Павлодар мен Петропавлдың аттары қазақшаланса екен

17.04.2018
Қаралды: 266

Таяуда Президент Н.Назарбаев министрлерге Үкімет отырыстарын қазақ тілінде өткізуге тапсырма бергені белгілі. Соның артынша болған жиналыс мемлекеттік тілде өтті. Өз басым осыған риза болып қалдым, қажет болса, жұрт қазақ тілінде сөйлей алады екен.

 

Содан кейін Үкіметтегі, Парламенттегі орыстілді біраз адамдар қазақша сөйлеуге тырысып, әбіржіді. Енді мемлекеттік тілді меңгеру керегін тереңірек ұғына бастаған болар деп ойлаймын.

 

Жалпы, Президент тапсырмасын орындау барысында өзіндік қиындықтар кездесуі мүмкін. Дегенмен бұл қажеттілікке жұрт үйренуі керек, осыған байланысты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе берген жөн.

 

Бізде бүгінде кейбір жер атаулары әлі де орысша аталады. Ал жақын көршіміз – Өзбекстанда кеңестік кезеңде де бірде-бір облыс атауы орысша аталмайтын. Олар кейін ел ішіндегі көптеген орысша атауларды тез арада өзгертіп тастады.

 

Бізде де мұндай үрдіс жүргені мәлім. Көптеген жерлер өзінің тарихи атауын иемденді. Дегенмен өзгермей тұрған атаулар әлі де бар.

 

Президенттің бірде Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Семейдің атауы «Семипалатинск» деп жазылғанын көріп, облыс әкіміне оны тез арада өзгертуге тапсырма бергені, оның көп ұзамай орындалғаны да менің есімде. Мұны теледидардан көргенмін.

 

Осы орайда маған мынадай ой келеді: Еліміздің солтүстігіндегі Павлодар және Петропавл қалаларының атауын да неге өзгертпеске? Олардың әу баста болған қазақша атауларын қайтару керек. Президент осыған байланысты да тапсырма берсе, ол орындалар еді деп ойлаймын.

 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ