«Қалаулымға» қарсы емеспін, бірақ...

17.04.2018
Қаралды: 244

Мен «Замананың» тұрақты оқырмандарының бірімін. Онда түрлі тақырыпта жарияланған мақалаларды сүйсіне оқимын. Газеттің таяудағы нөмірлерінің біріндегі «Ау, қазақ, арың қайда, намыс­ қайда?» деген тақырыппен басылған мақала мені қатты толғандырды. Сондықтан өз ой-пікірлерімді қағазға түсіріп, «Заманаға» жолдап отырмын.

 

Аталған мақала авторы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Осындай жайларға еліміздің мәдениет са­ласын басқарып отырғандар да жіті назар аударып, тиісті шаралар атқарып отырса болар еді. Әйтпесе ақпарат, өнер, мәдениет салала­рындағы бейберекеттіктің арты жақсы болмайды-ау деген қаупім бар.

 

Мысалы, мен телеарнадан берілетін «Қалаулым» деген бағдарламаның жүргізілуін қолдаймын. Өйткені оның жұбын таба алмай жүргендерді табыстыратынына сенемін. Ал бұл қазіргі кезде керек нәрсе ғой. Өйткені бүгінде елімізде үйленбей, тұрмыс құрмай жүрген сүрбойдақтар көп. Енді біреулері үйленгеніне көп болмай ажырасып та жатыр. Бұл қалпымен кете берсе арты не болады, халқымыз қайтіп көбейеді, ұлан-байтақ жерімізге кім ие болады? Жұртқа осындай ой салуға, сыңарын іздеп жүргендерді табыстыруға «Қалаулым» сияқты бағдарламалар керек деп ойлаймын.

 

Бірақ бір мәселе бар. Осы «Қа­лаулымға» қатысатындарға әдеп, мә­дениет жағын ұмытпаңдар деп ескерту керек, ұрысып-таласпаңдар, сыпайы болыңдар, әйтпесе қатыстырылмайсыңдар деу керек. Онда біреулер аузына келгенді шатып, дауыс көтеріп, өзара ұрысып, тіпті жағаласуға дейін барып жатады. Бізді бүкіл халық көріп отыр-ау деп ойланбайды, қысылып-қымтырылмайды да. Ондайларды бағдарламадан шығарып жіберу керек.

 

Тағы бір айтарым, сол бағдарламаға үнемі қатысып, үмітпен келгендердің ешқайсысын да қаламай жүргендерді де шығарып жі­беру керек. Мысалы, 15 – 20 адамның біреуін де қаламай, қайта-қайта қатысып жүргендер бар. Оларды шығарып жіберсе, кейін басқа қа­тысушылар ойланар еді, үміткерлердің бірін шын таңдауға әрекет жасар еді.

 

Сондай-ақ анау екі баласы бар Зәмираны да бағдарламадан шығарып жіберсе дұрыс болар еді. Өйткені ол сөйлесе бітті, айқайлай дауыс көтеріп, тоқтай алмай, әрдеңені бір айтып кетеді. Мұндай тәрбиелеуден өтіп кеткен, көнбейтін адамдарды бағдарламада ұстаудың қажеті қанша?

 

Сол сияқты, бұл бағдарламаға «Жұлдызды қонақ» шақырғанда жас­тарды емес, өмірден көрген-түйгені бар, жасы 40-тан асқандарды шақыру керек. Өйткені өмірден түйгені аз жастар бағдарламаға қатысқан адамдарды көп сынайды, тура бір бәрін біліп, оқып туған сияқты. Өздері сөздің түбін түсіреді, оларға ешкім жақпайды. Меніңше, үміт­керлерді оларға сынатпау керек, жар керек адамдар бір-бірін өздері-ақ сынап, түсінісіп кетеді.

 

Жастар ондай бағдарламаларға танымал болу үшін ғана баратын сияқты. Олай танымал болуға құ­мартпаған жөн. Адал еңбек етсін, ізденсін, өмірлік тәжірибе жинасын, халыққа шын мәнінде еңбегі сің­сін, сөйтіп танымал болсын. Те­ле­арнаға шығып, құр сөзді сапырып танымал болуға ұмтылудың түк те пайдасы жоқ қой.

 

Ұзын сөздің қысқасы, жұрт жақсы әдеттерге ұмтылса, жастарымыз ертерек отбасын құрып, халқымыз көбейсе, әркім еліміздің дәуірлеуіне өзіндік үлестерін қосса екен деймін.

 

Қуандық АЛТЫНБЕКОВ,

зейнеткер.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ