Әлібек Өмірәлиев: «Әзірбайжан халқының белсенділігі жоғары екен»

01.05.2018
Қаралды: 405

Таяуда Әзірбайжанда кезектен тыс Президент сайлауы өткені белгілі. Орталық сайлау көмиссиясының мәлімдеуінше, бұрынғы Президент Ильхам Әлиевке сайлаушылардың 86,2 пайызы дауыс берген. Осы шараға біздің елімізден тәуелсіз бақылаушы ретінде бірқатар азаматтар  барып қайтты. Олардың арасында Оң­түстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мырза да бар. Кешегі аптада біз Әлібек Кәденұлымен әңгімелесіп, Әзір­байжанға барған сапары туралы сұхбаттастық.

 

– Әлібек мырза, Әзірбайжанға бардыңыз, не көрдіңіз, не байқадыңыз? Ол жақтағы сайлау қалай өтті?

 

– Әзірбайжандағы Президент сайлауы ел Конституциясына сәйкес, осы жылдың күзінде өткізілуі тиіс еді. Бірақ 2016-жылы ол елде референдум өткізіліп, Әлиев мерзімінен бұрын сайлау белгілеу құқығына ие болған. Сол себепті осы сайлау өткізілді. Адамдармен, сайлаушылармен сөйлесе келе ол елде Гейдар Әлиевтің абыройы өте жоғары екенін білдім. Сол себепті көпшілік оның ұлы Ильхам Әлиевке сенім білдіріп отыр. Ендігі 7 жылда осы кісі Президент болады.

 

Жалпы, Әзірбайжанда 125 сайлау округі бар екен. Біздерді әр округке бөліп тастады. Мен және біздің елден барған бірнеше кісі Баку қаласында болдық. Дайындықтары өте жоғары деңгейде болды. Ұйымдастыру мәселесіне де жіті көңіл бөлінгені көрініп тұрды. Керекті техникалар, байланыс жүйесі секілді нәрселерге дейін ойластырылған. Сол себепті ме, анау айтқандай заң бұзушылық болған жоқ.

 

Соңғы халық санағы бойынша Әзірбайжанда 9 миллион 900 мыңға жуық адам тұрады екен. Ал Бакудің өзінде 3 миллионға жуық халық бар. Сайлауға қатысу деңгейі де жақсы, халқының да көңіл-күйі көтеріңкі болды. Мәселен, біз барған 35-ші сайлау округінде 46 мың 922 сайлаушы болса, солардың 72 пайызы келіп, өз таңдауын жасады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, кешегі Ресейде өткен сайлауға жалпы халықтың 60 пайызға жуығы қатысқан. Оған қарағанда Әжірбайжан халқының белсенділігі жоғары болды.

 

– Баку қаласын аралап көруге мүмкіндік туды ма? Адамдарының тұрмыс-тіршілігі қандай екен?

 

– Баку өте әдемі, таза қала екен. Сайлаудан соң аралап көруге мүмкіндік болды. Жалпы, Әзірбайжанның экономикасына негізінен мұнай және жеңіл өнеркәсіп саласынан табыс түсіп жатыр. Кілем тоқу өндірісі мықтап жолға қойылған, ол көптеп шығарылады. Сосын теңіздің бойында орналасқан ел болғасын халқының басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысатынын байқадық. Сол себепті ме, адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы көрінді.

 

Жерге қатысты білгенім, Әзірбайжанда ауыл шаруашылығына берілетін жерлер, тіпті тұрғын үй салуға арналған жердің бәрі мемлекеттің меншігінде екен. Үй – өзіңдікі, бірақ жер – өкіметтікі. Оны сен тек 99 жылға дейін жалға ала аласың. Сосын стратегиялық маңызы бар нысандар да мемлекеттің қарамағында. Арнайы бір талаптары бар, соны орындаймын десең, жалға алуға болады.

 

Өздеріңіз білесіздер, Әзірбайжан мен Арменияның қарым-қатынасы онша жақсы емес. Сонау 90-шы жылдары жариялылық деңгейі жоқ кезде екі елдің жағдайы туралы халық көп естімеді ғой. Ал енді біз Бакуде орналасқан мемориалды кешенге барып, мынадай нәрсе естідік: Сонау Одақтың дүркіреп, Горбачевтің қылышынан қан тамып тұрған кезінде Армения Бакуді басып алмақ болған ғой. Сонда Әзірбайжан Президенті Түркия басшысына өтініш жасап, әскери көмек көрсетуін сұраған. Түркия қолдау көрсетіп, Әзірбайжан мемлекетінің тұтастығын сақтап қалуға жәрдем берген. Осы себепті әзірбайжан халқы Түркия елін аса қадірлейді. Халық «Егер Түркия мемлекеті болмағанда біз осы күні Арменияның құрамына еніп кетер едік» деп құрметпен еске алады. Ал енді біз барған мемориалды кешен Арменияның Бакуге жасаған жорығында қаза тапқан 300-ге жуық адамның құрметіне салынған екен.

 

Айта берсек, әңгіме көп. Жалпы, тарихқа сүйенсек, Арменияның қазіргі тұрған жері әу баста Әзірбайжандікі болған екен. Таулы Қарабақ та сол Әзірбайжанның жері болған ғой негізі. Ал енді қазіргі Нахичевань автономиялық республикасы Бакуден 450 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ оған тек қана ұшақпен баруға болады. Ал көлікпен не Иран арқылы, не Армения арқылы баруға тура келеді. Яғни бұл Армения деген мемлекет Әзірбайжан жерінің ортасында тұр ғой. Осындай жағдайларды көріп, естіп қайттық.

 

– Ал енді олардың сайлау жүйесінде біздің елдегі жағдаймен салыстырғанда қандай да бір өзгешелік бар ма?

 

– Өзгешелік бар. Мысалы, біздің елде сайлау комиссияларының мүшелері жалақыны тек сайлау науқанында ғана алады, басқа уақытта тарап кетеді. Ал Әзірбайжанда ондай емес. Сайлау комиссиясының мүшелері тұрақты түрде жалақы алып отырады. Мәселен, округтік сайлау комиссия­сында 9 мүше болса, соның ішінде төрағасына, хатшысына, сосын тағы бір маманға айлық төленеді.

 

Сосын тағы бір ерекшелігі, ол жақта аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары мен хатшыларын орталық сайлау комиссиясының төрағасы бекітеді екен. Яғни ондағы қызметкерлер біздікі секілді сайланбайды, тағайындалады. Сондықтан тікелей орталық сайлау комиссиясына бағынады. Ал бізді саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұсыныс жасап, оны жергілікті мәслихат депутаттары қарап, дауысқа салу арқылы сайлайды.

 

– Сіздіңше осы екі жүйенің қайсысы дұрыс? Сайланған ба, әлде тағайындалған ба?

 

– Салыстыра келе айтар болсам, тағайындалған дұрыс. Мысалы, біздер қазір Орталық сайлау комиссиясына қарамаймыз. Себебі бізді жергілікті мәслихат сайлаған. Сайланған соң тұрақты түрде жалақы алмаймыз. Әзірбайжанда бәрі басқаша, өздерінің кеңселері бар. Қаржыландырылып отырады. Ал біз қазір облыстық әкімдіктің ғимаратында «квартирант» есебінде отырмыз. Ал аудан-қалалардағы учаскелік сайлау комиссиялары әр жерде отыр. Бұл – бір. Екіншіден, учаскелік сайлау округтерінде көбіне-көп мұғалімдер мен дәрігерлер жұмылдырылады. Олардың өз жұмыстары қауырт қой. Оның үстіне сайлау жүйесіне сәйкес біліктіліктерін арттырмаған, ол үшін қаржы да бөлінбейді. Осыдан кейін адамда немқұрайдылық пайда болады. Заңды дұрыс оқымайды, соның салдарынан түрлі кемшіліктер кетіп жатады. Егер біздің елде де әл­гіндей жағдай жасалса адамдардың жауапкершілігі артар еді, жұмыс бір жүйеге түсер еді деп ой­лаймын. Қысқасы, осындай. Тәртіп бар. Жүйеге түскен. Сонысына қызықтым.

 

– Әңгімеңізге рахмет! Бұйыртса, біздің елдің де сайлау жүйесі жақсы жағына қарай өзгереді деп сенейік.

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ