Жиенбеков пен Атамбаев жауға айнала ма?

16.04.2018
Қаралды: 417

Бүгінде Қырғызстан Президенті Сауранбай Жиенбеков пен елді 2011 – 2017-жылдар аралығында басқарған экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ара қатынасы туралы әңгіме көбейіп тұр. Өмірде, қызметте 23 жыл бойы бірге жүрген, әсіресе соңғы 6 жылда араларынан қыл өтпестей болған Жиенбеков пен Атамбаевтың арасы салқындай бастаған сияқты.

 

Таяуда Қырғызстандағы билік партия­сы – социал-демократиялық партияның XVІІ съезі болып өтті. Жиында партия төрағасы болып А.Атамбаев бір ауыздан сайланды. Атамбаев осы съезде Президент Жиенбеков­тің інісі, Жоғарғы Кеңес де­путаты Асылбек Жиен­бековтің мандатын өз еркімен тапсырып,­ Парламенттен кеткені дұрыс болады деген пікір білдірді. «Әйтпесе оның Президентке кесірі тиюі мүмкін», – деді. Жиенбековке өте жайсыз тиетін бұдан басқа да біраз сөздерді ашық айтты.

 

Сондай-ақ Атамбаев Қырғызстанда 2010-жылы болған әйгілі «Сәуір төңке­рісінің» 8 жылдығына арналған жиында сөйлеген сөзінде де Қырғызстан билігінде бұдан бұрын екі рет «отбасылық – кландық биліктің» болғанын, ондайдың қайталануына енді жол бермеу керектігін сөз етті. Міне, осының бәрін бүгінде біреулер «Жиенбековке қарсы жасалған ашық шабуылға» теліп жүр.

 

Сондай-ақ кейбіреулер Атамбаевтың Президент болып тұрғандағы соңғы кадр алмастыруы – Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының орынбасары Райым Матрайымовты қызметінен босатуын да Жиенбековке берілген соққыға теңейді. Жұртшылық арасында «Райым-мил­лион» деген лақап атқа ие болған бұл азаматтың Жиенбековтерге достық жақындығы бар көрінеді. Атамбаев өзі қызметтен кетерде қолында қаржылай мүмкіндігі, ықпалы бар мұндай адамдарды басшылықта ұстауға болмайды деген ұйғарым жасаған екен. Оның: «Коррупцияға қарсы күресетін адамның Райым-миллионер сияқтылармен дос болуына жол жоқ», – деген сөзі де отқа май құя түскендей болды.

 

Ал кезінде Матрайымовтың көп көмегін көрген Жиенбековке бұл жағдай ауыр тиіпті деседі. Өз кезегінде ол да әсіресе сот, құқық қорғау, құқықтық қадағалау органдарын Атамбаевтың адамдарынан тазартпақ ниет­те дегенді айтып жүргендер бар. Бұған оның таяуда болған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коррупцияға қарсы, әсіресе күш құрылымдарындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге қатысты айт­қан сөздері де себеп болды.

 

Қырғызстанның көзі қарақты адамдары бүгінде Жиенбековтің алдында не Атамбаев бастаған істерді жалғасты­рып, оның ықпалында болу немесе өз дербес саясатын жүргізу жолдарының бірі тұр деген пікірде. «Біріншісін таңда­са, өзінің абырой-беделі төмендейді, екінші­сін таңдаса, Атамбаевпен ат құйрығын кесісуіне тура келеді», – дейді олар.

 

Қырғызстанның мемлекеттік басқарудың парламенттік жолын таңдағаны белгілі. Яғни ол алдағы бірер жылда парламенттік басқару жүйесіне өтпек. Атамбаев – осы жолдың жақтаушысы. Ал кей сарапшылар Жиенбеков қолындағы қазіргі билікті пайдаланып Конституцияға өзгеріс ендіруі, Президенттік басқаруды нығайтуы мүмкін дейді. Сөйтіп ол Ақаевтар, Бакиевтер кезіндегідей отбасылық – кландық басқару жүйесін қайта әкелуді көздейді деп жүргендер де жоқ емес.

 

Қысқасы, өздері кезінде әрдайым бір бағытта жұмыс істейтіндерін айтқан қос саясаткердің әрбір қадамы қазір қырғыз қоғамының назарында. Аралары ашылып барады деушілер көп. Әзірге ашық текетіреске бармағанымен де бұл екі азаматтың арасында оған бастайтын жайлардың белгісі бой көрсете бастаған сияқты.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ