Аты аңызға айналған Манап аға

24.04.2018
Қаралды: 398

Шымкенттегі жаңа технологиялар колледжіне білім саласына еңбек сіңірген қайраткер, ғалым, меценат Манап Өтебаевтың есімі берілді. Колледж ауласына оның ескерткіш-бюсті орнатылды. Білім ошағында ғылыми-танымдық конференция болып өтті.

 

Оқу орны ғимаратының маңына ағаш көшеттері отырғызылды, колледжде футболдан турнир өткізілді. Бұл іс-шараның барлығы да Манап Өтебайұлының туғанына 80 жыл толған мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

 

Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, оның сапалы білім алуына арнаған ардақты ұстаздың есімін қалай ұлықтаса да жарасады. Ол кісінің әсіресе өзінің атын иемденген колледжге сіңірген еңбегі мол. Бұл оқу орнында ол сонау 1969-жылдан бастап жұмыс істеген. (Ол кезде колледж «Шымкент гидромелиоративтік-құрылыс техникумы» деп аталатын). Осында ол әуелі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды, 1975 – 2004-жылдар аралығында кол­ледждің бас директоры қызметін атқарды.

 

...М.Өтебаев 1938-жылы 15-сәуірде Сарыағаш ауданының «Красный Восток» колхозында өмірге келген. Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетін, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын 1960-жылы Ташкент облысының Сырдария ауданындағы мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Шымкент политехника техникумында химия пәнінен сабақ берген, техникум комсомол ұйымының хатшысы болған.

 

Ол кісі 44 жылдық  ұстаздық ғұмырының 35 жылында кешегі күні өзінің атын иемденген жаңа технологиялар колледжіне басшылық етті. Осы жылдар аралығында ол колледждің материалдық-техникалық базасын ба­йытты, оның басқа елдердегі деңгейлес білім ошақтарымен байланысын нығайтты. Колледж мұға­лімдерінің біліктілігін ұштауына, мыңдаған студенттердің сапалы, заманауи білім алып, өмірден өз орнын табуына барлық жағдайды жасады.

 

Айта берсек, М.Өтебаевтың білім саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондай-ақ спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, мұқтаждарға қа­йырымдылық көмек көрсету жағынан да ол кісі ерекше дараланып тұрды. Мысалы, М.Өтебаев өзі басқарып отырған колледжден «Арман» атты футбол клубын құрған, оны қаржыландыру үшін орталық стадион аумағынан базар ашқан. Осы «Арман» кейін «Мелиоратор» атанып, футболдан республика чемпионы дәрежесіне дейін көтерілді, КСРО біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді.

 

М.Өтебаев сондай-ақ «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы орталық стадионның өзін де қиын-қыстау кезде колледж балансына алып, қолдап отырды, оған Қажымұқан есімі берілуіне еңбек сіңірді. Ол кісінің бүгіндері мыңдаған адамдар барып, ем алып, демалып қайтатын «Біркөлік» шипажайын жабылудан аман алып қалғаны жөнінде де жұрт жыр қылып айтады.  Бұл шипажай 1990 – 2000-жылдар аралығында аталған колледждің балансында болды.

 

М.Өтебаев Бөржар ауылы жақтан 30 гектар жерге бау егіп, оның өнімдерін сатудан түскен қаржыны колледждің материалдық – техникалық базасын нығайтуға бағыттаған, сондай-ақ балалар үйлеріне көмек ретінде бөлгізіп отырған.

 

Жалпы, ол кісі облысымыздағы бірнеше балалар үйіне қамқорлық көрсетті, 1991-жылдан бастап өз айлық жалақысының жартысын балалар үйіне бөліп отырды. Өзінің жеке қамқорлығына алған балалардың сүндет тойларын жасап берген кездері көп. Қаладағы №3 балалар үйінің 7 тәрбиеленушісіне өкіл-әке болып, олардың әрқайсысының есеп-шоттарына ақша аударып отырды. Өзінің 7 баласымен қоса тағы да 7 баланың жақсы тәрбие, білім алуларына жағдай жасады. Одан бөлек, тұрмысы төмен көптеген отбасылардың балаларына колледжде тегін білім алуға мүмкіндік бергенін де жұрт біледі. Осындай қамқорлықтары үшін ол кісі 2000-жылы ЮНЕСКО-ның Алтын медалімен марапатталған болатын.

 

М.Өтебаевты жұртшылық та сыйлады, құрмет тұтты. Ол кісіге Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларының, Сарыағаш, Ордабасы, Отырар аудандарының Құрметті азаматы атақтары берілді. Ол облыс­тық мәслихатқа екі мәрте депутат болған адам ретінде де көптеген маңызды шаруалардың ортасында жүрді, олардың оңды шешімін табуына еңбек сіңірді. М.Өтебаев білім саласына еңбегі сіңген қайраткер атақтарын да бірнеше мәрте иеленді, көптеген мерекелік медальдармен, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталды.

 

Халыққа қызмет етудің ерен үлгісіндей болған азаматтың өмір жолы осындай. Ол кісінің жақсы аты өшпейді, ал ізгі істері жал­ғасын тауып, ұрпақпен бірге жасай бермек.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ