Головкин «Сұмдықты» сындыра ала ма?

21.04.2018
Қаралды: 556

Кәсіпқой бокстың бірнеше тұжырымдамасы бойынша Әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин алдағы 5-мамырда кезекті жекпе-жегін өткізетін болды. Қарсыласы – «Сұмдық» (Кошмар) деген лақап аты бар, түбі армениялық АҚШ боксшысы Ванес Мартиросян. Жекпе-жек Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында өтеді.

 

Г.Головкин бұл жолы Сауль Альвареспен кездесуі керек еді. Бірақ  Альварес өзіне қатысты туындаған допинг дауымен жүргендіктен онымен болатын жекпе-жек кейінге қалдырылды. Сондықтан Головкиннің бұл жолғы кездесуі Мартиросянмен өтетін болып шешілді.

 

Г.Головкиннің жасы қазір 36-да. Ол кәсіпқой боксты бастаған 2006-жылдан бері 38 жекпе-жек өткізген, оның 37-сінде жеңіске жеткен, соның 33-і – нокаутпен. Тек 1 жекпе-жекте ғана, С.Альвареспен тең түскен еді.

 

В.Мартиросян да кәсіпқой боксқа 2006-жылы келген. Осы уақытқа дейін 40 жекпе-жек өткізген, 36-сында жеңіске жеткен. 20 жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол да 1 рет қарсыласымен тең түскен, бірақ 3 мәрте жеңілістің дәмін татқан. Головкинмен жекпе-жек қарсаңында, 1-мамыр күні оның жасы 32-ге толмақ.

 

Генаның бойы – 177 сантиметр, салмағы 72 кило болса, Мартиросянның бойы – 183 сантиметр, салмағы 70 килоның шамасында.

 

Бұл кездесудің билеттері кешегі бейсенбіден бастап сатылып жатыр. Мартиросянның өзі сол күні: «Енді менің тарихи кезеңім келді. Жұртты таңқалдыруға дайынмын», – деп мәлімдеді. Ал біздің Гена қашанғы әдетінше «арық сөйлеп, семіз шығатын» сияқты. Қысқасы, қызықты жекпе-жек болғалы тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ