Мүслім, Ислам және Имран

13.04.2018
Қаралды: 481

Шымкенттегі №4 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер­лері 2 килодай салмақ­пен туылған үшем сә­­би­­лерді тиісті ем-домын жасап, шаңырақтарына шығарып салды. Балалардың үшеуі де – ұл. Мақтааралдық Маниев­тер әу­летінде дүниеге келген үш атұс­тарға ата-әжелері ырымдап Мүслім, Ислам және Имран деп ат қойды.

 

Үш ұл баланың анасы Қарлығаш Қабыловаға 28-наурызда ота жасалған. Бұл – 25 жастағы Қарлығаштың үшінші рет құрсақ көтеруі. Үшемдердің алдында бір ағасы мен әпкесі бар. Ал Қарлығаш үшем туатынын жүктілігінің алғашқы аптасында-ақ білген екен. 35 аптада, айы-күні толмай туылған сәбилердің әрқайсысының салмағы небәрі 2 – 2,5 килоның арасында болды.

 

Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бөбектер біраз уақыт шала туылған сәбилерге күтім жасайтын арнайы бөлімшеде болған. №4 облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосқан. Олар ақ халаттылардың біліктілігі мен дұрыс күтімінің арқасында аман қалды.

 

...Жалпы, соңғы 10 жылдың ішіндегі санаққа сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 7 – 13 үшем дүние есігін ашады. Осы аралықта Оңтүстікте 81 үшем туылды.

 

Ал облысымызда бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны 800-ге жуық. 10 жылда туылған жергілікті егіздер саны 7 мыңнан асады.

 

Нәрестелердің санына келсек, тек соңғы бес күннің өзінде облыс аумағында 700-ге жуық сәби туылды.

 

2017-жылы облыста 76 мың 353 сәби дүниеге келген. Олардың жартысына жуығы Шымкент қаласында туылған. Бала туу көрсеткіші бойынша алғаш­қы қатарда Түркістан қаласы, Сарыағаш, Мақтаарал және Сайрам аудандары тұр.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық

сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ