Оңтүстік ай сайынғы мерекелер мекеніне айналмақ

28.04.2018
Қаралды: 528

Кешегі аптада Түлкібас ауданындағы қызғалдақ қаптап өсетін әйгілі Шұбайқызыл шоқысында «Қызғалдақ фестивалі» өткізілді. Оған жиналған жұртшылық қызылды-жасылды алып кілемге ұқсаған әсем табиғат аясында сейіл құрып, бір жасап қалды. Табиғат-Ананы қастерлеуге үндейтін мұндай іс-шара енді жыл сайын сәуір айында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырмақ.

 

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі биылдан бастап осындай ауқымды іс-шараларды өлкеміздің әр аумағында өткізуді және оны дәстүрге айналдыруды қолға алып отыр. Бұл орайда кешегі 21-наурызда Қазығұрт ауданында «Нау­рыз Қазығұрттан басталады» атты керемет мереке өткізілгені белгілі. Наурыз мерекесін ерекше атап өту, өңірдің арнайы брендіне айналдыру мақсатында облысымызда жыл са­йын «Наурыз рекорды» аталатын шараны дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.

 

Сонымен наурыздан басталған мереке сәуірде де өз жалғасын тапты. Енді мамыр айында Ордабасы ауданында «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі», «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» атты тақырыптарда ауқымды шаралар өткізілмек. «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» деген атпен жастар форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

 

Ал маусым айында Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық» іс-шарасын өткізу жоспарланған.

 

Шілдеде халықаралық өнер фестивалі өткізіледі. Сондай-ақ Төлеби ауданында халықаралық, республикалық дәрежедегі суретшілер мен мүсіншілердің биеналлесін (екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын көркемөнер көрмесі, фестиваль, байқау) өткізу жоспарланған.

 

Облысымыздағы бірқатар аудандардың қауын-қарбыз өсірумен, тіпті оны шетке экспорттаумен аты шығып жүргені белгілі. Осы орайда жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалі, «Қауынқақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» деген атаулармен байқау, жәрмеңкелер өткізіліп тұратын болады.

 

Алтын күздің бастауы – қыркүйек айында «Агро fest» фестивалі дәстүрлі жалғасына ұласады.

 

Облысымызда туризмді дамыту да – маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан қазан айында өңірімізде «Safarі Shardara» шарасы ұйымдас­тырылатын болады. Бұл шара аясында Қызылқұм өңірінде, Сырдария бойында, Шардара теңізінің жағалауында сафари, су жарыстары, сейіл, күзгі джаз, гитара фестивальдерін ұйымдастыру көзделген.

 

Сарыағаш ауданында жыл сайын қараша айында гольфтен «Open Saryagash» атты халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру жоспарда бар.

 

Ал қыс маусымының алғашқы айы – желтоқсанда Төлеби ауданында «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу қысы», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы» атты іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

 

Алдағы 2019-жылдың қаңтар айында «Салбурын – саятшылық ме­рекесі», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар өткізілетін болады.

 

Ақпан айында Түркістан қаласы мен Отырар ауданында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» іс-шарасы өтеді. Мақсаты – қолөнерді дамыту, ұмыт қалып бара жатқан өнер түрлерін жаңғырту.

 

...Міне, жыл – он екі ай бойы Оңтүстікте осындай мерекелі іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың жергілікті БАҚ-та жарияланған мақаласында жан-жақты атап көрсетілген.

 

Иә, ойдағы ізгі мақсат іс жүзінде лайықты жалғасын тауып жатса, кәнеки!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ