Айдаһар жылан көрген екен

19.04.2018
Қаралды: 565

Шымкенттің «Құрсай» шағын ауданында Лескүл Шыны­құлова есімді апа (суретте) тұрады. Ол кісі – өмірге 6 ұл, 4 қыз әкелген Батыр ана. Қазір жасы 78-де, бірақ қарт­тыққа беріле қоймаған, елгезек, әңгімешіл жан. Таяуда­ бізге Лескүл апамен сұхбаттас болудың сәті түскен еді, сонда естіген-білгенімізді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

Дұғамен «байланған» алып жылан

 

Лескүл апа қазіргі Ордабасы ау­данына қарасты Қ.Сыпатаев атындағы ауылда туып-өскен екен. Ол  осыдан тура 60 жыл бұрын, 1958-жылғы сәуір айында Қызылкөпір ауылына келін болып түсіпті.

 

«Жол торабында болғандықтан үйімізге қонақ көп келуші еді, – дейді апа. – Дәрілік шөп теретіндер, гүпке қой тоғытушылар, әйтеуір түрлі әрекетпен жүрген адамдар қарасы үзілмейді. Қазан көтеріп, қонақтарға тамақ істеп, шай беріп, үй жұмысының бәрін атқарып, дермене, отын теріп дегендей, қыруар шаруадан тыным таппаймыз. Соның бәріне қа­лай үлгергенімізге қазір таңқаламын. Сөйтіп жүріп балалы-шағалы болып, өсіп-өндік», – дейді апаның өзі.

 

Лескүл апаның жас шағында сы­ры белгісіз тылсым құбылыстарды көрген кездері болыпты. «Қазір айтсақ, кү­лесіңдер ғой, сенбейсіңдер», – дейді ол кісі. Ападан сондай жай­лар жөнін­де айтып беруін сұрадық.­

 

«Бірде далада тезек теріп жүріп зираттың жанынан өттім, – деді апа өзін қатты қорқытқан сондай бір оқи­ғаны есіне алып. – Бұрын мазараттарда қазіргідей ескерткіш-белгілер болмайтын. Қызылкөпір ауылынан біраз қашықта «Қондыбай әулие» деп аталатын жер бар. Сол аумақтағы ескі қорымнан мен бірде алып жылан көрдім. Ол аса ірі еді, сап-сары болып, жалтырап жатты. Басында айдары бар сияқты. Соны көргенде зәрем қалмай қорқып, тұра қаштым, содан үйге дейін тоқтамай жүгірдім. Сосын мазараттан көргенімді атама айтып едім, ол кісі: «Е-е, ол айдаһар ғой. Оны ілгеріде молдалар адам­ға тимейтін етіп дұғамен байлап тастапты. Анда-санда шығып, күнге қыздырынады екен, сондай кезіне тап келгенсің ғой. Қорықпа, ештеңе етпейді», – деді. Атамның бұл сөздері мені тыныштандырғанымен сол жылан көпке дейін есімнен кетпей, қорқып жүрдім».

 

Қара қобызды Балбырауын емші

 

Лескүл ападан біз олар тұрған ауылда Балбырауын Дәрібайқызы есімді тәуіп әйелдің болғаны туралы да естідік. Айтып отырса, бұл кісінің кереметтері көп болыпты.

 

Лескүл апаның енесі Рысқал осы Балбырауын апаның қызы болған. Балбырауын жалғыз ұлы қайтыс бол­ғасын Қызылкөпірдегі қызының үйіне көшіп барыпты. Сол кездері ол кісінің көзі көрмейді, өзі таяққа сүйеніп жүреді екен.

 

«Балбырауын апаның кереметтеріне қайран қалатынбыз. Оған емделуге адамдар көп келетін. Апаның қара қобызы бар, соны сарнатып отырып, дем са­лады. Содан шипа іздеп келген адамдардың дертінен айығып кеткені туралы естиміз. Жұрт ол кісінің тылсым күші барын айтатын, бірақ жас болғандықтан оған аса мән бермеуші едік.

 

Бірде мен сырғамды жоғалттым. Сол сырға арада бір жылдай уақыт өткесін өз-өзінен, көз алдымнан табыла кетті. Оны ұмыта бастағанмын, ойда-жоқтан алдымнан тап болғанына қатты таңырқаған едім. Сосын оны енеме айтқанымда ол кісі: «Әжеңнің сары қыздары әкеліп қойған ғой. Олар үнемі сөйтеді, жоғалған, ұрлан­ған заттарды орнына апарып қояды», – деді. Айтуынша, әжеміздің тапсырмасын орындайтын бір тылсым тіршілік иелері болады екен.

 

Балбырауын әжеге малын жоғалтқандар да көп келетін. Ол кісі ұрланған малдың қайда тұрғанын, оны қалай тап басып тауып алуға болатынын да айтып беретін. Сондай бір мал дауы кезінде ұсталған кінәлі жақ жаратып қойған малдың бодауына жетім қызды берген екен, сол қыз кейін Жиенқұм ауылына тұрмысқа шығып, өсіп-өнді. Жас кезімізде ол туралы жұрттан жиі естуші едік.

 

Күйеуім де Балбырауын апаның тылсым қасиеттер туралы жиі айтып отыратын. Ол қайтер екен деп Балбырауын апаның бәкісін бірнеше мәрте ұрлап алыпты. Оны бір жерге жасырып қойып, қайтып барса, бәкі апаның алдында жатады дейді. Шалым апаның осындай кереметтерін көп еске алатын.

 

Балбырауын апаның емге қолданатын қамшысы да болушы еді. Қай жылдары екені есімде жоқ, бірде Балбырауын апаға бір қойшы келіп, әйелінің ауырып жатқанын айтыпты, апаны ауылына әкетпекші болыпты. Апа оған бара алмайтынын айтып, қалай қолдану керегін түсіндіріп, әлгі қамшысын беріп жіберіпті. Малшы адамның арақ ішетіні бар екен, шала мас күйде кетіп бара жатқанда иттер артынан шабаланып үрсе, қамшыны соларға қарай сілтеп қалыпты. Сол кезде үй ауласында отырған Балбырауын әжені әлдебір қуатты күш біраз жерге дейін лақтырып жі­­беріпті. Содан ол кісінің аяқтары жазылмастай болып бүгіліп қалды. Оны жұрт емшіліктің иесі, қамшының киесінен болды деп айтып жүрді. Осы оқиғадан 4 жылдан кейін Балбырауын апа қайтыс болды. Сол кезде жасы 80-нің шамасында еді», – дейді Лескүл апа.

 

Ол кісінің айтуынша, Балбырауын апа өмірден өткесін оның қобызын бі­реудің алуы керектігі жөнінде әңгіме қозғалады. Ер-азаматардың көбінің «ащы суға» құмар кезі, сондықтан қасиетті қобызды иеленуге ешкімнің жүрегі дау­а­ламапты. Сосын сол кезде атағы шығып тұрған Заманбек бақсыны шақырып, арнайы ас беріп, құран аударып, қобызды апаның Дәрібай әулетінен тараған туыс інісі Өтепбек деген кі­сі­­ге табыс етіпті. Ол да адам ем­депті. Дегенмен сол қобыздың бүгінде қайда сақталғаны белгісіз болып тұр екен.

 

«Адам бойындағы ерекше қасиет ол өмірден өткенде ұрпақтарының біріне берілетіні туралы жиі естиміз, – дейді Лескүл апа. – Қазақтың кейбір сыры белгісіз дерттен қиналатындарды «әруақ қысып жүр» деп айтатыны содан сияқты. Сондықтан әруақ жолын аяқасты етпеу керек дейді көнекөз кісілер».

 

Міне, біз шымкенттік Лескүл Шынықұлова ападан осындай әсерлі әңгіме естідік. Ол кісінің айтқандары кімді де болса бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ