімен жоғарғы жақ солай шешті. Міне, құжаты», – деп қағаздарын көрсете бастады.

 

Бұған аң-таң болған жұрт өздерімен ақылдаспай аз ғана жайылымдық жер мен үй салатын жерді неліктен ауылға қатысы жоқ азаматқа бергенін сұрағанда әкімдер ештеңе айта алмады. Әңгіме ушығып бара жатқасын Сәдібек ол жерден кетіп қалды».

 

Осыны жазып отырған Т.Бейсенов бүгінде Ордабасы ауданының Темірлан ауылында тұрады екен. Айтуынша, ол ішкі істер органдарынан зей­нет­керлікке шыққасын Алтынбастауға, ағайындарының ортасына көшіп барып, сонда бірер жыл тұрған. Сол кезде «Жеңіс» өндірістік коопе­ративінен бөлініп, «Алтынбастау» кооперативі құрыл­ған екен, ол соның төрағасы болып сайланыпты. Сосын мектеп салдыру үшін бала саны 100-ге жетуі қажет болғандықтан Алтынбастауға ілгеріде Өзбекстанға қоныс аударып кеткен ағайындарының ұрпағын көшіріп келуді өз мойнына алыпты.

 

«Барлығының тиісті құжаттарын жинап, жер телімін алу жөнінде ауыл әкіміне арыз өткіздік. Кейін ауыл әкімі, архитектор, жер маманы болып  Өзбекстаннан келген 16 адам­ға және маған тас жол жағасынан жер телімдерін өлшеп берген болатын», – дейді Т.Бейсенов.

 

Алайда бұл жөнінде заңды құжат түзілмеген екен. Т.Бейсенов өзінің 2001 – 2002-жыл­дары Алтынбастаудан орал­мандарға жер берілгені туралы шешім шықпағанына таяуда архивті тексеру арқылы көз жеткізгенін айтады.

 

«Сондықтан 16 жылдан бері ол ағайындар өздеріне бөлініп, қазығы қағылған жерді құжат жүзінде ала алмай жүр, – дейді Т.Бейсенов. – Оларды «ертең кел» деумен сандалтып қойған. Ауылға зиянын тигізіп, аз ғана жайылымдық жерді қоршап алуға Сәдібектің қандай құқы бар? Ол неге сүйеніп бұлай істеп отыр? Халықтың зарын кім тыңдайды?»

 

...Міне, редакциямызға ша­ғымданып келген азаматты осы мәселе толғандырып жүр екен. Ол қазір аталған ауыл тұрғындарының орын алған жайға қатты ашынып отырғанын айтады. «Мәселе әділ шешімін тапқанша әрекеттенемін. Әу бастан осы тірліктің басы-қасында жүргендіктен жұрт маған сенім артып отыр», – дейді Төлепбек Бейсенов.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ