Шам елінің шаңырағы шайқалып тұр

24.04.2018
Қаралды: 431

Бүгінде әлем жұртшылығының назары Сирияға ауып отыр, осы жақтан үшінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып кетуі мүмкін деп дабыл қағып жатқандар көп. Себебі таяуда АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Францияның әскери күштері бірігіп ондағы үкіметтік және қорғаныс саласының нысандарын зымыранмен атқылады. Сирия аумағына жойғыш қуаты орасан 100-ден астам зымыран атылды.

 

 

Батыс коалициясының мұндай қадамға баруына Сириядағы қарулы оппозицияның үкімет әскерлері бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды деген сөзі себеп болды. Олар бұған дәлел ретінде ауруханада қақалып-шашалып жатқан адамдар түсірілген бейнежазба жариялаған болатын. Дегенмен бұл жалған болып шықты.

 

Осы оқиғаға қатысты Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақырды, АҚШ-тың әрекетін тәуелсіз елге жасалған агрессия деп тануды, оған тыйым салуды талап етті. Алайда бұл істе Ресейді тек Қытай мен Боливия ғана қолдады, 8 мемлекет оған қарсы шықты 4-еуі қалыс қалды.

 

Қысқасы, Батыс біріккен күштерінің қандай да бір себеппен немесе сылтаумен Сирияға әскери соққы беру қаупі сейілмей тұр. Бұл елдегі 2011-жылы басталған Азамат соғысы да халықты титықтатып бітті. Кезінде тұрғындар саны 23 миллиондай болған Сирияны осы уақытқа дейін 5 миллионнан астам адам тастап, басқа мемлекеттерге босып кетті. Көптеген қалалар қирап жатыр. Ал үкімет күштері мен қарулы оппозицияның, жергілікті күрдтердің, сондай-ақ елге енген түрлі қарулы топтардың арасындағы қарулы қақтығыстардың тыйылатын түрі жоқ.

 

Геосаяси жағынан АҚШ пен Ресейдің және Батыс  мемлекеттерінің мүдделері тоғысқан аймақта олардың заңды және заңсыз жолмен барған әскерлерінің өзара қақтығысы орын алуы да әбден ықтимал нәрсе. Жұрттың дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып кетуі мүмкін деп қорқып жүрген себебі де осыдан. Мүдделі мемлекеттердің Сириядан әскерін алып кетуді ойламайтынын ескерсек, жағдай бұдан да ушыға түсетін сияқты. Ондай болмас үшін келісімдер керек, бірақ оның нышаны көрінер емес.

 

Кейінгі бірнеше жылдан бері  соғыстан көз ашпай, қайғы-қасірет шегіп келе жатқан бұл елде тезірек бейбітшілік орнаса екен дейміз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ