Еуропарламент Қытайдағы қазақ мәселесін талқыламақ

01.05.2018
Қаралды: 461

Еуропа парламенті Қытай қазақтарының жағдайын талқыламақ. Германия үкіметі де бұл мәселені жақын арада күн тәртібіне алады деп күтілуде.

 

Өткен жылы дүние жүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында сөзге шыққан Германия қазағы Өмірхан Алтын Елбасы Нұрсұлтан Назарба­евқа Қытай қазақтарының құқықтары тапталып, қатты саяси қысым мен қудалауға тап болып жатқанын тікелей жеткізген еді.

 

Енді, міне, Өмірхан Алтынның арызы бо­йынша Еуропа парламенті алдағы мамыр айында бұл мәселені қолға алмақ. Еуропа парламентінің адам құқықтары жөніндегі комитеті бастығының орынбасары Варбара Лочвихлер ханым Өмірхан Алтынға жазған хатында оған Шығыс Түркістандағы жағдай туралы берген мәліметтері үшін алғысын білдіре отырып, өзінің ол жақта адам құқықтарының өрескел түрде тапталуына қатты алаңдауда екенін айтты.

 

Еуропа парламентінің депутаты Лочибихлер ханым сонымен бірге келесі мамыр айында Парламенттің адам құқықтары жөніндегі ко­митетінің Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының жағдайын талқылайтындығын мәлімдеді. Осыған орай депутат Өмірхан Алтыннан қосымша мәліметтер мен дәлелдер жеткізуін де өтінген.

 

Сонымен бірге Өмірхан Алтын жақын арада Германия парламентінің (Бундестаг) депутаты және адам құқықтары комитетінің белсенді мүшесі Маргарете Баусе ханыммен кездесіп, Қытайда қазақтар тап болып келе жатқан зұлымдықтар, ассимиляциялау саясаты туралы егжей-тегжейлі түсіндірген.

 

«Қытайлардың қазақтармен қатар ұйғыр қатарлы басқа да мұсылман азшылықтарға бағытталған адам сенгісіз сан түрлі қысым, қудалау тәсілдерін, кәрі-жас демей жүз мыңдаған адамдардың жазықсыз түрмелерге қамалуын, екіге бөлінген отбасылардың аянышты тұрмыс жағдайларын естігенде неміс депутаты Ваусе ханымның көзіне жас келді», – дейді Өмірхан Алтын.

 

Германия парламентінің депутаты Баусе ханым алдағы күндерде Германия үкіметінің бұл мәселені жоғары деңгейде қолға алуына күш жұмсайтынын айтты. Сонымен Еуропа парламентімен қатар Германия үкіметі де Қытайдағы қазақтардың жағдайын алдағы күндерде қолға алуы мүмкін.

 

«Атамекен ерікті жастары».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ