Үйінде 200 жылан, 15 кірпі асырайды

27.04.2018
Қаралды: 1145

Түркістан қаласында үйінде жылан мен кірпі асырайтын азамат тұрады. Бір бөлмесіне арнайы сандық пен жәшік орнатып қойған Асантай Закировтың (суретте) қазір 200-ге тарта жыланы бар. 15-ке жуық кірпісін ол бөлек бөлмеде ұстайды. Әйтпесе кірпілер жыланды түк қалдырмай жеп қоятын көрінеді. Ал А. Закиров олардан шипалы сорпа жасайды екен.

 

Кәрістерден үйренген кәсіп

 

«Мен бұл кәсіпті кәрістерден үйрендім. Олар біздің жақтан жылан мен кірпі аулайтын. Сөйтіп одан сорпа жасайтынын естідім. Біздің өңір құмды ғой. Онда көлбар жылан көп. Өзім де талайын ұстап, кәрістерге бергенмін. Сөйтіп жүріп біреуімен жақын дос болып алдым. Ол маған шипалы сорпа әзірлеуді үйретті.

 

Біздің мұсылманға жат әдет қой деп, бастапқыда оған қызыққан жоқ едім. Бірде бір таныстың бүйрегі суықтап, қатты ауырды. Ауруханаға жатып емделеді. Шыққан соң көп ұзамай қайтадан ауырдым дейді. Сонда кәрістен көрген тәсіліммен танысыма сорпа жасап бердім. Содан кейін ол бүйрегім ауырды деген емес. Одан кейін  таныстардың өтінішімен өкпесіне қатты суық тиген, бруцеллезбен ауырған адамдарға сорпа әзірлеп бердім. Осылайша жылан сорпасын әзірлеу біртіндеп менің кәсібіме айналып кетті», – дейді А. Закиров.

 

Асантай Арифұлының шипалы сорпа әзірлеп жүргеніне биыл 25 жыл болыпты. Осы жылдар арасында оған өзіміздің елден бөлек, Ресейден, Түркиядан, Қытайдан келіп сорпаға тапсырыс берушілер болған.

 

«Саратовтан келген ерлі-зайыптылардың 30 жастағы ұлы өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан екен. Алғашқы сатысы дейді. Сол жақтағы бір профессор шөлейт, құмды жерде тіршілік ететін көлбар жылан шипа болуы мүмкін депті. Сұрастырып жүріп, Түркістаннан Ресейге жұмыс іздеп барған жігіттерді жолықтырады. Олар менің мекен-жайымды беріпті.

 

Оларға үш жыланнан бөлек-бөлек сорпа әзірлеп, шыны ыдысқа құйып бердім. Оншақты күннен кейін қайта келді. Әлгі сорпаны ішкен соң баласы бой-бой болып терлеп, жеңілдеп қалған көрінеді. Тағы да әзірлеп бердім. Осылайша үш рет қатынаған олар соңғы келгенінде бұл сорпаны медициналық емді үзбей, оған қосымша ретінде ішкенін айтты. Кейінгі тексерулер баласының беті бері қарағанын көрсеткенін айтып қуанды. Волгоградтан келгендер мен жайлы солардан естіпті», – деп еске алады Асантай Арифұлы.

 

Астанада құрылыс компаниясы бар түрік азаматы осы сорпаны ішу арқылы витилигодан, ал «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік жолын салушы компания өкілі – Қытай азаматы асқазан жарасынан айығыпты.

 

Осы жағдайдан кейін А. Закиров жылан сорпасының шипасы туралы мәліметтер жинастыра бастайды. Бұл ретте оған баяғы кәріс досы көп көмек көрсетіпті. Сөйтіп кейіпкеріміз көлбар жыланның шипасы жайлы жатқа білетін маман болып шыға келеді.

 

 

Қандай ауруларға ем?

 

Асқазанға түскен соң бұл сорпа адамды бой-бой етіп терлетеді екен. Дене аздап қызғандай болып, аурудан титықтап, әбден әлжуаз тартқан адам маужырап, ұйқысы келеді дейді. Жылан сорпасы адамға күш-қуат береді, иммунитетті көтереді, терлету арқылы ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады.  Яғни ағзаның өзін-өзі сауықтыру процесін іске қосады. Сондықтан оны мың да бір дертке дауа деп жатады. Тек бұл сорпаны ішкен адам салқынға ұрынбай, дұрыс күтінуі тиіс.

 

Осы талаптарды орындағандар жүрек-қан тамырлары ауруларынан, әйелдерге және ер-азаматтарға тән сырқаттардан, өкпенің, қуықтың қабынуы, артрит, артроз сияқты буын және жалпы ішкі ағза ауруларынан айыға алады екен. Оны жазылмай жүрген және асқынған түрлі жараларға да дауа деседі.

 

Емге жыланның көлбар деп аталатын түрі қолданылады. Одан әзірленетін сорпа кемі үш сағат қайнауы тиіс екен. Иісін басып, шипасын күшейту үшін оған лавр жапырағы, аздап қызыл және қара бұрыш қосылады. Өз ісіне әбден машықтанған А. Закиров диагнозға қарай кейде оған емдік өсімдік те қосады. Жыланның көлеміне қарай қосылатын 2,5 – 3 литр су төрт сағатқа жуық қайнап, бір литр ғана қалады. Науқас оны бірнеше бөліп, бір күнде ішіп тауысуы керек. Ем жеті күнге созылады. Өте ауыр және созылмалы ауру кезінде бір апта үзілістен кейін емді қайта жалғастырған жөн екен.

 

Кірпі сорпасы тасты түсіреді дейді

 

Көлбар жыланды көктем мен күз аралығында табу оңай. Қыста ол жазымен бойына жинаған нәрді «жеп», қалың ұйқыға кетеді. Ал Асантай ағаға жылан нақ осы қара күз бен ерте көктем аралығында көбірек керек болады. Содан ол санаулы жыланды кептіріп, мұздатқышта сақтап қоюды әдет еткен екен. Бірақ ол сорпа сұрап келушілерге жетпей қалады. Қатты ауырып, қалайда тауып бер деп келген адамға көктемге дейін күт деу тағы орынсыз. Осы кезде ол үйінде жылан асырауды ойлайды. Бір бөлмесін дайындап, сыртын темірмен қоршаған үлкен сандықтар қояды. Жыландарға керекті шөп, өсімдік тамырын жинайды. Сөйтіп «түсі суық жыбырлауықтарды» қолдан көбейтуге көшеді.

 

Ал өтте, бүйректе, қуықта тас, құм, тұз бар адамдарға А.Закиров кірпі сорпасын береді екен. Оған кірпінің ауғандық деген түрі керек дейді. Жылан сорпасына қарағанда онда әбден сүр болған қазының майы сияқты қызыл түйір ет болатын көрінеді. Бұған да сұраныс тәуір болған соң кірпі асырауды да қолға алған.

 

«Жыланды аптасына бір рет азықтандырсақ жетеді. Ал тауық, тышқан, кесіртке, жылан жейтін етқұмар кірпіні асырау жыланға қарағанда қиындау. Жылан аулауды қоямын ба деп едім, осы кірпілер үшін аптасына бір рет «жорыққа» шығып тұруға тура келеді. Өйткені ем үшін жылан етімен қоректенген кірпі керек.

 

Біздің өңірде жыланның түр-түрі көп. Кейде көршілер үйге жылан кіріп кетті деп көмекке шақырады. Оларды ұстап алып, кірпілеріме беремін. Олар әсіресе кобраны, қара бас, құйрығын тақылдата айбат шегетін тақылдақ және шахматты жыланды жақсы көреді. Бұзаубас, кесірткені де жейді.

 

Бір қызықты айтайын. Ауыл-аймақта «Жылан асыраушы» деген атым бар. Итім де соған лайық, жылан жейді. Оны біз үйреткен жоқпыз. «Ит иесіне тартады» деген осы екен-ау», – деп күліп алды ол.

 

Ресейден келіп жылан сорпасын әкеткен адамдардың жағдайы Асантай ағаға көп ой салыпты. Сөйтіп ол емнің жаңа түрін жасауға көшіпті. Қазір ол алыстан келген адамдарға сорпа емес, жылан етінен жасалған талқан береді. Ол үшін жылан етін кептіріп, ұнтақтайды. Оны таңертең және кешке бір шай қасықтан ішіп, артынан жарты стакан су ішу керек екен.

 

Қытайға барып қайтыпты

 

Асантай Закировтан Қытай азаматтары да жылан сорпасын алып ішкенін айттық. Сонда оның жыландарын көрген қытайлықтар оның шипасы өз еліндегіге қарағанда күштірек деген баға беріпті. Оның себебі жыланның қоректенуінде болса керек. Ал Қытайда жылан түгілі тышқан мен тараканға да жейтін қорек табу қиын, көзге түссе өздері қорекке айналып жүре береді емес пе? Cодан Асекең былтыр жазда елуден астам жылан етін кептіріп, ұнтақтап, Қытайға алып барады. Оны Үрімшідегі жылан етінен дәрі жасайтын адамдарға сатыпты.

 

Қытайға барғанда ол талай қызыққа куә болыпты. Ол жақта жылан қанын спиртке араластырып дәрі жасайтын жанмен танысқан. Ол қан рагы – ақ қан ауруына таптырмас ем екен. Сондықтан қымбат бағаланады дейді. Жыланның жүрегінен дәрі жасайтын адаммен жолыққан. Ол жүрек ауруларынан, инфаркттен, инсульттен, жоғары қан қысымынан зардап шегетіндерге өте жақсы көмектеседі екен. Бірақ Асекең оны әлі емдік тәсіліне енгізбепті.

 

«Жылан етінен ұнтақ әзірлеу үшін мен оны келіге түйетінмін. Оны електен өткізіп, ірі түйірлерін қайтадан түйемін. Бір жыланның ұнтағын әзірлеу үшін кемі 45 минут уақытым кететін. Үрімшіде кофемолка сияқты темірден жасалған кішкентай станок көрдім. Жыланның кептірілген етін турап, соған салса, әп-сәтте талқан етіп шығарады. Екі жүз долларға біреуін сатып алдым. Ол менің көп уақытымды үнемдейді.

 

Қытайлар бақаны, кесіртке, бұзаубасты да кептіріп, ұнтақтап, дәрі жасайды екен. Алушылары да жетерлік. Бірақ оларда жәндік табыла бермейді. Көбіне Тәжікстан алыпсатарларынан алатындарын айтты.

 

Олар не болса соны жей береді екен. Бірде қарным ашып, асханаға кірдік. Әрі таксист, әрі аудармашы болып жүрген ұйғыр жігітке тауық етін жеймін дегенмін. Бір уақытта қып-қызыл етіп тауықты бүтіндей қуырып әкелді. Басын да, аяқтарын да кеспеген. Жиіркеніп, шығып кеттім. Сосын мұсылман асханасынан лағман жедік. Ал тауықты тырнақтарымен қоса әлгі ұйғыр рахаттанып жеп алды. Онда тауықтың аяқтарын тырнағымен қоса отқа қыздырып, таяқ тығып қойып, чупа-чупс сияқты сатады екен.

 

Бұл елден үйренеріміз де, жиренеріміз де көп екен. Аудармашы жігіттің аты – Әнуар. Оған күніне 3000 теңге төлеп тұрдым. Әр барған жеріме такси қызметі есебінде тағы 10 юань (500 теңге) төледім. Сонда дүкенге кірсем, ол көлігінің есігін ашық қалдырады. Ешкім ұрламайды дейді. Өйткені көшенің бәрінде камера тұр.

 

«Ұрлықпен ұсталған адамды бейнебақылау арқылы жылдам тауып, тез мойындатып, саусағын шауып тастайды. Сосын қызып тұрған майға салып алады. Сонда қуырылып шыққан саусақтан қан кетпейді. Ал саусағы жоқ адамды ұры деп ешкім жақтырмайды. Маңына да жолатпайды. Осыдан кейін ешкім дәті барып ұрлық істемейді», – деді Әнуар. Қорқынышты, қатал заң. Ешкім бұлтарып-бұза алмайтын тәртіп», – деп еске алады Асекең.

 

...Сөз соңында кейіпкеріміз Асантай өзін қынжылтатын бір жайға тоқталды. Ширек ғасырлық тәжірибесінде бірнеше елдің көптеген ұлт өкілдеріне емдік сорпа әзірлеп берген ол мұсылмандардың денсаулығына немқұрайды қарайтыны жанына бататынын айтады.

 

«Еврейлер шынында да аурудың алдын алатын халық екен. Орыстар жөтелсе болды, дәрігерге жүгіреді. Ал мұсылмандар: «Алла өзі сақтайды» деп, қашан құлағанша жүре береді. Ауруы әбден асқынғанда: «Аллаға не жазып едім?» – деп, бала-шағасын жетілдіріп үлгермегенін айтып жылайды. Адамдар-ау, Алла да сақтанғанды сақтайды ғой. Денсаулықты күтсеңіздерші!» – дейді ол.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Асантай Закировтың байланыс телефондары:

8-777-917-97-10, 8-771-795-50-54.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ