«Әке-шеше сатамын...»

20.04.2018
Қаралды: 412

Бұл оқиға жапон елінде болыпты. Токионың ең атақты газеттерінің бірі өзгеше хабарландыру басыпты. Мазмұны мынадай: «Әке-шеше сатамын. Әкем 70-те, анам 65 жаста. Бағасы – 1000 иен. Бір тиын да түспеймін!»

 

Хабарландыруды оқыған адамдар: «Сұмдық-ай, ақырзаман деген осы екен-ау! Енді балалар әке-шешесін сататын болған ба?» – деп  таңқалысады. Кейбіреулер оған: «Билік мұндайға қалайша жол берген?» – деп кейіпті. 

 

Хабарландыруға байланысты көп шу шығады. Жұрт біршама уақыт бойы дүрлігеді. Оны үйде,  көшеде, жұмыста бүкіл ел болып ортаға салыпты.

 

Осы хабарландыру берілген газет нөмірі бір жас отбасының шаңырағына да келіпті. Олар жуырда ғана көлік апатынан қайтыс болған ата-анасының асын беріп болған екен. Жоқтау айтып, қайғырып отырған жас отбасы өзге біреудің өз әке-шешесін сатқысы келгенін хайуандық деп бағалайды. «Мұндай ұрпақтан не жақсылық күтуге болады? Байғұс ата-ана қандай күй кешіп жатыр екен?» – деп қатты уайымдайды.

 

Жас отбасы қартайғанда бейшараның күйін кешіп, туған баласы бас тартқан мүсәпір әке-шешені сатып алмақ болады. Оларды үйге әкеліп, перзенттік махаббатқа кенелтейік деп шешеді.

 

Содан ақ ниетті жандар көрсетілген мекен-жайға да жетеді. Келсе, алдарында зәулім үй тұр. Хабарландырудан қате кеткен шығар деп ойлайды жастар. Дегенмен есіктің қоңырауын басып, күтеді. Есікті жасы келген ақсақал ашады. Жылы күлімсіреген ол бұлардың не үшін келгенін байсалды түрде тыңдайды. «Бәлкім, біз адасып кеткен шығармыз?» – десе, ақсақал: «Жоқ, сіздер тура келдіңіздер, Үйге кіріңіздер», – деп жастарды төрге отырғызады. «Қазір мен бәй­бішемді шақырайын», – деп өзі ішкі бөлмеге кіріп кетеді. Кемпірін жетектеп, екеуі тез оралады. Сосын жастарға жағдайды былай деп түсіндірген екен:

 

«Біз осы үйдің иесіміз. Бұдан да өзге құнды дүние – мүлкіміз мол. Бірақ біздің баламыз жоқ. Жиған-тергеніміздің барлығын ертең кімге қалдырарымызды білмейміз. Не де болса иманды, ізгі ниетті, жақсы адамның қолына қалдырайық дедік. Сол үшін өзгеше хабарландыру берген едік. Мұндай хабарға тек ар-намысы мол адам ғана жауап қатар деп шештік.

 

Мұндай тауарға сатып алушы табылатынына күмәнді едік. Сіздердің ниеттеріңіз – абыройлы әрекет. Бізге зор қуаныш сыйладыңыздар. Біз іздеген жақсы адамдар – сіздер екенсіздер. Ендеше біз бар дүние-мүлкімізді сіздерге қалдырғымыз келеді».

 

(Әлеуметтік желіде

жарияланған жазбалар).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ