Әйелге айтылған ауыр сөз үшін де заңды жаза бар

26.04.2018
Қаралды: 148

Бүгінде барша әлемде белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Зерттеулерге сүйенсек, оның басты себептері маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар екен. Мұндай ұрыс-керістен негізінен әйелдер зардап шегетіндіктен біз отбасында зорлық-зомбылықтан қорғанудың тәсілдерін айтпақпыз.

 

2009-жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» жаңа заң шыққан. Бұл заң бойынша әйелді ұрып-соқпақ түгілі, оның жанына тиетін ауыр сөздер айтса, моральдық-психологиялық түрде шаршатса, әкімшілік шара көріледі. Егер күйеуіңіз ішіп келіп, дөрекі мінез көрсете бастаса, «102»-ге қоңырау шалып, учаскелік полицияны шақыртып, үстінен арыз жазсаңыз болады. Арыз жазғаннан кейін учаскелік полиция күйеуіңізге профилактикалық әңгіме айтып, қорғау нұсқамасын толтырады. Содан соң жанжал шыққан отбасын он күнге бақылауға алады. Сол он күн  ішінде әр екі күн сайын қадағалап, күйеуі тынышталды ма, жоқ па, сол жағына бақылау жасайды. Осы аралықта күйеуіңіз сабырға келмеген жағдайда оның ісі сотқа жолданады. Содан кейін сот оған әкімшілік шара көреді. Айыппұл салады немесе үш күннен қырық күнге дейін қамауға алады. Сонымен бірге зорлық-зомбылық көрсетуші адам есепке алынады.

 

Егер күйеуі ұрып, әйе­­ліне дене жарақатын салса, оған арнайы заң баптары бар. Осы заң баптары бойынша әкімшілік шара көріледі. Жоғарыда айтылған заң тек күйеуге ғана емес, отбасының барлық мүшелеріне қатысты шығарылған. Кейде енесінің, қайын сіңлі, қайын әпкелерінің ұрсатынын, тіпті ұрып кететінін айтып шағымданатын әйелдер бар. Ал мұндай зорлықшыларға да тура жоғарыдағыдай шара көріледі. Тіпті көршісі тиіссе де полиция шақырып, оның үстінен арыздануына болады. Бірақ көршісі тиіскен жағдайда қорғау нұсқамасы толтырылмайды. 

 

Жалпы, отбасында қандай қорлық көрсе де «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішін­де» дегендей, ашуын ақылға жең­діріп, адамгершілік, ар-ұяттан аттап кете алмай, шыдамдылық танытып жүре беретін әйелдер өте көп. Олар күйеуінің үстінен шағымдануды ұят санайды, елден ұят болады деп қысылады.

 

Осындай жағдайда бәрін ақылға салған дұрыс. Адам – тас емес. Тамшы тама берсе, тасты да теседі. Ал қамшының сабындай қысқа ғұмырында қаншама жыл күйеуі­нен, енесінен немесе отбасының өзге бір мүше­сінен зорлық-зомбылық көріп жат­қан әйелдер бар. Олар өзінің жеке тұлға екенін, өздерін заң қорғайтынын білуі керек.

 

Қысқасы, біз­дің мақсатымыз ерлі-зайыптыларды ажырастырып жіберу емес, керісінше, зорлық-зомбылықтың жат қылық екен­дігін тү­сіндіріп, бір-бірін сыйлауға, қадір­леуге үйрету.­ Әйел отбасында тү­сіністік болмаған сәтте, өзін қолдайтын заң бар екенін ешқашан ұмытпауы керек.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ