Шұбайқызылға бардың ба, қызғалдақты көрдің бе?

17.04.2018
Қаралды: 515

Күншуақты Оңтүстіктен бастау алатын  көктем қандай керемет! Даламыз  сан алуан түске боянады. Қызғалдақтар қаптап өскен алқап бейнебір қызыл кілем іспеттес. Айнала-төңіректің аурасы, гүлдердің хош иісі сезіміңді сергітіп, көңіл-күйіңді көтереді. Табиғаттың тамаша көрінісіне тамсана қарай бергің келеді.

 

Сондай қасиетті жердің бірі – Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысы. Ол жыл сайын сәуір айында қып-қызыл кілемге боянады. Қызғалдақ-сарғалдақтар келушілерге керемет көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Мұнда Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Түлкібас аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат, об­лыстық мәдениет басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық­ филиалы және «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, сондай-ақ сол өңірдің тумасы, қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қа­зақстан облысының, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы Мархабат Байғұттың бастамасымен талай ізгілікті іс-шаралардың өт­кізіліп жүр­генінен хабардармыз.

 

Мархабат ағаның елімізде өсетін қыз­ғалдақтарға «Қазақ қызғалдағы», «Алатау қызғалдағы», «Қаратау қызғалдағы», «Қазығұрт қызғалдағы», «Ақсу алауы», «Жабағылы жалауы», «Шұбай­қы­зыл шырайы» деген тамаша атау­лар беру жөніндегі бастамалары біз­ді қуантады.

 

2002-жылы 27 – 28-қарашада Нидер­ландыға жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назар­баевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында айта келе: «Ұлы Жібек жолы» сан ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен тығыз байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кеңінен тарады. Гүл сау­дасында да ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидер­ландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары болып саналады. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз», – деп ағынан жарылған болатын.

 

Ал 2014-жылы 26-наурызда Елбасы Н.Назарбаевтың Нидерландыға жасаған кезекті са­парында оған өзінің фотосуреті бейнеленген голландтық жаңа пошта маркасы таныстырылды. Роттердам қаласында Қазақстан­ның құрметіне «Аста­на» деп аталатын жаңа алаң ашылды. Сондай-ақ мұнда «Президент На­зарбаев» атты қызғалдақтың жаңа түрінің тұсаукесер рәсімі өткізілді.

 

«Біз қызғалдақтың бұл түрін да­йындау үшін төрт жыл жұмыс істедік. Келесі жылы бұл гүлдерді Астана қа­ласында көретін боласыздар. Жаңа сұрып Қазақстан климатына бейім­делген. Сіздердің Президенттеріңізді Нидерландының жақын досы десек болады. Оған деген құрметімізді осы­лайша білдіруді жөн санадық. Жалпы, әлемде Клинтонның, Буштың, біз­дің басшымыздың және тағы бас­қа да белгілі тұлғалардың есімі бе­рілген қызғалдақ түрлері бар», – деді аталмыш қызғалдақ сұрыбының авторы Рини Вагтманс.

 

Көне аңыз-әңгімелерде жаугершілік заманда ел қорғаған батыр бабаларымыздың қаны тамған жерге араға жылдар салып қызғалдақтар қаптап шыққан дейді. Қаннан қалған қыз­ғылт дақтар уақыт өте келе қызғалдаққа айналған көрінеді.

 

Иә, Қазақстанды «Қызғалдақтың Отаны» деп атауға толық негіз бар. Елімізде лалагүлдер, сарғалдақтар тұ­қымдасына кіретін қызғалдақ пен сарғалдақтың мынадай түрлері бар: Ақезу мәрпі, дәрі мәрпі, ақшыл сек­пілгүл, кіші секпілгүл, Алтай жуасы, Алтай күнделгісі, жасыл күнделгі,  Аль­берт қызғалдағы, Альберт сарғал­дағы, ашық құндызшөп, Бема қызғалдағы, Биберштейн қызғалдағы, Борщов қыз­ғалдағы, Бузовский қызғалдағы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жалған түкті қызғалдақ, жа­таған қызғалдақ, имек жеміс тегеурінгүл, күмән тегеурінгүл, Индер шырышы, кеш қызғалдағы, Карелин ринопеталюм, Кауфман қызғалдағы, кәдімгі тау­­­шымылдық, көктем жанаргүлі, ұсақ гүлді жанаргүл, көкшіл жуа, ұзақ тор­лы жуа, қазжуа, қосгүлді қызғалдақ, мамыр інжугүлі, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, Сібір қандығы, Сібір ушырмауығы, Шренк қызғалдағы, Шымған қыз­ғалда­ғы, Тауалға, Сиверцов королько­виясы, Түркістан қызғалдағы, ұзын желайдар және басқа.

 

Осылардың арасынан ала күлте қызғалдағы, ақшыл секпілгүл, Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалда­ғы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жатаған қызғалдақ, Кауфман қызғалда­ғы, кәдімгі таушымылдық, кеш қызғал­дағы, көктем жанаргүлі, Колпаковский қызғалдағы, Корольков қызғалдағы,  Остро­вский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, ұсақ торлы жуа секілді түрлері «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген. Жалпы, 32 қызғалдақ түрінің 11-і елі­міздің эндемигі болып саналады, 16-сы арнайы қорғауға алынып, «Қазақстанның Қызыл кітабына»  енгізілген екен.

 

Олар емдік қасиетке де ие. Қызғалдақ гүлінің пиязшығының құрамында 40 – 60 пайыз крахмал мен қант бар. Оның желектері мен қорапшасы тұқымымен халықтық медицинада бас, бауыр, өкпе ауруларын емдеуге пайдаланылған.

 

Шымкенттегі «Қызғалдақ» деп аталатын субұрқақтың маңы бүгінде студент жастардың сүйікті демалыс орнына айналған. Бозбала-бойжеткендер мұнда жиі-жиі бас қосып, сыр шертіседі. Жыл сайын қаламызда 1,3 миллион қызғалдақ отырғызылады. (Салыстырар болсақ, Қарағандыда 200 мың, ал Таразда 80  мың түп қызғалдақ егіледі екен).

 

АҚШ, Канада, Түркия елдерінде «Қызғалдақтар фестивалін» өткізу игі дәстүрге айналғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Төл қызғалдақтарымыздың қадір-қасиетін арттыратын «Қазақ қызғалдағы», «Шырайлым – Шұбай­қызылым» секілді осындай игілікті іс-шараларды біздің елімізде де ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Бұл шараның көпшілікке, әсіресе жастарға беретін тәрбиелік мәні зор деп есептейміз.

 

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан

мемлекеттік университеті ақпараттық

білім беру орталығының кітапханашысы.

 Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ