Оңалхан апа облыстық прокуратураға үміт артып отыр

17.04.2018
Қаралды: 269

Редакциямызға Оңалхан Жұманова есімді апа (суретте) келді. Ай­туын­ша, ол кісінің 30 жастағы жалғыз ұлы Дәурен 2016-жылы белгісіз жағдайда қаза болған екен. «Бұған қатысты қозғалған қылмыстық іс жол-көлік апатының салдарынан деп жабылғанымен оған күмәнім бар, сондықтан оны қайта тексеріп-тергету үшін ізденіп, құзырлы орган­дарға шағымданып жүрмін», – дейді О.Жұманова.

 

Ол кісі ұлы Дәуреннің 2016-жылы қараша айында қаза болғанын, ал өзінің бүгінде Жетісай қаласында бір үйде жалғыз тұратынын айтты. Айтуынша, ұлы сол кездері таксист болып жүрген. Қайғылы оқиға болған күні полиция қызметкерлері оның көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, келе жатқан көлікпен соғысқан деп айтыпты. Ал О.Жұманова ұлының қазасы жол-көлік апатынан емес, басқадай бір жағдайда орын алып, дұрыс тергеп-тексерілмеген болуы мүмкін деген ойдың өзіне маза бермей жүргенін айтады.

 

«Оқиға жол-көлік апатынан болды деп жабылған, – дейді О.Жұманова. – Бірақ мен оған сенбеймін. Өйткені баламның алған дене жарақаттары көлік соқтығысынан бол­ғанға ұқсамайды. Оған байланысты айтарым көп. Яғни басқадай жағдай орын алған болуы мүмкін деген күдігім бар. Осының анығын білгім келеді, сол үшін ізденіп жүрмін. Енді облыстық прокуратураға шағымданып отырмын».

 

Ол кісі өзінің жазған арызында аталған істі қайта тексеруге байланысты бірнеше талаптар қойып отыр екен. Енді құзырлы органдардың әрекетін күтуде.

 

О.Жұманова Шымкентке келген сапарында «Замана» газетінің редак­циясына да соға кетуді ұйғарған екен. «Ме­нің басымдағы жағдай жөнінде де жазыңдаршы, – дейді ол кісі. – Мақала жа­­рияласаңдар басшылардың бұл іске назар аударуына септігі тиер де­ген үміттемін. Бұл іс әділетті тек­­­серілмесе менің жаным жай таппайды. Біреуден өш алар ойым жоқ. Тек анығын білгім келеді, істің әділетті тексерілуін қалаймын. Құзырлы орындар жал­ғызынан айырыл­ған ананың жанай­қайына құлақ асса екен».

 

Жетісайлық Оңалхан Жұманова апа осылай дейді. Ол кісі тиісті орындардың бұл мұң-зарды далаға тастамайтынына сенгісі келеді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ