Өз ауылын шығындатып, мерейтойын өткізетіндер бар

24.04.2018
Қаралды: 198

Бүгінде   басылым  беттерінен  атағы  дардай, республикаға танымал  кейбір азаматтардың  туған  жерінде мерейтойын  өткізіп, шапан киіп, «темір тұлпар» мініп қайтқанын жиі оқып жүрміз. Таяуда облыстық ауруханада бірге жатқан Әлсейіт  есімді  түлкібастық  кәсіпкермен болған әңгіме кезінде де осындай бір жай жөнінде естідік.

 

«Көктем, күз мезгілдерінің диқандар үшін аса  қарбалас болатынын бі­лесің­дер, – деген еді ол  кісі. – Жанар-жағармайдың біт­пес  жырын айтпай-ақ қояйын, олардың бағасы дәл  сол  кезде көтеріліп кететіні тағы да белгілі.

 

Сондай қарбалас күндердің  бірінде  мені  ауыл  әкімі  кең­се­сіне шақырды. Шаруам шаш-етектен болса да басшының аты басшы ғой, амал жоқ, бардым. Сөйтсем, Алматыда тұратын бір композитор кісі ауылымызда өзінің мерейтойын өткізбекші екен. Алпыс жасқа толғанын Арыстың жағасында думандатып өткізбекші екен.

 

– Ол кісінің аты-жөні кім? Біз танимыз ба өзі? – десем:

 

– Сіз танымайсыз. Бала кезінде  шешесі екеуі  қалаға көшіп кеткен көрінеді. Бір қауым ел  емеспіз бе, сіз  мал  сойып, келген қонақтарға  шапан жабуды қолға алсаңыз қалай  болады? Оған еріп келетін адамдар тым көп емес, ары  кетсе  жиырма шақты болып  қалар, – деп  маған  қолқа  салып  тұр.

 

– Ол  жиырма адамның бәріне бірдей  шапанды  қайдан  таппақпын?

 

– Жиырма болмаса да жолын тауып бес-алты  кісіге  шапан  жабуға шамаңыз  келмей ме?

 

– Жоқ! – деп  мен  бірден  бұрқ ете  қалдым. – Ондайларға босқа ақша шашып, шапан жапқанша  тракторыма  жанар-жағар май алмаймын ба? Әлде ол кісі менің  егінімді орып бере ме? Мен оны танымаймын да. Ауылға емешегі езіліп  тұрса неге анау құлайын деп тұрған клубқа, есігінен құлып түспейтін кітап­ханаға демеуші болып, жанашырлық танытпайды? Неге артта желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді жанына тартпайды? Тоз-тозы шығып кеткен ауыл тұрмысын қолға аламын десе оған кім кедергі?! – деп ашуымды баса алмадым

 

– Жоғары жақтан осындай бұйрық бар, Әлеке... – деп әкім күмілжіп қалды. – Шынымды айтсам, оны мен де танымаймын. Бірақ амалым қанша?.. Сіз бар, біз бар, бүкіл ауыл болып қонақтарды күтіп алайық та... Әлеке,.. – деп майдалап келе жатыр еді, мен сөзін  тыңдамай, кетіп қалдым.

 

Содан әкім басқаларды жалынғандай болып, әзер көндіріпті. Ал мерейтой болған күні  облыстан үш автобуспен жалпы саны алпыс шақты қонақ келіп, бір-екі күндей болып, талай қойдың басын мүжіп кетіпті. Ал әлгі композитор көкеміз астына ат мініп, үстіне  жар­қырата шапан, басына айыр қалпақ қондырып, ырза кейіппен аттаныпты. Кейінірек мәлім болғаны – оны шашбауын көтерушілермен қоса күтіп-шығарып салу үшін шаруа қожалығы төрағаларының әрқайсысының мойнына 50 – 70 мың теңгеден «салық» салыныпты.

 

Осыдан кейін қарбалас шаруаның кезінде жерлес­терінің несібесін қағып кеткен әлгі композиторға қалай ішің жылысын? Қайта көптің наласын арқалап кетті ме деп қорқам кейде».

 

Осылай деген Әлекең әңгімесін күрсіне отырып аяқтады.

 

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ