АҚШ санкциясы нарықты шайқалтып тұр

16.04.2018
Қаралды: 194

Таяуда АҚШ-тың ресейлік 24 жеке және 14 заңды тұлғаға қа­тысты жаңа санкциялар салғаны белгілі. Олардың қатарында Ресейдің Олег Дерипаска, Игорь Ротенберг, Виктор Вексельберг сияқты алпауыт байлары мен «Рособоронэкспорт», «Русал», «Базовый­ элемент», «ГАЗ» және «Ренова» топтары, «En+Group» сияқты алып компаниялары бар.

 

Лондон металл биржасы да санкция соққысын беруге әзір. Енді бірер күнде бұл биржада ресейлік «Русал» компаниясының (алюминий өндіруден әлемде 2-орын алады) өнімдерін саудаға салу тоқтатылады. Қазірдің өзінде орыс миллиардерлерінің бірер күнде-ақ бірнеше жүз миллиондаған доллар шығынға батқаны жөнінде айтылып жатыр. Яғни осының бәрі Ресей экономикасына ауыр соққы болып тиюде. Солтүстіктегі көршіміздің АҚШ санкцияларына қалай және немен жауап берері әзірге белгісіз.

 

Міне, бүгінде әлемдік екі державаның арасында осындай майдан жүріп жатыр. Санкциялар күшейе түсе ме, әлде қандай да бір келісімдер жасалып, босаңси ма, оны алдағы күндер көрсетеді. Ал әзірге мұның салқыны Ресей қор нарығының шайқалуына, соның салдарынан валюта нарығының құбылуына соқтырды. АҚШ санкция жариялаған күннен-ақ рубльдің халі нашарлап, доллар құны күшейе түсті.

 

Өз кезегінде бұл Ресеймен сауда әріптес ел ретінде Қазақстанға да әсерін тигізіп жатыр. Кешегі сәрсенбіге қарай 1 доллар құны 331 теңгеге дейін жетті. Сарапшылардың болжамынша, доллар бағамының өсуі, тұрақтануы немесе түсуі Ресей мен АҚШ арасындағы «сауда соғысының» қандай бағыт алатынына байланысты болмақ.

 

Бүгінде әлемде мұнайдың баррелі 70 доллар төңірегінде тұр. Сарапшылар бұл біздің экономикаға тиімді дейді, ол Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға тигізетін әсерін аз да болса жұмсартады деп отыр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ