Аталардың ақ батасы жауған күн

03.05.2018
Қаралды: 720

Кешегі сәрсенбіде Шымкент қаласындағы Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының үлкен залында «Қарияның батасы мен ақ тілегі – өмірдің өзегі» деген тақырыппен іс-шара болып өтті. Оны Исамудин Рысбай басқаратын қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

 

«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының аясында ұйымдастырылған батагөй қария­лар сайысында қаланың төрт ауданынан іріктеліп шыққан аузы дуалы 8 қария бақ сынады. Олар үш тақырыпта – халқымыздың салт-дәстүрлерінде бе­рілетін, еліміздің тәуелсіздігіне арналған және еркін тақырыптар бойынша бата беріп, халқымыздың ғибратқа толы салтын паш етті. Оларды зал толы жұртшылық аса ризашылықпен қолдап, қолпаштап отырды.

 

Батагөйлер сайысында қа­рия­лар бата беруден өнер көр­сетсе, қаланың әр ауданынан келген әжелер ансамбльдері мен жекелеген әншілер халық әндерін, қазақ композиторларының, Ш.Қал­даяқовтың әндерін орындап жиынды қыздыра түсті. Кітапхана ұжымы халқымыздың салт-дәстүрлерінен сахналық қойылымдар көрсетті.

 

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған іс-шара соңында Ақ­молда Әбдіманап бастаған қазылар алқасының шешімі жарияланды. Батагөй қариялардың өнеріне баға берілді, оларға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.

 

Байқаудың бас жүлдесі (200 мың теңге мен арнайы диплом) қаланың әл-Фараби ауданы атынан қатысқан Сейдахмет Байдәулетов қарияға тапсырылды. Екінші және үшінші орындарды (150 мың мен 100 мың теңге) Махамбет Ешімбетов пен Өмірзақ Сыздықов иеленді. Сондай-ақ Абдуваз Абдурайымов, Тұрсынбай Әбдірахманов, Жұрынтай Әбілдаұлы, Абдулла Мәденов есімді ақсақалдар ынталандыру сыйлықтарына (10 мың теңгеден) ие болды.

 

Жиын соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай байқауға қатысқандарға және оның ойдағыдай өтуіне атсалысқан барша азаматтарға, Пушкин атындағы кітапхана ұжымына өзінің ал­ғысын білдірді.

 

«Бұл – алғаш рет өткізіліп отырған байқау. Алдағы уақытта жалғасын табады деген ойдамыз», – деді Исамудин Нәштайұлы.

 

Жалпы, бұл өзі аталған жиынға қатысқан үлкен-кішіні бір серпілткен ерекше байқау болды. Жұртшылыққа тәлім-тәрбиелік берері мол мұндай байқау лайықты жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Суреттерді түсірген – Ж. ӘБУОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ