600 қазақ сарбазы 50 мың ойратқа ойсырата соққы берген

27.04.2018
Қаралды: 465

Орбұлақ шайқасына – 375 жыл

 

Биыл қазақтың тарихына алтын әріппен жазыл­ған әйгілі Орбұлақ шайқасына 375 жыл толады. Осыған байланысты Шымкентте оған арналған ғылыми-танымдық конференция болып өтті.

 

Ерлер есімі – ел есінде

 

Жалпы, Орбұлақ шайқасы туралы нақты деректер өте аз. Ол ел аузындағы жырлар мен шежірелер арқылы белгілі болған. Сондай-ақ бұл шай­қас жөнінде жоңғарлар арасында, Жоңғар хандығына барған орыс елшілерінің жазбаларында сақталған екен. Өкінішке орай, көп уақытқа дейін айтылмай, ұмыт қала жаздаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тарихымызды түгелдеуге мүмкіндік тиген жылдары ғана бұл тақырып қозғалып, зерттеле бастады.

 

Осыдан 25 жыл бұрын, 1993-жылы елімізде Орбұлақ шайқасына қатысты деректер жинау, тиісті іс-шаралар өткізу жөнінде Үкімет қаулысы қабылданған. Онда жоспарланған шаралардың бір­қатары осы уақытқа дейін атқарылған болса, біразы әлі де өз кезегін күтіп тұр.

 

Орбұлақ шайқасындағы бабалар ерлігін мәңгі есте қалдыруға қатысты атқарылған іс-шараларда белгілі заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халық­ара­лық қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың да мол үлесі бар. Ол кісінің бастамасымен Орбұлақ шайқасындағы бабалар ерлігіне қатысты ескерткіш орнату, ғылыми-танымдық конференция өткізу, бүкіл ел болып тойлау үшін атаулы күндер тізбесіне енгізу жөнінде мәселе көтерілген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік универ­ситеті, тағы басқа ұжымдар мен азаматтар тарапынан қызу қолдау тапты.

 

Міне, осындай бастамалар мен ізденістер нәтижесінде облысымыздың Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылы тұсынан осы Орбұлақ шай­қасындағы сарбаздар ерлігін паш ететін мемориалдық кешен бой көтерді. Осындағы ел тарихын бейнелейтін бас­қа да тарихи ескерткіштермен бірге онда Орбұлақ шайқасында қазақ қолын бастаған Салқам Жәңгір ханның және сол шайқаста оған Самар­қаннан 20 мың қолмен көмекке жеткен Жалаңтөс баһа­дүрдің ескерткіштері, шайқасты бей­нелейтін панно бар, осы шай­қаста көзге түскен батырлардың аттары гранит тас­қа ойы­лып жазылған.

 

Ал Орбұлақ шайқасы бол­ған жер қазіргі Алматы облысына қарайды. Ол – Жоң­ғар Алатауының ішінде, Алтынемел асуына жақын маңайдағы Белжайлау деген табиғаты көркем жер. Шайқас­тың «Орбұлақ шайқасы» деп аталу себебі сондағы Ор деп аталатын шағын өзенмен байланысты. Кеңестік кезеңде онда малшылар жайлауы болған, қазір де мал жайылымына пайдаланылады.

 

Құрамында Б.Тұрғараев бар бастамашыл топ 2017-жылы Орбұлақ шайқасы өткен жерге барып, батыр бабалар рухына құран бағыштап қайтты. Кейін ескерткішке деп таңдалынған жерге Шымкенттен темір қоршау мен гранит белгітас жасатып апарды. Бұл белгітас сондағы шоқы басына қойылған, сырты шарбақпен қоршалған. Онда: «Қа­зақ елінің тәуелсіздігі мен ер­кіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтар атынан» деген жазу бар.

 

Деректер не дейді?

 

Біртұтас жоңғар хандығының 1635-жылдары құрылғаны тарихтан белгілі. Оны бытыраңқы тайпаларды біріктіріп, Батур есімді қонтайшы құрған. (Жоңғарларда тайшы – тайпа басшысы болса, қонтайшы – тайшылардың үстінен қарайтын ел билеушісі). Осы Батур қонтайшы 1643-жылы 50 мың қолмен қазақ даласына аттанады.

 

Осы қалың қолды Жетісу жерінде тарихта Салқам Жәңгір деген атымен қалған Жәңгір ханның бар-жоғы 600 сарбазы қарсы алған. (Салқам Жәңгір – Есім ханның ұлы, Тәуке ханның әкесі. Ол 1652-жылы жоңғарлармен болған шайқастардың бірінде шейіт болған. Кей деректерде оның хандық құрған кезеңі 1628 – 1652-жылдар арасы деп көр­сетілген, енді бір деректерде әскерді Орбұлаққа бастап бар­ғанда ол әлі сұлтан дәре­же­сінде еді деп те айтылады. Ал «салқам» сөзі – алып, айбатты, ержүрек деген мағына береді екен, бұл ат Жәң­гір­ге Орбұлақ шайқасынан кейін берілген).

 

Ол кезде қазақ хандығының астанасы – Түркістан. Жаудың беттеп келе жатқанын Жәңгір оның ішіндегі жансыздарынан (барлаушы, тыңшы) естіп, жан-жаққа хабар жібереді. Сосын өзі іріктелген 600 сарбазды алып Жетісуға аттанады.

 

Ол шайқасқа деп тау ішін­дегі сай-салалы, қалтарыс-бұлтарысы көп, қолайлы жерді таңдапты. Сосын қазақтың әскери тарихында тұңғыш рет жаумен окопта шайқасу тәсілін ендірген. Яғни тау басынан сайға қарай ұзындығы 3 шақырымға жуық ор қаздырыпты. Ержүрек сарбаздар екі тау арасындағы сайда қыспақта қалған жаудың алдыңғы тобын осы жерде атқылап, биіктен тас жаудырып жусатып салыпты. Жоңғардың кейінгі тобы келгенше Самар­қаннан Жалаңтөс баһадүр бас­таған 20 мың қол көмекке же­тіпті. Сосын жау кейін ше­гінген.

 

Қандай тәсілдер қолданған?

 

Кей деректерде қазақ сар­баздарының қаптаған жауды жоюда бұдан басқа да әдіс-тәсілдерді қолданғаны туралы айтылады. Мысалы отты қару қолданған делінеді, Орта Азия хандықтарынан, орыстардан оқпен атылатын қару (мылтық) алған дейді. Мергендер окопта, жақпар тастарды паналай отырып, жауға садақпен ғана емес, мылтықпен де оқ жаудырған дейді.

 

Сол кездері қазақтарда ти­ген жауын сеспей қатыратын улы жебелер болғаны, жауды уландыру үшін сасықтеке деп аталатын шөпті түтетіп қолданғаны туралы айтылады. Ал сасықтеке тау­текелер күйлеген кезде гүлдейді екен. Соның гүлін жинап, суға қайнатып, шүбе­ректі соған малып, кепкеннен кейін өртесе, бықси түтіндеп, төңіректегі тірі жанның бәрін уландырады деседі. Ал қолданған адамның өзі уланбайтыны – ол аузы-мұрнын тұм­шалап, ешкі ма­йымен сылайды, ал улана қалса, қымыз бен меңдуана қосылған сусын ішіп айығады екен. Ат уланса, оның тұмсығын құйрық майымен тазартатын болыпты.

 

Орбұлақ шайқасында күші әлденеше есе басым жауға қарсы осындай да әдістер қол­данылған екен. (Орбұлақ шайқасы тарихын зерттеу­шілердің бірі – жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының айтуынша, сол кездегі жаудың саны қазақ сарбаздарынан 83 есе көп болыпты). 10 мың адамынан айырылған Батур қонтайшы қанша күш салып, әдіс-айла қолданса да қазақтарды ала алмапты.

 

Батур қонтайшы өздерінен күші әлденеше есе аз қазақтардан ойсырай жеңілгеніне қатты қорланған екен. Кейін келіссөздер үшін арнайы барған орыс елшілерін де біраз уақытқа дейін қабылдамай қойыпты. Жоңғарлар мұның себебін елшілерге айтып түсіндірген. Қонтайшы оларды кейінірек, біраз сабасына түскесін қабылдапты. Сонда ол 11 мың адамымнан айырылдым деп айтқан екен. Бұл жөнінде орыс жазбаларында сақталыпты.

 

...Міне, әйгілі Орбұлақ шайқасы туралы деректер осылай дейді. Оны әлем тарихындағы өзгеше шайқастардың бірегейі деуге толық негіз бар. Өйткені 600 жауынгермен 50 мың әскерге қаймықпай қарсы шығу деген тарихта бұрын-соңды болмаған жай. Жұртшылық тек ежелгі гректердің парсы басқыншыларына қарсы күресіндегі 300 жауынгердің 20 мың әскерге қарсы тұрғаны туралы оқиғасын біледі. Біздің дәуірімізге дейінгі 460-жылы болған деп айтылатын бұл оқиғаға қатысты «300 спарталық» атты фильм түсірілген.

 

Ендеше, ұлт рухын асқақтататын осындай фильмді біз­дің кино саласының мамандары да түсірсе, керемет бо­лар еді.

 

Қорыта айтқанда, Орбұлақ шайқасы туралы деректер біздің ұлтымыздың тарихындағы айшықты оқиға болып қалары сөзсіз. Біз бұл жөнінде әрдайым еске алып, сол арқылы рухымызды ас­қақтатып отыруға тиіспіз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ