Ұлтынан безген адам ғана ана тілін ұмытады

18.04.2018
Қаралды: 449

Таяуда талайды бастан кешкен белгілі журналист Әлихан Жаналтаймен телефон арқылы сөйлескенде ана тілі туралы айтқан бір әңгімесі мені толғандырды. Оның айтуынша, өзінің ұлтын менсінбеген, басқа ұлттарға еліктеген адам ана тілін ұмытуға бейім тұрады екен. Оны мұндай қорытындыға әкелген Кәшмірде орта мектепте сыныптасы болған пәкстандық ескі досының жағдайы болыпты.

 

Әлекең "Фейсбукте" іздеп жүріп осыдан бірнеше жыл бұрын, 1960-жылдардың орта тұсында мектепте досы болған бір танысын Швейцариядан табады. Ол сонда жоғары оқу бітіріп, мамандық иесі болып өмір сүріп жатыр екен. Дереу байланысқа өтеді. Сөйтсе, әлгі досы өзінің ана тілі – ұрдұ тілін ұмытып, ағылшын немесе неміс тілдерінде сөйлейтін болыпты. Бірақ әлгі досы жастық шақта Түркияға, одан Германияға кетіп қалған қазақ досының әлі ұрдұ тілін ұмытпағанын білгенде шалқасынан құлай жаздапты.

 

«Бұл қалай? Өзі пәкстандық бола тұра жоғары оқу үшін келген Еуропа елінде 40 жыл ішінде ана тілін ұмытады. Жатжұрттық бір адам өзінен бұрын Кәшмірден кетіп қалса да екінші тіл ретінде үйренген ұрдұ тілін ұмытпай жүреді? Бұған аң-таң болған Әлекеңнің досы мұның сырын сұрайды: «Айтшы, сен ұрдұ тілін Кәшмірден кеткеніңе 50 жылдан асса да қалай ұмытпай жүрсің? Мен неге ұмытып, өзімнің ана тілімде сөйлей алмай жүрмін? Себебі не?» – дейді.

 

Әлекең де аң-таң. Адам өзінің ана тілін қалай ұмытады? Бұл мүмкін бе? Әрі-бері ойланғаннан кейін жауабын таптым дейді де, сөзін былай деп бастайды:

 

«Мен жастық шақта үш тілде сөйледім. Алдымен анамнан да­рыған, көзімді тырнап ашқаннан үйренген және отбасымда сөйлеген қазақ тілі, кейін жер­гілікті балалармен ойнап жүріп үйренген ұрдұ тілі, сосын мектепте үйренген ағылшын тілі. Одан кейінгі жылдары Түркия мен Германияда бұларға түрік және неміс тілдері қосылды. Сөйтіп бес тілді меңгердім. Әйткенмен ұрдұдан басқа төрт тілде сөйлейтін орта бар да, ұрдұ тілін білетін еш адам жоқ еді. Мен ұрдұ халқын және оның тілін жақсы көріп кетіп едім. Сондықтан оны ұмытпауға тиісті болдым. Не үшін? Ары ойланып, бері ойланып жүргенде 1973-жылы Пәкстанға барған сапарымда осының жа­уабын таптым.

 

Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен әкем марқұм Дәлелхан Жаналтай сол жылы мені Төлеген Аланялы деген ағамызбен бірге Пәкстанға жіберді. Қазақтар 1952-жылы Пәкстаннан Түркияға көшкенде Оразай деген (Керейдің ішінде Молқы) бір жас жігіт қалып қойыпты. Соның мекен-жайы табылып, жағдайын білу және мүмкін болса Түркияға көшіріп әкелудің жолдарын қарастыруға тапсырма берді. Барсақ, Оразай Ислам Хан деген бір әкімнің қол астын­да қызмет істеп жүр екен. Бала­лы-шағалы болыпты. Бастапқыда қазақша сөйлей алмады. Үш күннен кейін барып тілі ашылып, қазақша сөйлей бастады. Біз де таңқалдық. Жалғыз жүріп тілді қалай ұмытпадыңыз деп сұрадық. Сондағы жауабы: «Мен Ислам Ханның қойын тауға апарып бағып жүрдім. Сонда тілімді ұмытпау үшін өз-өзіме қазақша сөйлеуді әдетке айналдырдым. Өз-өзіме қазақша бір­деңелер айтамын, сосын тұрған жерімді ауыстырып, соған жауап берген екінші адам болып тағы қазақша сөйлеймін. Сөйтіп қой баққан кездерімде қанша жыл өз-өзіме сөйлеп, ана тілімді сақтауға тырыстым. Бірақ соңғы жылдары балалы-шағалы болып, қой бағудан қалғандықтан өз-өзіме қазақша сөйлегенді тоқтат­қан едім. Әне, сіздер алғаш келген күндері тілім күрмеліп, сөйлей алмай жүргенім содан».

 

Міне, сол шалдың айтқанынан кейін ұрдұ тілін ұмытпау үшін не істеу керектігін үйренген едім. Сөйтіп мен де жалғыз болған сәттерімде өз-өзіме ұрдұ тілінде сөйлесетін болдым. Бірақ мен басқа тағы бір тәсіл таптым. Күнде ұрдұ тілінде өлең тыңдау­ды да әдетке айналдырдым. Тіпті мұсылманшылықтың бес парызы болса, әр күні түнде жатар алдында Пәкстан ұлттық әндерін тыңдауды өзіме мұсылманшылықтың алтыншы парызы сияқты міндет санадым. Сөйтіп ұрдұ тілін сақтадым. «Фейсбук» ашылғаннан кейін содан Кәшмір­дегі жастық шақтағы достарымды тауып, олармен де ұрдұша сөйлесетін болдым.

 

Менің тілімді сақтауым осылай болған еді. Ал енді сенің тілді қалай ұмытқаныңа келер болсақ, меніңше, сен дамыған еуропалық елдерді көргеннен кейін өзіңнің ұлтыңнан жиіркенген екенсің, оны қор көріпсің, безіпсің. Өзге ұлттарға еліктеп, солардай боламын депсің. Содан ана тілің­нен безіп, оны ұмытыпсың».

 

Осы сөздерді айтқаннан кейін әлгі адам ойланып қалған екен.

 

Әлекең телефондағы әңгімесін: «Туған ұлтынан безген адам ғана ана тілін ұмытады. Ұлтын сүйген адам қайтсе де ана тілін сақтайды», – деп түйіндеді.

 

Рахмет, Әлеке, келелі әңгімеңіз үшін! Маған көп ой салдыңыз.­

 

Әбдіуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы,

Мимар Синан көрке­мөнер

университе­тінің профессоры.

(Abaі.kz.)

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ