«Басшылар бұған назар аудармаса, жоғары жаққа жазамыз», – дейді Шымкенттің бір топ тұрғындары

26.04.2018
Қаралды: 635

Редакциямызға Шымкенттің  А.Мірқасымов, Ж.Омаров, Ж.Шаймерденов, К.Төребеков және А.Эргашев есімді тұрғындарының атынан хат келді. Оның толық мәтіні мынадай: «Біздің талап-тілектерімізді «Заманада» жариялауларыңызды өтінеміз. Басшылар назар аударып, тиісті шешімдер жасайды деген үміттеміз. Олай болмаса, мәселені көтеріп, республикалық басылымдарға, Үкіметке жазамыз.

 

Ал бізді мазалап жүрген мәселелер мынадай: Қазіргі таңда жолаушыларды тасымалдайтын автокөлік жеткілікті болғанымен, өкінішке орай, олардың бар мақсаты тек ақша табу ғана болғандықтан қызмет көрсету тәртібі мен мәдениеті төмен, жолаушылардың қауіпсіздігі назардан тыс қалып жатады. Көлікті бір­қалыпты, рұқсат етілген жылдамдықпен айдау сирек кездесетін болды. Оқыстан тез қозғалту немесе жүріп келе жатқанда кілт тоқтату, артынша жұлқи тез жүріп кету, яғни көлікті жұлқылап-теңселтіп айдау әдетке айналған. Мұндайда адамдардың жарақат алуы жиі кездеседі. Ал ол үшін жұрттан кешірім сұрау деген жүргізушінің ойына кіріп те шықпайды.

 

Жалпы, шындығын айтқанда, жолаушыларды тасымалдауда бірқатар жағымды істердің атқарылғанын да жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, «контролерлер» арнайы киіммен жүреді, билет кеседі, келесі аялдаманың қайсы екенін алдын-ала хабарлап тұратындары да бар. Олар көлікке отырған жасы үлкен кісілерге орын беруді ескертіп тұрады, олардың бұл талабын жастар орындайды. Қимылы баяу қарттарға, балалы әйелдерге, жүгі бар адамдарға да көмектесіп жататынын көріп жүрміз.

 

Алайда жолаушыларды тасымалдау ісінде кемшіліктер әлі де баршылық. Кей автобустардың іші-сырты лас, орындықтары, терезелері алқам-салқам. Көбінде күнқағары жоқ, бар болса, қажет  кезде ары-бері жылжытуға көнбейді. Ал кейбірі қара түтінін будақтатып, ауаны ластайды.

 

Аялдамалардың да бәрі бірдей ойдан шығып тұрған жоқ. Кейбірінің орындықтары сынған, кір, отыруға ыңғайсыз. Көбінің аты жазылмаған, ауызша хабарланады. «Контролерлер» кей аялдамаларды кеңестік кезеңдегі атымен атайды. Мысалы, «Фантазия», «Огонек», «Аэровокзал», «Военторг», «Чернышев­ский», тағы басқа. Соңғы кездері бұл аялдамалардың маңына сәулетті ғимараттар, жаңа мекемелер, нысандар салынды ғой, неге олар­ға сол объектілердің атын бермеске?

 

Тағы бір келеңсіз жайт мынадай: «Контролерлер» әр аялдамадан адам мініп, автобус жылжыған сайын: «За проезд беріп жібе­ріңіздерші!» – деп айқайлап жатады. Жолау­шылардың барлығы дерлік қазақ болса да солай айтады. Негізі бұлай сөйлеуге тыйым салу керек шығар.

 

Жүргізушілердің рульде отырып қалта телефонымен жиі сөйлесетінін де көп көреміз. Кейбірі радионы бар даусымен қосып қояды, тіпті басқа тілде сарнатып та жолаушылардың мазасын алады. Негізі жолаушыларға жағымды бағдарлама қосылып, құлаққа жайлы әуендер ойнап, даналар өсиеті, әзіл-қалжыңды, күлдіргі әңгімелер айтылып  тұрғаны дұрыс емес пе?

 

Кейінгі бірнеше жыл бойы аялдамаларда «секундомер» дегендер тұратын болды. Олар да автобустың алдына жүгіріп шығып, айқайлап, қай автобустың қай жерде кетіп бара жатқанын айтады. Мүмкін кестеден қалып немесе озып бара жатқандар жайлы айтатын шығар, ол жағын білмедік. Оларға «контролерлер» 50 теңгеден ақша беріп те жатады. Ол не үшін? Жалпы, мұндай «секундомерлер» не үшін керек деген сұрақ талай адамның ойында жүр.

 

Бәрібір де автобустар графигін сақтамайды, жолаушылар үшін өзара жарыс тоқтар емес. Автобустар көп жағдайда кішігірім аялдамаларда көп тұрмайды, кейде тіпті тоқтамай өтіп те кетеді. Есесіне базар аялдамаларында ұзақ тұрып, жолаушыларды күтеді. Бір қызығы, оларды тәртіпке шақыратын «секундомерлер» мұндай жерлерде жоқ.

 

Соңғы жылдары қалада жекеменшік авто­көліктер көбейіп кетті. Олар үй арасындағы аулаларды, балалар ойнайтын алаңшаларды, тұрғындар жүретін жолды да бөгеп, тарылтып тастады.

 

Жалпы, біздің осындай келеңсіздіктерді жою жөнінде айтып жүргенімізге 10 – 15 жыл болды, бірақ олар оңды шешімін табар емес. Осы жағы бізді қатты қынжылтады.

 

Осыған орай қала мен тиісті сала басшыларының бұл кемшіліктерді жойып, қала тұрғындарының еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауы үшін мына шараларды іске асыруын сұраймыз:

 

1. Автокөлік жүргізушілері жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты ережелерді бұлжытпай орындасын. 2. Көліктердің ішкі-сыртқы тазалығын сақтап, орындық, ұстағыш, күнқағар, желдеткіш жүйелерінің ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін. 3. Аялдама аттары жазылып қойылсын. Оларда қай автобустың қашан өтетіні көрсетіліп, кестесі жазылып тұрсын. Әр автобустың нөмірі тек алдында ғана емес, төрт жағында да көрінетіндей болып жазылып тұруы керек. 4. Барлық жолсеріктер арнайы киіммен жүретін болсын, өз елімізде, қазақтардың арасында жүріп: «За проезд төлеңіздер» дегенді қойсын. 5. Адамдар көп жүретін Бәйдібек даңғылының бойындағы аялдамаларды көбейту керек. Бір-екі шағын аялдамаға сыймай, жауын-шашында сыртта бүрсеңдеп тұратындардың жағдайын кім ойлайды?

 

Тағы бір айтарымыз өзіміз тұратын №4 шағынауданға байланысты. Соңғы жылдары ол да өсті, тұрғындар саны көбейді, кәсіпорын-мекемелер ашылды. Ал шағын аудан арқылы өтетін автобус біреу ғана, жолаушылардың оны күтіп қалатын кезі көп. Осыған орай біздің аудан мен №112-орамға қарай жүретін тағы да бір автобус бағыты ашылса екен дейміз.

 

Жалпы,  мұндай жайлардыі қала, сала басшылары білмейді емес, білетін шығар. Ал білсе неге тәртіп орнатпайды? Өйткені бұл жекелеген адамдарды емес, көпшілікті толғандыратын мәселе ғой. Сондықтан бұған нем­құрайды қарамау керек».

 

...Міне, редакциямызға жолданған хат авторлары осылай дейді. Олардың өтініш-талаптары тиісті басшылардың құлағына жетеді деп ойлаймыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ