Газ бар деп мәз болғанда көргеніміз осы ма?

30.04.2018
Қаралды: 101

Бүгінде ауылды жерлерге табиғи газдың жеткізілгенін айтып көп мақтанамыз. Бұл дұрыс қой, «көгілдір отын» талай мәселені шешеді. Дегенмен оның проблема тудыратын жағы да бар. Тұтынылған газдың өтемін төлеу ауылдықтарға оңай тимейді. Яғни төлемақы мәселесінде әділдік болса екен дейміз.

 

Біздің үйге таяуда 3 айда тұтынылған газ ақысы жазылған түбіртек әкелді. 64 мың теңге. Ауылдық жерде жұмыс істейтіндердің жалақысы 30 – 35 мың теңге екені белгілі. Зейнетақы алатындардың да шылқып отырғаны шамалы. Сонда ай сайын 20 мың теңгеден аса қаржыны газға ғана төлейтін болсақ, басқа қызмет ақылары бар, аз ақшаны бұлардың қайсысына жеткіземіз? Тамағымызды қайтіп асыраймыз?

 

Басқа облыстарда газдың бір текше метрінің құны 19 – 20 теңге, ал бізде 35 теңге екен. Таяуда облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов осы жөнінде айтып, мәселе көтерді. «35 теңге – қала тарифі, ал ауылдікі – 19 теңге. Сендер болсаңдар бәріне 35 теңгеден төлетіп отырсыңдар. Ұят қайда?» – деді ол газбен қамтамасыз ететіндерге.

 

Сонда газдың басында отырғандар не істесе де өздері білетін болғаны ма? Бұл не, елді қанау ма? Ілдебайлап күн көріп отырған ауылды тонау ма? Газбен қамтамасыз етілдік деп мәз болып жүргенде көргеніміз осы ма?

 

Мен өзім ауылда тұрамын, мүмкіндігі шектеулі жанмын. Пайдаланылған газ ақысы үшін 19 теңге төлеймін бе, әлде 35 теңге төлеймін бе?

 

Жалпы, талай адамды толғандырып жүрген бұл мәселеге қатысты басшылар дұрыс түсінік берсе, жұртқа мән-жайды анықтап айтса екен. Әйтпесе бұған қатысты наразы болып жүргендер көп.

 

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Төлеби ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ