Қысқы азық үшін бірнеше ірі қара, оншақты қой сояды

18.04.2018
Қаралды: 439

Бүгінде әлемнің 32 елінде 5 миллионға жуық қазақ өмір сүруде. Олардың біразы сонау бағзы заманда шекара бөлінуі кезінде сыртта қалса, тағы біразы түрлі себептермен өз Отанынан ажырап қалғандығы тарихтан белгі­лі.  Мәселен, Монғолияның батысында, Ресей және Қытай елде­рімен шекаралас орналас­қан Баян-Өлгий аймағында 100 мыңға жуық қандастарымыз өмір сүруде.

 

Таяуда бізге Баян-Өлгий аймағының Алтай сұмында (ауыл) тұратын қандасымыз Дағыс Қобдахан­ұлымен тілдесудің сәті түсті. Сондағы орта мектепте тарих және қоғамтану пәнінен сабақ беретін ұлағатты ұстаздан біз қандас бауырларымыздың қазіргі жай-күйін, тыныс-тіршілігін сұрастырдық.

 

– Дағыс мырза, қыстан қысылмай, аман-есен шықтыңыздар ма?

 

– Біз жақта қыс қатты болады. Биыл да солай болды. Шүкір, мал-жан аман. Көктемге жетіп, көкке ілініп, қуанып жатқан жайымыз бар.

 

– Естуімізше, ол жақтағы кісі­лер соғымға қатты көңіл бөледі екен. Тіпті бірнеше ірі қара сойып алады дегенді естідік. Осы рас па?

 

– Ол рас. Тұрмыс-тіршілігі орта деңгейдегі отбасылардың өзі бір­неше ірі қара, оншақты ұсақ мал сойып, соны қысқа алдын-ала әзір­леп қояды. Қысымыз суық. Оның үстіне мұндағы тұрғындар шаруашылықпен айналысады. Ауыр жұ­мысқа жарам­ды болу үшін құнарлы тағам жемесе болмайды.

 

– Жалпы, бауырларымыздың жағдайы жақсы ма?

 

– Баян-Өлгийде 43 мектеп бар. Оның екеуі монғол тілінде, бас­қасы қазақ тілінде білім береді. Аралас мектептер де бар. Бас­тауыш сынып оқушыларына сабақ таза қазақ тілінде жүргізіледі. Ал алтыншы сыныптан бастап мон­ғолша оқытылады. Бірақ бұдан жастар қазақ тілін ұмытады деп қауіптенуге негіз жоқ. Себебі аймақ халқының 93 пайызы – қазақтар. Басым бөлігі ана тілінде сөйлейді. «Жаңа дәуір», «Монғол заман», «Білім» деген қазақ газеттері шығады. Қазақ музыкалық театры жұмыс істейді. «Дербес», «Наз» деген телеарналар халыққа қазақ тілінде хабар таратып отыр. Айтпақшы, тәулігіне 1 сағат «Қазақ радиосын» тыңдауға мүмкіндігіміз бар.

 

Халықтың көбі малмен күнелтіп отыр. Құдайға шүкір, жағдай жақсы.­

 

– Наурыз мерекесін қалай қарсы алдыңыздар? Қандай да бір ерекше жөн-жоралғыларыңыз бар ма?

 

– Наурыз мерекесін өз дәре­жесінде атап өттік. Ұлыстың ұлы күніне орай мемлекет бір күнді демалыс ретінде бекіткен. Сондықтан ол күні шеру өткіземіз. Әр үй наурызкөжесін пісіріп, бір-біріне қонаққа барады. Бие байлау, шілдехана, тұсаукесер секілді салттарды орындап, мәре-сәре болады. Біздің өлкеде саятшылық, ат спорты өнері жақсы дамыған. Содан түрлі жарыс­тар ұйымдастырылады. Көкпар тартылады.

 

Негізі социализм дәуірінде біздің көп салт-дәстүріміз ұмыт болып кетті. Мысалы, біздің жақта қызға қалыңмал беру деген жоқ. Тек сырға салады, дастархан әкеледі, болды.

 

– Сонда қалай, қызды тегін аласыздар ма? Ал қыздың ата-анасы артынан төсек-орын, киім-кешегін апарып бере ме?

 

– Иә. Той күні қыздың әке-шешесіне, туған-туысына шапан жабылып, құрмет көрсетіледі. Ал ата-анасы қыздың жасауын міндетті түрде береді. Той үстінде немесе артынан апарады. Бірақ бір ескерер жайт, қыз алған жақ құдаларына жетек деп ат мінгізеді.

 

– Жасыратыны жоқ, біздің жақта мұғалім мәртебесі жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Оларды кейде міндетінен тыс жұмыстарға салады. Ал сіздерде қалай?

 

– Мұғалімдердің жалақысы дол­ларға шаққанда 250-дің кө­лемінде. Күнкөріске жетеді дейміз ғой, дегенмен бұл жалақы аз. Қазіргі қым­батшылық заманда бәріне жеткізу мүмкін емес. Ал енді ұстаздардың беделін айтсам, бізде де оңып тұрғаны шамалы. Тек тұрақты жұмыс, жала­қы дегені болмаса. Мынадай жеңіл­діктер бар: мәселен, 5 жылда бір рет 6 айлық жалақы көлемінде жәр­демақы беріледі. Қалалы жерде тұратын ұстаздар ипотекамен баспана ала алады. Бары осы.

 

– Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қандастарымыз көп пе?

 

– Бұрын атамекенге көше­тіндердің қатары көп еді. Қазір саябырсып қалды. Дегенмен өзім болашақта Қазақстанға қоныс ау­дарып, сонда өмір сүрсем деген жоспарым бар. 2011-жылы Астанаға барып қайтқанмын. Қала бұ­рынғыға қарағанда көш ілгері дамыпты. Шетте жүрсек те атаме­кеннің жағдайының, әл-ауқатының жақсарғанын тілеп жүреміз. Жетіс­тігіне қуанамыз, тілекшіміз.

 

– Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан – С.МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ