Қазақ болғаныма қуанамын

17.04.2018
Қаралды: 352

Ауруханаға барған сайын әкеммен бір палатада жатқан орыс ағайға жаным ашиды. Жасы алпысқа жетпеген адамның жүріп-тұрудан қалғаны қандай қиын десеңші! Сөйлей де ал­майды. Сәл-сәл қозғалысқа келетін жалғыз қолымен ым­дағанын түсіну де оңай емес. 

 

Ал ол біздің әкеме кезекпен барып, жас балаша қасықтап тамағын беріп, тумбочкасын реттестіріп, әңгіме-дүкен құрып, аяқ-қолын уқалап, кітап, газет-журнал апарып, оны бірге талқылап, арасында әзілдесіп алатынымызды көрген сайын көзіне жас алады.  Көзден аққан жасты сүртуге жансыз қол мүмкіндік бермейді бірақ.

 

Неге екенін білмеймін, оның соңынан он күнде де адам келген жоқ. Ешкім іздемеді. Содан өзара ақылдасып, кезегімен әкеме барған сайын сол орысты коляскаға отырғызып, дәлізде ары-бері серуендетеміз. Терезеге жақын апарып, даладағы көктемнің керемет сәттерін көрсетеміз. Тамақты екі адамға арнап апарып, оны да тамақтандырамыз. Сол кездегі көзіндегі ризашылықты көрсеңіз ғой! ­

 

Соңғы кездері ол бізді көрсе өз перзенттерін көргендей қуанатын болды. 

 

Медбикелер орыстың жалғыз ұлы бар дейді. Ол Алматыдан келіп, ақысын төлеп, осы ауруханаға жатқызыпты да, шығатын кезде хабар беріңдер деп кетіп қалыпты. Отбасы, жұмысы бар дегендей... 

 

Осы оқиғадан кейін мен мынадай ойға қалдым: қазақтың көпбалалы болғаны қандай жақсы! Бірі үлгермегеніне екіншісі көмектесіп, бірі кешіксе, екіншісі жетіп барып, бірінде жетпесе, екіншісі қол ұшын созып (т.с.с.) жатамыз.

 

Сондықтан, жас отбасылар, уақыт пен нарықтың қиындығын алға тартып бір-екі баламен шектеліп қалмаңыздар! Қартайғанда қуанышың да, қолқанатың да, қуатың да сол балаларың болмақ. Әрі біздің халықта ата-ана алдындағы перзенттік парыздың орны бөлек қой, шіркін! 

 

Қазақ болғаныма қуанамын!

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ