Шетелде оқығыңыз келсе, біле жүріңіз

13.04.2018
Қаралды: 130

Бүгінде шетелдерге барып білім алушылар көп. Баруға ниеттенушілер біле жүрсін деген оймен мамандар кеңесін беріп отырмыз.

 

Оқуға баратын елдің тілін меңгеруге тырысу керек. Қалаған мамандықты қай оқу орнынан ала алатыныңызды ертерек анықтап қойыңыз. Өйткені әр университеттің тіл меңгеруге қатысты қоятын өз талабы бар. Мысалы, тест тапсыртады, шығарма жаздыртады, қалаған мамандығына сай пәннен емтихан алады, тағы басқа.

 

Алматы мен Астанада, Павлодарда талапкерге бұл жөнінде көмегін көрсететін арнайы орталықтар көп. Шетел тілдерін оқытады, арнайы тест тапсыруға даярлайды. Мысалы, ағылшынтілді барлық оқу орындарына түсу үшін ҮELTS, TOEFҮ деп аталатын тесттерден өтеді. Таңдаған оқу орныңызға өтініш, құжаттар өткізуге көмектеседі. Әрине, тегін емес, ақысына.

 

Ал оқу ақысы таңдаған ел мен ондағы жоғары оқу орнының ерекшелігіне байланысты. Англия мен АҚШ-та оқу ақысы қымбат, тамақ пен жатын орынға да аз ақша кетпейді. Ал Чехия, Қытай, Малайзия елдерінде оқу ақысы біршама арзан саналады. Тек ағылшын тілімен қоса сол елдің тілін де меңгеруге тура келмек.

 

Шетелде ақысыз оқуға да болады. Ол үшін «Болашақ» сияқты арнайы бағдарламаға ілігу керек. Кейбір оқу орындары пайызсыз несие алу арқылы оқуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ондай оқу орындарын интернет арқылы табуға да болады. Грант пен ақысыз оқуға түсу талаптарымен танысып алған адамға біршама оңайға түседі. Бүгінде осындай жол тауып, шетелдерде тегін оқып жүргендер де аз емес.

 

Ең сапалы білім беретін елдер жөнінде де біле жүріңіз. Олар мыналар: АҚШ, Англия, Шотландия, Ирландия, Испания, Германия, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Чехия, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері.

 

Шетелдерде арнайы тіл курстары да жұмыс істейді, тіл үйрену сабақ оқу және жұртпен тікелей араласу арқылы жүзеге асырылады. Адамға тіл үйрену үшін екі-үш ай жеткілікті. Бұл тұрғыда ең тиімді елдер АҚШ, Англия, Шотландия, Ирландия, Мальта мен Малайзия болып табылады.

 

Шетелге оқуға 11-сыныптан соң бірден түсу қиын. Өйткені көп елдерде орта білім беру, жоғары оқу орнына түсу талаптары басқаша. Сондықтан шетелде оқуға ниеттенген­ бала бұған 11-сыныпқа жетпей жатып-ақ дайындалуы керек. Тіл үйрену міндетті, басқа да­ дайындықтар жоғары дәрежеде болуы қажет. Тілді жақсы меңгергені туралы арнайы сертификат болғаны жақсы. Одан бөлек, арнайы тесттерден баға жоғары болуы керек. Талапкердің табандылығын, ізденімпаз, біліктілігін көрсететін мінездеме жақсы болуы шарт. Сондай-ақ шетелде оқуды қамтамасыз ете алатын қаржылық жағдай болуы маңызды. Сол сияқты, жақсы оқыған жағдайда стипендия, грантқа қол жеткізіп, ахуалды жеңілдетуге мүмкіндік бар. 11-сыныптан соң осылайша шетелге оқуға түсе алсаңыз, онда сізде мақсатқа жетуге деген жол біршама қысқарады, жеңілдейді. Жақсы, сапалы білімді дер кезінде аласыз. Өзгелер оқуға енді түскенде сізде бакалавр болып шығуға мүмкіндік бар.

 

Дегенмен мұндайға екінің бірі жете бермейді. Себебі салмақ ауыр, түрлі стрес­тер күтеді. (Климат ауыстыруға, оқуға үйренуге, тіл меңгеруге, т.б. қатысты).

 

Жалпы, 11-сыныптан соң шетелге оқуға түсуді ниет етсеңіз, онда мынадай жайларды алдын-ала реттеп қойыңыз:

 

1) Оқуға баратын ел мен ондағы университетті ертерек табыңыз. Мүмкін болса, оған барып, танысыңыз, өз мүмкіндіктеріңізді саралаңыз.

 

2) Қажетті шет тілін меңгеруге барынша күш салыңыз.

 

- 11-сыныпта жүріп-ақ халықаралық тіл үйрену бойынша емтихандардан өткеніңіз туралы сертификат алыңыз.

- Университеттің шетелдік студенттерге қатысты талаптарымен танысыңыз. Өз мүмкіндік­теріңізді осы талаптарға сай етуге күш салыңыз.

- Мұғалімдеріңізден дұрыс жасалған ұсыныс-хаттар алыңыз.

- Университетке түсуге қажетті құжаттар тізімімен танысыңыз, оларды алдын-ала әзірлеп қойыңыз.

- Шетелге шығуға мүмкіндік беретін паспорт, виза деген нәрселерді де алдын-ала әзірлеп қойыңыз.  

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ