Әзімхан Мелдебеков қайда жүр?

24.04.2018
Қаралды: 246

Облыс  жұртшылығы ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық экология академиясының академигі, ауданның 1993 – 1995-жылдардағы әкімі Әзімхан Мелдебековті жақсы біледі. Ол кісі бұдан төрт-бес жыл бұрын еңбек демалысына шыққан болатын. Үнемі халық арасында жүретін ол кісі содан бері көрінбей қалды. Жақында  Мекке-Мәдинаға барып қажы атанып қайтпағанда осылай жүре берер ме еді... Көптен бері «жоғалтып» алған ағамыздың қажы атанғанына құтты болсын айту үшін оған арнайы жолыққанды жөн көрдік.

 

– Көптен көрінбей кеткен едіңіз. Жағда­йы­ңыз қалай? Қазір немен айналысып жүрсіз?

 

– Адам үйде қарап отыра алмайды екен. Шынын айтқанда, менде тыным жоқ. Шаруа қожалығындағы қыруар жұмыстар енді менің мойныма түсті. Қарамағымыздағы азын-аулақ жерге егін егу, мал азығын дайындау, оларды күтіп-баптау, егістікке мал түсіп кетпеуі үшін оны қору, жаз бойы өсірген астықты төкпей-шашпай қамбаға құйып алудың бәрі маған артылды. Бірақ, Құдайға шүкір, барлығын әзірге тап-тұйнақтай атқарып жүрген жағдайым бар.

 

– Құдай қуат берсін өзіңізге, аға. Енді ғұмырнама парағын кері ақтарып көрсек қай­теді...

 

– Мен 1950-жылы 20-мамырда Түлкібас ауданы, Вознесеновка (қазіргі Тастұмсық) ауылында тұратын Мелдебек, Бибіхадиша Үсенбаевтардың отбасында дүниеге келіппін. Балалық, жастық кезеңім осында өтті. Есімі ауданға мәлім әкем мені жастайымнан адал еңбек етуге, ешкімнің ала жібін аттамауға баулыды. Соның нәтижесінде сабақты да жақсы оқыдым. 1967-жылы Лермонтов атындағы орта мектепті үздік бітіргесін Ал­матыдағы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Оны 1972-жылы үздік дипломмен тәмамдап, әскер қатарына аттандым. Азаматтық борышымды атқарып келген соң Ауыл шаруашылығы институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еттім. Кейін елге оралып, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болдым, «Путь-Ильича» колхозы төрағасының орынбасары қызметін атқардым.

 

...Әзімхан Мелдебековтің одан арғы еңбек жолдары облыс көлемінде биіктей түсті. Ол 1983 – 1985-жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші көмекшісі, сосын Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызмет­терін атқарды. Киров аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1992 – 1993-жылдары Түркістан ауданының әкімі қызметін атқарды.  1993-жылы Түлкібас ауданына әкім болып келді.

 

– Сонымен, сіз туған ауданыңызға әкім болып келдіңіз. Алғашқы жұмысты неден бас­тадыңыз?

 

– Ауданға басшы болып келген соң колхоз-совхоздарды таратпауға күш салдым, мемлекет мүлкін кім көрінгенге сатуға қарсы болдым. Түлкібас астық комбинатын, цемент зауытын, құс фабрикаларын, консерві зауытын сақтап қалдым. Ауданымыздан шыққан тұңғыш Премьер-министр Сергей Терещенкомен тығыз байланыста болып, талай игілікті істердің атқарылуына ықпалымды тигізе алдым ғой деп ойлаймын.

 

Кейінгі кезде ел арасында «Әкімдер не істеді, елге не пайда келтірді? Құрметті азамат атағын не үшін алды?» деген сияқты сөздер көбейіп кетті. Менің басқаларда шаруам жоқ, ал өзім әкім болғанда  не істедім дегенге айтарым мынау: Бірінші атқарған жұмысым – аудан тарихынан сыр шертетін Т. Рысқұлов атындағы өлкетану мұражайын аштым. Бұл мұражайды өз басым ауданның мөрі деп есептеймін. Аудан әкімшілігі ғимаратының алдында тұрған Ленин ескерткішінің орнына қоғам қайраткері Т. Рысқұловтың алып ескерткішін орнаттық. Осы жауапты жұмысты атқаруға орасан үлес қосқан құрылыс саласының майталманы Сламхан Дауылбаевқа айтар алғысым шексіз.

 

Сол кезде көптеген мұғалімдер мен дәрігерлер өз мамандықтарын ала дорбаға алмастырып кет­кені де жасырын емес.  Бұл тығырықтан шы­ғу үшін мен С. Терещенкомен, академик М.Жұрыновпен ақылдаса отырып, солардың көмегімен ауданда Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филиалын ашуға қол жеткіздім. Әрі оның бірінші ректоры болып бекітілдім. Бүгінде қарап отырсам, жалпы республикада 124 аудан болса, соның бірде-біреуінде университет ашылмаған екен. 12 жыл өмір сүрген сол университеттен 3026 студент диплом алып, түлеп ұшып шығуының өзі зор мақтаныш емес пе? Осы аралықта талай ғалымдар аудан орталығына келіп студенттерге дәріс берді.. Сол кездері білім берген профессорлар М.Мырзахметов, Тұрдалин, экономика ғылымдарының докторы Н.Ахметов, Н.Орманов, Қ.Әбілдаев, Т.Сексенбаев, Т.Сұлтанбеков, ұлағатты ұстаз, тұрартанушы Е. Күзембаев сынды экономика ғылымдарының кандидаттары, профессорлары Түлкібаста еңбек етіп, көптеген дарынды студенттерді даярлағаны әлі есімізде. Кейін бұл жоғары оқу орны М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің филиалы болды. Бізден талай экономист, бухгалтер, аудитор, педагогтар түлеп ұшып, бүгінде кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтарына сай қызмет атқаруда.

 

– Мекке-Мәдинаға барып, қажы атанып қайтыпсыз...

 

– Мекке-Мәдинадағы қағбада дұға айтып, Жаратқаннан еліміздің тыныштығын тіледім, ауданымыздың 90 жылдығын атап өтуге даярланып жатқан жерлестерімнің ынтымағын, татулығын, бірлігінің арта беруін сұрадым.  Елімізге Алланың нұры жаусын дедім. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Адам – өз бауырың ғой, оған жек көріп қарамағын. Жер басып жүргенде тым шіренбегін. Алла-тағала даңғойлар мен мансапқорларды жақтырмас. Әрбір әрекетіңде кішіпейіл бол, сөйлегенде де сыпайы айт. Ең ұнамсыз дауыс есектікі ғой», – деген сөздерін іштей қайталап тұрдым.

 

Міне, менің бар айтарым осы. Кейінгі жастарға иманды болыңдар, үлкендерді қашанда сыйлай біліңдер, жақсы сөйлеп, адал еңбек етуге ұмтылыңдар дер едім. Барлықтарыңа Алланың нұры жауып, ауданымыздың әл-ауқаты, тұрмысы жақсара берсін деймін.

 

Өз басым халқымыздың біртуар перзенттері  – Д.Қонаев, С.Жандосов, О.Сүлейменов, М.Әуезов, М.Жұрынов, М.Үркімбаев, З.Тұрысбеков, А.Терещенколармен жиі кездесіп, дидарласып жүргенімді еш уақытта да ұмытпаймын. Менің қызметте жет­кен аздаған жетістіктеріме осы кісілердің тигіз­ген септігі аз емес шығар деген ойдамын.

 

– Әңгімеңіз үшін рахмет, өзіңізге де зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – О. КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ